Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 23 Тамыз, 2024

Құсбегілердің қырағылығы сыналады

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында құсбегілердің де шеберлігі сыналады. Еліміздің құсбегілері Ақмола облысында дайындықты пысықтап, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Құсбегілердің қырағылығы сыналады

Құсбегілік (саятшылық) федера­циясының атқарушы директоры Базар­бек Күнтуған дүбірлі додаға қатысатын үздіктер былтыр Атырау қаласында өткен Қазақстан чемпионатында іріктеуден өтіп, жолдама иеленгенін жеткізді.

«Құсбегілік сайысынан саятшыларымыз бүркіт, ителгі және қаршығасын сайысқа салады. Яғни 9 құсбегі додаға қосылып, түлектен ұшырып түлеткен қырағы қы­рандарының әлеуетін бағам­дайды. Бұған дейін Алматы қаласында жаттығу жиыны болды, енді 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қала­сында қорытынды жаттығуды өткізе­міз. Қатысушылар да ширап, қыран құстарының да бабы жақсарып келеді», деді Б.Күнтуған.

Құсбегілеріміз бас бәйгеден үмітті, дегенмен Қырғызстан, Моңғолия, Еуропа елдерінен де қатысуға ықылас танытқан саятшылардың да қарымы осал емес.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бүркітті шырғаға салу сайысында Арман Қошқаров, Ерзат Байқадамов, Серікбек Күнтуғанұлы қырандарының томағасын сыпырып додаға қосады. Құсбегіліктен ұлттық құраманың мүшесі Ибрагим Базарбаев қарсыластардың қарымды екенін, қырандарының да тепкісі мықты, алғыр екенін айтты. Ителгі құсының сынына Ибрагим Базарбаев, Ерлан Кенжетаев, Бағдәулет Бабажан қа­тысса, қаршыға салудан Дәурен Арша­бай, Бағдат Кеуенов, Құдайберген Рәбіл Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында шеберлігін сынайды.

«Қыран құсымыз жаздай түлекте болды. Қазір бабына еніп келеді. Етін тартып, жылдамдыққа баулып жатырмыз. Өзге мемлекеттерден келетін құсбегілердің де қыраны қарымды. Үш санат бойын­ша сынға түсетін құрамадағы өзге жігіттердің де қырандары алғыр, бәріміз де жүлделі орын иеленуге барымызды саламыз», деді Серікбек Күнтуғанұлы.

Құсбегілердің шеберлігін көрер­мендер 12-13 қыркүйек күндері этно- ау­ыл аумағындағы алаңнан тамашалайды. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Канада, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай, Грузия, Ресей, Түркия, Испания, Мажарстан елдерінен келетін саятшылар қиялап ұшқан қыран құстарын қолға шақырудан және шырғаға салудан сынға түседі. Төрешілер уақыт безбеніне салып, құстардың ұшу жылдамдығын бағамдап жүлде үлестіреді.