Энергетика • 24 Тамыз, 2024

Бейбіт атом басты тақырыпқа айналды

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атом электр стансасын салу мәселесі шет мемлекеттерде де кеңінен талқыланып жатыр. Орталық Азиядағы жалпыға ортақ климаттық мәліметтерді қолжетімді етуге бағытталған CAREC порталы еліміздегі референдум алдында талқыға салынып жатқан АЭС салу мәселесіне арнайы мақала арнап, бастаманы қолдаушылар мен қарсылардың пікірлерін берген.

Бейбіт атом басты тақырыпқа айналды

Фото: ult.kz

«Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2023 жылдың қыркүйе­гінде ол «атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономика­лық әрі саяси мәселеге айналға­нын» айта келе, ел үкіметіне АЭС құрылысы мәселесін жан-жақты талқылап қана қоймай, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды тапсырды. Биыл мау­сым айының соңында БАҚ қызметкерлерін марапаттау кезінде Қ.Тоқаев атом энергетикасын дамыту мәселесіне қайта оралып, қазіргі таңда АЭС құрылысын Қазақстандағы БАҚ-тың басты тақырыбына айналдырды», деп жазады портал.

Ал АЭС құрылысын қолдай­тындар мұның елдегі энергия тап­ш­ы­лығын жоятынын алға тартады. «Энергетика саласында 20 жыл­дан аса еңбек еткен кәсіпкер Шың­ғыс Серіков керісінше, Қазақстан­ның болашақ энергетика­лық тәуелсіздігі тек атом энергетикасымен байланысты екеніне сенімді. Ол өз сөзіне бірнеше факторды дәлел ретінде келтіреді: Қазақстан барланған уран қоры жөнінен әлемде екінші ел, ал оны өндіруден – бірінші. Жылу шығаратын элементтер өндіріп, оны түрлі елдерге экспорттайды. «Енді тек АЭС салып, электр энергиясы тапшылығын шешу ғана қалып отыр. Біз елде тұтынылатын энергияның 20 пайызын үнемі Ресейден сатып алуға мәжбүрміз» дейді ол. Оның айтуынша, өткен ғасырдың 30-50 жылдары салынған жылу және гидроэлектр стансаларын жаңғырту тиімсіз, оған көп қаржы кетеді. Ал күн панельдері үш жылдан кейін көмескіленіп, стансаның қуатын азайтады. Сондықтан Қытай немесе Ресей салатын АЭС қана елдегі таңғы және кешкі электр энергиясын тұтыну мөлшерін жаба алады. Өйткені олардың ұсынып отырған реакторлары «4+» буынына жатады. Бұл басқа елдердің реакторларына қарағанда озық», деп жазады CAREC порталы.