Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бәйгетөбеде бәсеке жоғары
Этноспорт олимпиадасында бәйге түрлерінен елімізден қатысатын тұлпарларды іріктеу кезеңдері аяқталды. Бәйге федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен әр өңірде өткен іріктеу додаларына атбегілер бабын келістіре жаратқан жүйріктерін қосып, айтулы аламанға жолдама олжалаған жандар әзірлікті пысықтап жатқанын жеткізді.
«Дәстүрлі бәйге түрлерінен, яғни аламан, топ бәйге, жорға, құнан жарысынан іріктеу бірнеше кезең бойынша өтті. Бұған еліміздің барлық аймағынан атбегілер жүйрігін әкеп қосты. Бәйге түрлерінен әр кезеңде жүлделі орындарға ие болған жүйріктердің иелері енді Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бағын сынап, ұлы аламанда ат жүгіртеді. 2010 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып, этноспорт олимпиадасы деп те атайды. Екі жылда бір рет өтетін додада атбегілер тұлпарларының сүрінбей, алдына қара салмай, топтан озып келгенін қалайды. Бұған дейін Қырғызстанда өткен көшпелілер ойындарында біздің атбегілердің баптап қосқан сәйгүліктері бәйгенің алды болды. Бұл жолы да сол межеден көрінуге барын салмақ», дейді А.Бимен.
«Қазанат» атшабарында бәйге түрлерінен сайыс 13 қыркүйекте өтеді. Құнан бәйгеге қатысатын тұлпарларды шабандоздар 11 шақырым қашықтыққа сынайды. Бәйге федерациясының ережесіне сай өтетін додаға қосылатын шабандоздардың жасы сегізден асуы міндетті, салмағы да 26 кг-дан жоғары болуға тиіс. Құнандардың да жасы екіден асуы керек. Яғни құнанға жасы жетпейтін тай не болмаса дөнен шыққан жүйрікті додаға қоспайды. Шетелден келетін қатысушылар құнан бәйгесіне үш тұлпар, үш шабандоз қосады. Аттарды баптайтын үш бапкер және бір команда жетекшісі болады. Еліміздің атбегілері үшін жолдама саны – алтау. Республикалық іріктеу кезеңінде топ жарған алты құнан бәйгеге түседі.
Кесе тұяғымен көкжиекті шаңға көметін аламан бәйгені тақым қысып күтушілер көп. Себебі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бас бәйгесін олжалаудан қырғыз атбегілері де дәмелі. Олар да аузымен құс тістеген желге жеткізбес жүйріктерін жаратып әкелмек. Әсіресе қалың көпшілік қырғыз жерінде өткен аламан бәйгелерде иесінің мейманасы тасып пәтер, көлікке ие болып, қомақты қаржылай сыйақыға кенелген Қарақыз атты тұлпардан үміт күтеді. Шашасына шаң жұқпайтын жүйрік еліміздегі дүбірлі бәйгелерде де аламанның алды болып, даңқы жайылды. Көршілес Ресейден де атбегілер Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына жүйріктерін қосуға қам жасап отыр. Бәйге федерациясының ережесіне сай өткізілетін аламанда 8 жастан асқан шабандоздар тақымдаған тұлпарлар 25 шақырымды бағындырмақ. Аламан бәйгеге 3 жастан асқан тұлпарлар қосылады. Әр елден келетін делегация аламан бәйгеге тек үш аттан қосуға мүмкіндік алса, өзіміздің алты атбегі тұлпарына сенім артатын мүмкіндік туып отыр.
Шын жүйрікке тұсау жоқ
Атбегілер елімізге асыл тұқымды жылқы жануарын шетелден, әсіресе Еуропа мемлекеттерінен әкеліп жүр. Таза қанды жүйрік жылқылардың әлемдік аукционына үнемі қатысып, тұлпар болар қылқұйрықты тап басып танитын белгілі атсейіс Серік Маймақов Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысып, аламан бәйгенің бас жүлдесін қанжығасына бөктеру әр атбегінің арман-мақсаты дейді.
«Оның үстіне әр елден келетін хас тұлпарлар өзіміздің жүйріктермен бірге додаға қосылады. Жалпы жүлде қоры тым қомақты болмағанымен де, сайыстың даңқы мен мысы басым. Қырғыз елі 2014 жылдан бастап үш мәрте Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын ұйымдастырды. 2016 жылы Ыстықкөлдің жағасында, Шолпан-Ата қаласында өткен ІІ этноспорт додасының аламан бәйгесіне Сүлікқара деген тұлпарымды баптап апардым. Өз жерінде өтіп жатқан дүбірге толы көшпелілер ойындарында қырғыз атбегілері бас бәйгені өздері олжалайтынына бек сенімді еді. Оған бір себеп Сүлікқара Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аламанына қосылғанға дейін ірі бәйгелерде топ жарып аты жайыла қоймаған. Олар соны бағамдады ма, аса қатты бәсекелес тұта қоймады. Шын жүйрікке қашанда тұсау жоқ, аламан бәйгенің соңғы айналымына дейін топ ішінен суырылып шықпай, алдын ала дараланбаған тұлпарым мәреге жақын қалғанда жұлдыздай жүйткіп, өзгелерінен оқ бойы озып жеткенде қырғыз атбегілері кәдімгідей қызғанды. Сенсеңіз, аламан бәйгенің екінші жүлдесі де елімізден ат қосқан атбегіге бұйырды. Айырқалпақты ағайындарымыздың мақтаулы тұлпарына ұлы аламанның үшінші орны бұйырды. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының атағынан ат үркеді. Сондықтан да өз жерімізде өтетін бәйгеде атбегілер тұлпарының оза шауып, алдымен келуін тілейді. Бұл жолы да сәйгүліктеріміз сүрінбей, шабандоздарымыз жығылмай олжа салса дейміз», дейді С.Маймақов.
Белгілі атбегі жыл сайын Польша, Ресей, Германия, Франция елдерінде өтетін аукциондарға қатысып, жүйрік жылқыларды тап басып танып, сатып алатынын айтады. Биылғы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Мамайқара тұлпарын қоспақ. Ресейден сатып әкелген тұлпары былтыр да дәстүрлі бәйгеден өткен айтулы аламандарда оза шауып, қомақты жүлде олжалағанын айтты.
«Мамайқара тұлпарымызға былтырғы қыста кесел жабысып ауырды. Екі өкпесі демігіп, тыныс алғаны қиындады. Жүдеп-жадап кетті. Өліп қалатын шығар деп қауіп етіп едік, жоқ, беті бері қарады. «Ат арыса – тулақ» деп осындайдан айтады екен бабаларымыз, қатты жадау тартып кетті. Содан оңалып жазылған соң жаздай бәйгеге қосылды. Былтыр тамыз айының соңын ала Абай облысы Таскескен аулында аламан бәйгеде жеке-дара келді. Одан кейін бір апта уақыт өткен соң, Жетісу жерінде Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толған тойда жүлдеге ілінді. Ертеректе он күн ішінде еліміздің батысында бәйгеге қосқанда, одан кейін шығыста болатын додаға салғанда сенімді болатын едік. Өйткені бұл жануар зар күйіне тез келеді. Былтыр ауырғаны айтарлықтай әсер етті деп те ойлаймын», деген атбегі тұлпарын көшпелілер ойындарының аламанында сынайтынын айтады.
Алматылық атбегі Ержан Ақтасов «Равшан» деп аталатын тұлпарымен топ бәйгеде қара үзіп келіп, жолдама алғанын айтады.
«Көшпелілер ойындарына алғаш рет жүйрік жаратып қосқалы отырмыз. Бағлан Нұрбосынов бұл тұлпарды Ирландиядан сатып әкеліп еді. Өзі өте шыдамды, мінезді. Бұған дейін Алматыда ұшқыр бәйгеге қосып бағын сынап едік, жолы болмады. Тәуекел деп дәстүрлі бәйгеге қосып көрдік. Павлодар қаласында өткен көшпелілер ойындарына іріктеу сынында топ бәйгенің алды болып келді. Араға аз күн салып, Баянауылда академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толған тойда топ бәйгеге қостық, сенімді ақтап бірінші келді», дейді Е.Ақтасов.
Атсейіс Алматыда өткен іріктеуде Сениорита атты құнаны үшінші орыннан көрініп, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына жолдама иеленгенін жеткізді. Бәйге түрлерінен негізгі бәсекелестік еліміздің жүйріктері арасында өрбиді деген пікірді алға тартты білікті маман. Дегенмен де қырғыз атбегілерінің баптауындағы тұлпарлардың да қарымды екенін естен шығармауды ескертті.
