Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын қабылдайтын спорттық нысандардың жөндеу жұмыстары толыққанды аяқталды ма?
– Қазіргі таңда барлық нысан дүбірлі доданы қабылдауға дайын. Көшпелілер ойындарының инфрақұрылымын қалыптастыру үшін додалар өтетін спорттық кешендердің көпшілігі бір сызық бойымен орналасуына баса мән берілді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының инфрақұрылымы «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты бірнеше нысанды қамтиды.
«Қазанат» ипподромы мен Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құс салудың ұлттық түрлерінен жарыстар, ат үстіндегі сайыстар өткізіледі. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес, жекпе-жек сайыстары және халық ойындарынан жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша дода ұйымдастырылады. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ДКО Аккредиттеу және Жабдықтау орталықтары орналасады.
«Қазанат» ипподромының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес аумақта бой көтеретін «Көшпенділер ғаламы» этноаулы мәдени бағдарламалар алаңына айналады. Сондай-ақ басқа да іс-шара Астана қаласының әртүрлі нысанында (алаңдарда, саябақтарда, басқа да қоғамдық орындарда, театрларда, концерт залдарында, кинотеатрларда, мұражайларда, көрме павильондарында және т.б.) өткізіледі.
Ойындардың ғылыми бағдарламасының іс-шаралары елордадағы Ұлттық музейде өтеді.
– Көшпелілер ойындарына келетін елдердің нақты саны қанша, қай елден келетін спортшылардың шоғыры қалың болмақ?
– Бүгінгі таңда 89 мемлекет VДүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысатынын растады. Қатысушылардың географиясы кеңейіп, әр құрлықты қамтымақ. Одан сырт Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы, Гамбия мемлекеттерінен алғаш рет көшпелілер ойындарына қатысушылар келеді. 2014 жылдан бері ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына барлық құрлықтан елдер қосылды. Ойындарға АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Аустрия, Италия, Франция, Норвегия, Швеция және Швейцария сынды елдер ерекше ықылас танытып отыр.
– Этноспорт ойындары үш бағытта өрбитіні аян. Спорттық сайыстар, мәдени іс-шаралардан сырт ғылыми өрістің тақырыбы қандай мәселелерді қамтиды?
– Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында 9-11 қыркүйек аралығында Ұлттық мұражайда этноспортты дамытудың түрлі аспектісі зерттелетін «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі.
Конференция мынадай бөлімдерден тұрады: Тарих және мәдениет – бұл бөлімде түркі әлемінің көшпелілер дәстүрі мен рухани мұрасы, сондай-ақ көшпелілер мәдениеті мен ұлттық спорт дәстүрлерінің халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі айқындалады. Көшпелі өмірдің тарихи аспектілері, мәдени мұраны сақтау және оның қазіргі қоғам үшін маңызы басты назарда болмақ.
Спорт ғылымы бойынша еліміздегі және Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысушы мемлекеттерде ұлттық спорт түрлерінің дамуы талқыланады. Секцияға қатысушылар осы спорт түрлерінің қалыптасу тарихын, олардың идеологиялық негізін, қазіргі жағдайын, даму перспективаларын талдайды.
Көшпелілердің дәстүрлі тамақтануы, оның эволюциясы және заманауи көзқарастары зерттелмек. Тамақтану мен адам микробиомасы арасындағы байланысқа, сондай-ақ сүт қышқылды бактериялар саласындағы соңғы жаңалықтарға және оларды қолданудың соңғы әзірлемелеріне ерекше назар аударылады.
Конференция білім және тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және көшпелілер мәдениеті мен оның қазіргі қоғамға ықпалын зерттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеудің маңызды алаңына айналады.
– Мәдени бағытта өтетін іс-шаралардың маңыздылығын айтсаңыз.
– Бұл дүбірлі дода өткенге шолу жасап, оның ырғағын сезіну және мәдени мұрамен қауышудың ұмытылмас сәттерін сезінуге бірегей мүмкіндік сыйламақ.
«Қазанат» ипподромының жанында 10 гектар аумаққа «Көшпелілер әлемі» этноауылы бой көтереді. Онда әрбір қонақ қазақ халқының бай әлеміне еніп, көшпелі халықтардың өзіндік мәдениетімен таныса алады. 7 қыркүйек күні этноауыл өзінің қақпасын айқара ашып, барлық қонақ таңғажайып ашылу салтанатын тамашалайды.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының мәдени бағдарламасы аясында іс-шараға бай. Бұл алаң бірегей көрнекті орындары бар шынайы мәдени орталық болмақ. Күн сайын этноауылдағы іс-шара қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін паш ететін «Шаттық керуені» атты айшықты шеруімен басталады.
«Өнер ордасы» басты сахнасында күн сайын 12:00-ден 17:00-ге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік аймақтық ұжымдардың қатысуымен «Думанды дала» концерті өтіп, этнофольклорлық ансамбльдер, қазақ ұлттық оркестрлері, солистер және би ұжымдары дәстүрлі этностық стильде өнер көрсетеді.
Кешкі бағдарламада (18:00-де) қонақтарды отандық эстрада жұлдыздары мен халықаралық ұжымдардың, оның ішінде «Аркаим» аспаптық дуэті, «Бірлік» ән-би ансамблі, әлем халықтарының биін орындаушы Ане́ль Марабаева, «Хазар» этно-тобы, «Steppe Sons» этно-тобы, «The Nomads Fire» жобасы және бірегей мультиаспапшы Еділ Хусаиновтың қатысуымен «Ұлы дала үні» гала-концерттері ұйымдастырылмақ. «Өнер ордасы» басты сахнасындағы барлық концерт ашық аспан астында өткізіледі. Этношатыр алаңында көрермендер қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысады. Күн сайын сағат 14:00-де еліміздің үздік айтыскерлері сөз додасына түседі
Этноауылда «Шығыс базары» ашылады, сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм тату мүмкіндігі туады. «Шеберлер ауылы» ұйымдастырылады, онда әртүрлі кәдесыйды сатып алуға болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі жүзден астам қолөнерші өздерінің бірегей бұйымдарын таныстырып, зергерлік шеберлігін көрсетеді. Қонақтар зергерлік өнер, былғары өңдеу және керамикалық мүсін жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады. Жеткіншектерге арналған «Балалар алаңында» жас көрермендеріміз де уақытты көңілді әрі пайдалы өткізеді.
– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу мезеттік іс-шара болып қалмауға тиіс. Келешекте этноспорт түрлерін, ұлттық ойындарды дамытуға серпін бере ме?
– Иә, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары этноспорт түрлерін және ұлттық ойындарды дамытуға үлкен серпін бере алады. Дәстүрлі спорт түрлерін насихаттауда заманауи үрдістермен байланыстырып, жастардың жадында жаңғыртуға күш салуымыз керек. Этноспорт түрлерін дамыту арқылы ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыруға, туризмді өрістетуге және спорттық шаралардың халықаралық деңгейде танылуына ықпал етуге болады. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға да оң әсерін тигізеді. Ойындар жалпы дәстүрлер мен спорттық жетістіктер арқылы адамдарды біріктіреді, елдердің арасында алтын көпір орнауына септігін тигізеді.
– Көшпелілер ойындарына келетін делегация мүшелерін, еріктілерді қамтуға қонақүйлердің әлеуеті жете ме?
– Қонақтарды орналастыру үшін барлық жағдай жасалған. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының инфрақұрылымына кіретін спорт нысандарының маңайында орналасқан 23 қонақүй бар. Шетелдік делегация осы қонақүйлерге орналасады.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»