Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталғанын әйгілейтін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі 3 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Ботай қонысынан өрістеп, 7 қыркүйек күні Астана қаласында мәресіне жетеді. Бес күндік бәйгеде командалар 500 шақырым қашықтықты бағындырмақ.
Халықаралық марафон-бәйгеге бірнеше мемлекеттен үздіктер келмекші. Оған еліміздің 9 командасы қатысып, бағын сынайды. Ұйымдастыру алқасы дүбірлі аламанға қатысуға ниет танытқан командаларды тіркеу аяқталғанын мәлімдеді. «Joryq» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басты мақсаты – ұмыт болып, тіпті жойылудың аз-ақ алдында тұрған қазақы жылқы тұқымдарын қайта жаңғыртып, олардың әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау екенін жеткізді.
– «Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі бағыттарының бірі – қолтума жылқылардың екінші тынысын ашу. Үш жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп жүрген марафон-бәйге өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде осы жорықтың арқасында қолтума жылқылардың бағасы бірнеше есе артты. Қазақы жылқы тұқымын асылдандырып, мал басын көбейтуге ықылас танытушылардың да шоғыры қалыңдап келеді. Бұған дейін атсүйер қауым арасында «бәйге аты», «көкпар аты» деген ұғым-түсінік кең таралса, енді ол қатарға «жорық аты» деген де теңеу қосылды», дейді Б.Тұрлыбеков.
Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ізашар шарасы болмақ. Сонымен қатар өзге мемлекеттерден келетін қатысушылар көшпелі бабаларымыздан қалған өркениеттің бүгінге жеткен үлгісін осы жорықтан пайымдайды.
Халықаралық марафон-бәйгеге елімізден қатысатын командаларды іріктеу сайысы мамыр айында ұйымдастырылды. Павлодар қаласынан Астанаға дейінгі аралықты шауып өткен жорықшылардың ішінде үздік үштікке енген команда ұлы аламанға қатысуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, іріктеу бәйгесінде озып шыққан Жетісу облысының шабандоздары, екінші орын иеленген «Адай» командасы мен үшінші келген Алматы қаласынан жасақталған «Алатау» командасының шабандоздары дүбірлі додаға қосылады. Бұған қоса ұмыт болып, ел жадынан өше бастаған қазақы жылқы тұқымдарының да әлеуетін бағамдап, селекциялық жұмысты жандандыруға серпін беру көзделіп отыр. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысынан қосылатын төртінші команда шабандоздары жергілікті найман тұқымын мініп шығады. Ақтөбе облысынан келетін команда мүшелерінің астында көшім жылқысы болмақ. Қостанай жылқы тұқымы, Әулиеата жерінің жылқы тұқымын мінген шабандоздар да командалық додада бағын сынайды. Тағы бір атап өтерлік жайт, халықаралық марафон-бәйгеге қыздар командасы да қатыспақ. Ақмола облысынан жасақталған командадан сырт Маңғыстау облысындағы адай тұқымынан жүйрігін жаратып отырған «Суын» командасының сұлулары да осынау ұлы дүбірге қосылады.
– Татарстанның командасы өз аттарымен қатысуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Башқұртстан, Қабардин-Балқар, Қарашай-Шеркес республикалары да жеке команда қосады. Ресейдің құрама командасы тағы бар. Қырғызстан да халықаралық марафон-бәйгеге командамен қатысуға ықылас танытып, әзірлікті пысықтап жатыр. Түркия, Иран, Мажарстан, Оңтүстік Африка елдерінен келетін шабандоздар да 500 шақырымға шыдаймыз деп отыр. Бірақ халықаралық ветеринарлық шектеуге сәйкес бұл мемлекеттерден ат жеткізілмейді. Тұлпарларды шетелдік қатысушылар бізден мінеді. Дүбірлі доданың жүлде қоры да қомақты. Бес ат мінген бес шабандоз қарсыластарынан қара үзіп түгел мәреге жетсе, 100 мың доллар алады. Екінші орын иеленген команда мүшелеріне – 60 мың, үшінші жеткен шабандоздарға 40 мың доллар мөлшерінде сыйақы беріледі. Жүлде қорына қатысты мынаны қаперде ұстаған жөн. 500 шақырымды әр шабандоз бір атпен ғана шауып өтеді. Орта жолда болдырған жүйрігін тың атқа алмастырып міне алмайды. Әр 10-15 шақырым сайын ұйымдастырушылар бағыт-бағдар беріп отырады. 50 шақырымды еңсергенде екі сағаттық үзіліс алып, қатысушылар тынығады. Дәрігерлер шабандоздардың ахуалын, ал ветеринар мамандар тұлпарлардың тамыр соғысын, жүрек қағысын тексереді. Осылайша, әр күнде 100 шақырым жол қысқарады. Күнделікті таңғы сағат 7.00-де шабандоздар жорықты бастайды. Бәйге жүлдесіне қатысты: егер жеңіске жеткен команда мүшелерінің бесеуі емес, төртеуі ғана мәреге жетсе – 100 мың емес 80 мың, ал үшеуі келсе – 60 мың доллар беріледі. Бес шабандоздың екеуі ғана межелі жерді шауып өткенімен жүлде берілмей додадан шеттетіледі. Екінші, үшінші орын алған командалардың да құрамы түгел шауып өтпесе, жүлде қоры да кемиді, – дейді «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі ұйымдастыру алқасының мүшесі Сәкен Сейітхан.
Ұйымдастырушылар халықаралық марафон-бәйге өткізу арқылы қазақтың жылқы тұқымдарын шетелдік жылқы тұқымымен шендестіріп, төзімділігін, «ертеден салсаң, кешке озатын» жүйріктігін сынаудың зор мүмкіндік туатынын алға тартады.
Марафон-бәйгеге қосылатын шабандоздардың бес күндік аламанды Ботай қонысынан бастауы кездейсоқ емес. 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар орасан жаңалық ашып, осы өлкеден 100-ге тарта артефакті тауып, Солтүстік Қазақстан жерінде Қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген ғылыми тұжырым айқындалды. «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақов дәл осы Ботай жерінде жылқы шаруашылығының дамығанына дәлел болатын археологиялық жәдігерлер көптеп табылғанын айтты.
Республикалық «Joryq» ат спорты федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына енеді. Исламбек Салжанов басқаратын қауымдастықта «Көкпар», «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату» сынды федерациялар бар.
Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жоспарланып отыр. Этноспорт додасының бас демеушісі – «Alageum Electric» компаниясы, бас серіктесі Halyk Bank. Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді.