Адырна. 1. Кездік (оқтың кезін қондыратын бөлік). 2. Бармақтау (садақ атқан кезде бармақ пен оқ қабысатын тұс). 3. Ұзынырғысы (корпус). 4. Бүктемелі түйіншек. 5. Тұзақша.
Этнограф-зерттеуші А.Қалиолла «адырна» атауын садақтың жалпы нұсқасы деп түсінген де, нағыз адырнаны «кіріс» деп атапты. Бұл – қате. Адырна дегеніміз – садақтың оғын атуға арналған қатты жіп немесе қайыс. Моңғолиялық қарутанушы ғалым Ж.Базарсүрэннің еңбектерінде адырнаны бұғы, сиыр, жылқы, түйенің шикі сирақ терісінен тілінген таспаны ширату арқылы жасайды. Сонымен қатар өрілген кендір немесе берік мата жіптен, тіпті аңның тарамысын тарқатып, жіптікпен де жасайтыны туралы жазыпты (Ж.Базарсүрэн. Чингис хааны цэргийн зэр зэвсэг. Ұланбатыр. 2009 жыл. – 118-б)
Моңғол тілінде адырнаны «көбші» («хөвч»), яғни керме жіп дегенге жақын ұғымда айтады. Осы «көбші» атауын атақты лингвист-ғалым, моңғолша-қазақша сөздіктің авторы Базылхан Бұқатұлы қазақша «адырна» деп аударып, оған садақтың тартпа қайысы деген түсінік беріпті (Б.Базылхан. Моңғол-қазақ сөздігі. Ұланбатыр – 1984. 603-б).
Сондай-ақ атақты «Мукаддимат әл-адаб» сөздігінде «Numunu kubs», яғни «Садақтың жібі (қайысы)» деп атаса, моңғол тілінің түсіндірме сөздігінде адырнаға «садақты майыстырып тартатын қайыс» деген анықтама беріліпті. Бұдан шығатын қорытынды: «адырна» дегеніміз – садақтың жалпы, атауы емес, садақтың екі сұғын керіп ұстап, жебелі оқты ату үшін қолданатын керме жіп.
Адырнасын атқа алған,
Атқан оғын тайға алған.
(Шалкиіз жырау)
Қары ұнамы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті.
(Қазтуған жырау)
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен.
Маман садақшылардың айтуына қарағанда, адырна 0,8-1 мм жуан әрі жұмыр болады. Садақ оғының жылдамдығы осы адырнаның серпінділігіне байланысты. Бұл бұйым берік жіңішке жіпті 52-64 дүркін өрмелеп шалу арқылы жасалады. Басты шарт, адырна ешқашан созылып кетіп, сапасын жоғалтпайтын болғаны жөн. Грек ойшылы Плутарх айтады: «Далалықтардың жауынгерлері садағының адырнасын шертіп ән салады» деп.
Этнолог ғалымдар «адырна» сөзінің түпкі мәні түркі-моңғол тілдерінде «жан-жаққа шашырау, бөліну, ыдырау» мағынасын білдіреді (Пекарский. Сл. якут. яз. Малов. Пам. др. письм., 345-б) дейді.
Бүктемелі түйіншектің байлауы
Тағы бір құнды деректе: адырна – оқты садақтан ажырату дегенді білдіреді (Будагов. Ср. сл. тур.-тат. нар) десе, қазақ тілінің этимологиялық сөздігінде: «Садақтың оқ салып тартатын кермесі, атылатын оқты ұшыру үшін садақтың екі басын керіп байлаған баулық» (А. Ысқақов, Р. Сыздықова, Ш. Сарыбаев. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі, Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, Алматы -1966. - 240 б) деп жазылыпты.
Сол сияқты, «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». Энциклопедия. 1-том. – Алматы: DPS, 2011. – 738 бетінде: «Садақтың екі басын иіп ұстап тұратын, жебені тіреп ату үшін керіп байланған қайысты тілдік деректерде адырна деп атайды. Адырна көбіне бұғы, бұлан терісінен, кейде жібек жіптен жасалады» деп тұжырым айтса, келесі бір деректе: «Адырна дегеніміз – садақтың керме қайысы. Өгіздің жон терісінен жасалады да, садақ ағашының екі басын иіп ұстап тұрады. Осыдан садақ серіппелі болады» (Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. Алматы: "Сөздік-Словарь". 1997.- 368 б) деген анықтама беріліпті.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, адырна – садаққа байлайтын, қайыстан өріп жасалған бау (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», т. 44: Батырлар жыры. – 2007. – 496 б). Кейбір фольклорлық шығармаларда адырнаны «кіріс» немесе «қандіке» деп атағаны байқалады.