Спорт • 20 Тамыз, 2024

Тас көтеретін толағайлар

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының Этноспорт аламанында толағайлар тартысы тұңғыш рет ұйымдас­тырылмақ.

Тас көтеретін толағайлар

Powerful nomad. Күштілердің сайысы да Дүниежүзілік дода­ның бағдарламасына енген бұл спорт түрінен әр елден бір спорт­шы, бір бапкер, бір төреші және бір команда жетекшісі қа­ты­сады. Толағайлардың тартысына қатысатын балуандардың жасы 18-ден асуы міндетті және салмағы 90 килодан жоғары болуға тиіс. Дүние­жү­зілік көшпелілер ойындарын­да күштілердің сайысына қаты­сатын алыптар алдымен 100 кг тартатын тасты 10 метрге дейін көтеріп өтуі керек. Содан кейін 100 кг қапты иығына артып отырып тұруға тиіс. 10 кг салмағы бар найзаны бір қолымен қа­шық­тыққа лақтырып күшін сынайды. Одан кейін 130 кг тартатын жуан бөренені көтеріп отырып тұрады. 200 кг жүк тиелген арбаны қашықтыққа сүйреп те қайратын көрсетеді.

Этноспорт ойындарының бағ­дарламасына алғаш рет енгі­зілген сайыстың мақсаты – ел ішіндегі атан жілік, апайтөс ер­лердің ерен күшін насихаттау, таланттарды халыққа таныс­тыру. «Толағай» алыптар сайы­сының негі­зін қалаушы Те­мір Спатаев этноспорт аламанында орасан күштің иелері де өз өнерлерін паш етіп қана қой­май, бабаларымыздың рухын да әйгілейтінін айтады.

«Кешегі Қажымұқан, 815 кг тартатын тасты көтерген Балуан Шолақтай алыптардың бүгінгі ізін жалғар ізбасар ұрпағының бар екенін паш еткіміз келеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында толағайлар арба­ны құм үстінде сүйрейді, кісі­нің құлашы әзер жететін жуан бөренені иығына салып, уақытқа жарысады. Етігімен су кешіп, ер үстінде кірпік ілмей, еліміздің тыныштығын, жеріміздің бүтін­дігін күзеткен батыр бабала­ры­мыз­дың рухын әйгілеу мақса­тын­да найза лақтыру сынын да сайыс бағдарламасына қостық. Сал­мағы 10 кило тартатын найзаны құлаштай алысқа сермеу де орасан күшті талап етеді. Астана қаласында өтетін сайысқа бірнеше елден спортшылар қаты­сып, өздерінің бойындағы сам­дағайлығын көрсетеді. Елі­міз­ден қатысатын балуандарды іріктеу бірнеше кезең бойынша өтіп, кіл мықтының арасынан шын мықтылар суырылып шықты. Енді олар көшпелілер ойындарында ел атынан додаға түседі», деді Т.Спатаев.

Күштілердің аламаны «Қа­занат» атшабарының маңы­нан бой көтеретін «Көшпе­лілер ғаламы» этноаулында 11 қыр­күйекте өтеді. Дүбірлі додаға Испания, Қытай, Оман, Беларусь, Армения, Пәкістан, Үндістан, Тәжікстан, Қырғызстан, Кувейт, Ресей, Өзбекстан елдерінен спортшылар қатыспақ.