13 Маусым, 2015

Экология проблемаларына – ерекше назар

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
12-06-01 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төра­ғалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Отырыс барысында эко­ло­гия­лық қауіп­сіздік мәселелері, қор­шаған ортаны қорғау са­ласындағы қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Ақ­мо­ла об­лысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облы­сын­дағы Березовка ауылдары тұр­ғындарының ден­сау­лы­ғын қорғауға қатысты мә­се­лелерді тез­детіп реттеу қажет­тігін айтты. Осыған байланыс­ты халықтың өздері тұратын өңір­­дегі экологиялық ахуал ту­ралы ақ­паратқа еркін қолы жетуін қамта­масыз етудің маңыз­дылығы атап өтілді. – Калачи ауылындағы құбы­лыс­тың себебі неден екенін әлі ешкім дұрыстап түсіндірген жоқ. Құ­зырлы органдар жағдайды анық­тай алмаса, қажетті сарап­шылары жоқ болса, онда ше­тел­діктерді шақырып, бұл істі со­ларға тапсыруы керек еді, – деді Мем­лекет басшысы. Қазақстан Президенті эко­ло­гиялық қатерлерді болжап, алдын алудың тиімді тетіктерін жасау техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан болатын шы­ғынды мейлінше азайтуға мүм­кіндік беретініне назар аударды. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы орган­дар Қазақстанды орнықты да­мы­ту жөніндегі міндеттерді орындаумен қатар, жануарлар мен өсім­дік әлемінің биоалуандығын сақ­тауды қамтамасыз етуге, соның ішінде бірқатар облыстардағы киіктің жаппай қырылуының басты себептерін анықтауға міндетті екенін айтты. – Әрқилы болжамдар мен қа­рама-қайшы пікірлер айтылуда. Ол дегеніңіз, бұл бағытта мүл­де жөнсіздік орын алып отыр­ғанын, тиісті мамандардың жоқ­тығын, осындай жағдайға әкеліп соқтырған жайттарды анықтай алмағандықты білдіреді, –  деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев атап өт­кендей, табиғат қорғау сала­сын­дағы саясат ресурс үнемдеу, шаруашылық қызметінің барлық саласында қалдықсыз технологияларды енгізу мәселелерін шешу ісіне бизнесті ынталандырып, кеңінен тартуға бағытталуы тиіс. Ел халқының денсаулығы мен жоғары сапалы, жайлы тұр­мысын қамтамасыз ету Қазақ­стан ғылымынан қоршаған орта ахуа­лына стратегиялық талдау жасауға және кез келген теріс құ­былыстың алдын алуға мүмкін­дік беретін серпінді зерттеулер мен әзірлемелерді талап етеді. Мемлекет басшысы қоршаған ортаның ахуалын мониторингілеу, экология саласындағы қатерлерді алдын ала анықтау үшін Жерді қашықтан зондтайтын, 2014 жы­лы іске қосылған қазақстандық екі ғарыш аппаратын тиімді пай­да­ла­нудың маңыздылығына тоқ­талды. Сонымен қатар, Елбасы ин­дус­трия­ландыру, аграрлық сек­тор мен шағын және орта биз­несті дамыту міндеттерімен бірге, Қазақстанның экологиялық қау­іп­сіздікті қамтамасыз ету мәсе­лелеріне көңіл бөлуі қажеттігіне назар аударды. Жердің шөлейттенуі мен тозуы, кейбір елді мекендердегі ауа сапасының нашарлығы, су­ды тиімсіз пайдалану, өнеркәсіп­тер­ден зиян­ды заттардың ауаға тарауы мен қоқыс тас­тайтын орын­дар­дың ретсіз орналасуы, тұр­мыстық қалдықтардың қордалануы сияқ­ты қатерлер мемлекет пен бизнес тарапынан нақты шаралар қабыл­дауды қажет етеді. Энергетика министрі В.Школь­ник өз баяндамасында эколо­гия­лық ахуалға, мемлекеттік ор­ган­дардың осы саладағы, соның ішінде Қазақстанның «жасыл эко­но­микаға» өту жөніндегі тұжы­рым­дамасы аясындағы қызметіне шолу жасады. Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Үкіметке бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктеді. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.