Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында сынға түсуге 35 мемлекеттің мергендері өтініш жолдаған.
«Елордада өтетін сайысқа өтініш жолдаған елдердің делегациясын тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Спортшыларымыздың дайындығы жақсы, дейтұрғанмен Мажарстан, Қырғызстан, Малайзия, Түркия, Ресей сынды мемлекеттен келетін садақшылардың да шеберлігі жоғары. Бірақ төл спортымыздан өз жерімізде өтетін аламанда саңлақтарымыз барын салып, ел мерейін үстем ететініне сенімдіміз», деді Д.Ахметов.
Ұлттық құрама мүшесі Бақберген Сәлімов орасан жауапкершілік жүктелетінін айтты.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы доданы ұйымдастыру мәртебесі бізге бұйырды. Өз жерімізде өтетін сайыста барымызды саламыз. Қалың жанкүйердің де зор сенім артып отырғанын білеміз. Сайыс өтетін алаңда жаттығу жүргізу біз үшін де зор мүмкіндік болып отыр. Өйткені жер жағдайын толықтай зерделеп, климатын, желдің қай бағытта соғатынын бағамдап, алдын ала зерттеп келеміз», деді садақшы Б.Сәлімов.
Әйелдер арасында сынға түсетін Ажар Рахметқызы айтулы доданың басталуына санаулы күн қалғандықтан, дайындық жұмысы күшейтілгенін жеткізді.
«Бізден қалың көрермен тек алтын медаль күтетіні белгілі. Жанкүйерлердің сенім үдесінен шығудан аянып қалмаймыз. Дәстүрлі садақ ату спортының елімізде кең қанат жаюына Дүниежүзілік көшпелілер ойындары серпін беретіні сөзсіз. Замандастарымыздың арасында ұлттық спортқа қызығушылар қатары артып келе жатқаны қуантады», дейді мерген қыз.
«Дәстүрлі садақ ату» федерациясы да Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында дәстүрлі садақ атудан сынға түсетін мергендердің өнерін көрермендер «Көшпелілер ғаламы» этноаулының алаңында тамашалайды.
Дәстүрлі садақ ату сайысына қатысушы мергендердің жетекшілері, яғни әр елден келген команда басшылары 8 қыркүйекте мандаттық комиссия талқылауына қатысады. Мергендер додасына қатысатын спортшының садағы, жебесі талапқа сай болуы қатаң ескеріледі. Әр елден келетін команда құрамында 18 жастан асқан 6 ер, 4 әйел садақшы додаға қосылады.
Дәстүрлі садақ атушылар Астана төрінде өтетін көшпелілер ойындарында бірнеше нысанаға тигізуден сайысқа түседі. Түріктің «Пута» деп аталатын нысанасына ерлер 70 метр қашықтықтан ататын болса, әйелдер 60 метрден көздейді. Қазақтың «Qalqan» деп аталатын нысанасының диаметрі 60 см болады. Түріктің пута нысанасына қарағанда қашықтық жақындау: ерлер 60 метр, әйелдер 50 метрден адырнасын тартады. Жамбы нысанасында жерден 170 см биікке ілінген жамбыны қағып түсіру үшін ерлер де, әйелдер де 30 метр қашықтықтан шеберлігін сынайды. Дәстүрлі садақ атудан командалық сайыс та осы жамбы ату стилі бойынша өтеді.
Дәстүрлі садақ атудан Түркия елінің мергендері өте тегеурінді. Себебі бұл елде бірнеше жылдан бері халықаралық турнир тұрақты өткізіліп келеді. Садақ атуды кәсіби спорт ретінде танып, ерекше көңіл бөледі. Мажарстанның да садақшылары қиядағыны қағып түсіретін деңгейде. Қырғыздар мен тәжіктер де садақ атуға айрықша көңіл бөліп, дамуына серпін беріп отыр.