Алматы қаласында өткен іріктеудің екінші кезеңінде аламан бәйгеге 39 тұлпар қатысқан еді. Қалың жүйріктің арасынан озып шыққан үш тұлпарға Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысу жолдамасы бұйырды. Соның бірі – Жамбыл облысы Қордай ауданы Сұлутөр аулының тұрғыны Сәбит Әлібектің «Күрең аты». Дүбірлі додада екінші орын иеленген тұлпардың бабын келістірген атбегі Азамат Мырсалымов жүйрігін арнайы көшпелілер ойындарына қосу мақсатында баптап отырғанын айтты. Тіпті Алматы қаласында өткен іріктеу кезеңіне дейін басқа бәйгеге қосып, көп алдына шығармаған екен.
«Тұлпардың тектілігі шығар, соңғы айналымда тізгінді сәл босатсаң болды, қарқынға қарқын қосып, арынын күшейтеді. Алдына қандай жүйрік түссе де сонымен құйысқандасып, тіпті басып озуға өршелене ұмтылатын қасиеті ерекше ұнайды. Көшпелілер бәйгесінің іріктеу кезеңіне қосарда қалайда үштікке енеді деп сенім артып едік, екінші орын иеленіп, мерейімізді асырды. Енді көшпелілер ойындарына алаңсыз әзірлік жүргіземіз», деді А.Мырсалымов.
Топ бәйгенің қатысушылары 18 шақырымға ат айдайды. Бәйге түрлерінде жылқы тұқымына ешқандай шектеу қойылмайды. Асыл тұқымды болса да, қолтума тұлпарлар да додаға түседі. Ал Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жорға жарысына қосылатын жүйріктер 9 шақырым қашықтыққа бақ сынайды. Еліміздің атбегілері негізінен көршілес Ресей мен Қырғызстанда жорға баптап отырған атбегілерді басты бәсекелес санайды. Қарағанды облысының тұрғыны Дулат Байешовтің жорғасы Павлодар қаласында өткен іріктеу кезеңінде топ жарып, ұлы дүбірге қатысу мүмкіндігін иеленді.
Кейінгі жылдары дәстүрлі бәйге түрлері ғана емес, классикалық ұшқыр бәйгенің де танымалдылығы артып, қызығушылар қатары қалыңдай түсті. Оған, әрине, әйгілі Кабирхан тұлпардың да тигізген үлесі зор. Алматы атшабарында бауырын жаза, қолтығын сөге додаға қосылып, танымалдылығы артқан тұлпар Ресейде де ұшқыр бәйгенің алдын берген жоқ. Кейін араб елдерінде өтетін әлемдік аламанға қосылып, жұлдызы жанды. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ұшқыр бәйгеге қосылатын тұлпарлар халықаралық таза қанды жылқы кітабына тіркелген, төлқұжаты бар ағылшын тұқымды жүйріктер қосылады. Ұшқыр бәйгенің әр қашықтық бойынша сайыстары «Qazaq Jockey Club» халықаралық қоғамдық ұйымының ережесіне сәйкес өткізіледі. Шабандоздарға арнайы киім кию міндеттеледі.
Шабандоз мәдениеті – елдікке сын
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында дәстүрлі бәйге түрлері Бәйге федерациясының жарғысына сай ереже бойынша өтетіні белгілі. Мұнда, ең алдымен, тәртіп, қауіпсіздік қатаң талап етіледі. Шабандоз балалардың басына дулыға киюі міндеттелмек. Сонымен қатар бәйге кезінде түрлі қысастық жасап бірін-бірі ғайбаттауға, атын немесе шабандозды сабауға мүлдем рұқсат етілмейді. Төрешілер атшабар алаңын айнала әр тұстан жіті бақылап қадағалайды. Егер де шабандоз балалар тәртіпке бағынбаса, атбегілердің жөнсіз әрекетке барғанын байқаса, бірден жарыс жолынан шығарылмақ. Себебі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын төрткүл дүние тамашалайды.
Ұлттық құндылығымыз да дәріптелетін дүбірлі доданың жоғары деңгейде өткені баршаға абырой. Бәйге федерациясы шабандоздарды өзге мемлекеттен келетін қонақтар алдында абыройлы болып, үлгі көрсетуге үндеп отыр.