27 Сәуір, 2015

Жеңістен – жеңіске!

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
5Сайлау алдындағы күндерде республикамыздың өңірлерінде көптеген кездесулер өткізілді. Тау қопарып, кен қазған құрыш білекті жұмысшылар, жүрегін жас толқынға жайып салған ұстаздар, талай-талай өмірдің шырағын қайта жаққан дәрігерлер, қар суымен таласа өскен жауқазындай қайсар да қайратты жастар, абыз ақсақалдар сол жүздесулерде бір ғана шешімге берік жүгінген еді. Ол: «Біз – Елбасымен біргеміз! Нұрсұлтан Әбішұлына, ХХІ ғасырдың мың құбылған саяси ағымдарынан қазақ үшін жайлы жол тапқан қайраткерге сенеміз!»  деген. Осылай жігерленген. Солай толағайланған. Бұл құлшыныс, қалың елдің тұңғыш Президентіне арналған ілтипаты осы тұлғаның қыруар еңбегі арқылы келген саяси, эконо­микалық, әлеуметтік сала­лардағы заңғар жеңістердің серпіні болатын. «Мен халықтың қаны мен жанынан жаралған перзентпін, сондықтан да қиын кезеңде мойныма түскен ауыр жүкті мойымай көтеруге міндеттімін», деп өзіне ұлт алдында ұлы міндет жүктеген азаматтың сол сертіне сай болғандығының жарқын көрінісі еді. «Өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйеді», деген, солай жасаған жанға арналған ел құрметінің жаңғырығы еді. Алаштың айбынын асырған тұлға ғана осындай ерекше сүйіспеншілікке лайық-ты. Нұрсұлтан Әбішұлын Астана тұрғындары айрықша қолдады. Президент елорда арқылы Қазақ­станды әлеммен ұлттық сәйкестікке жарастыра алғанын бөле-жара айтумен болды. Жаңа Астана идеясы халықты алдағы бүкіл республикалық және ғаламдық құлшыныстарға тастүйін жұмылдырған саяси-рухани қуатқа айналды. Елорда – ұлттық биікке көтерілген қайраткердің мұрат-мүддесі табысқан шақта тарихи ерлікке кезек келетіндігінің ғаламат айғағы. Тәуелсіздік талап еткен тәуекелге халықтың қаһармандық рухын жүрегінде тулатқан дәуірлік тұлғалар ғана бара алатындығының анық көрінісі. Жаңа Астана арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ ұлтының бүкіл рухани әлемін жаңғыртты. Халық тарихи биігіне көтерілді. Ұлттық серпіліспен бірге ұлттық сана оянды. «Жаңа Астанамен – жаңа ғасырға!», деп қайраттанған елмен бірге түледік. Президент – ұлтының ұлағатын ту еткен тұлға. Қарапайым да қаһарман қазағын сүйе де білген, кемшілігіне күйе де білген, сабырмен тыңдай да алған қайраткер. Оның парасат-пайымдары ұлт алдын­дағы қарыз бен парызға толы. «Қазақ тарихында қазақ ұяла­тын ештеңе жоқ», деп өткен дәуірлерді арайландырып берді. «Ұлттық намыс – ұлы ұғым», деп ел қайратын қайрап берді. «Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қарашаңырағы»,  деп тарихи мәртебелі төрімізді айқындап берді. Ұлтын сүйе жүріп сынаған, сынай жүріп шыңдаған, ғасырлар ұйып таңдаған абыздарды қазақ­тың бүгінгі ұшқыр заманымен қайта табыстырды. «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары», деді. Жүректен шығып, жүрекке жеткен сөзі мен өзі де елінің ой тұмарына айналды. «Біз сондықтан да Елбасын таңдаймыз. Бұл таңдау ғасыр таңдауы, қазақтың бүгіні мен келешегінің таңдауы екенін паш етеміз!» деген Қазақ елімен бірге алдағы жарқын жылдарымызға қадам басып отырмыз. Сапарымыз сәтті болсын! Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты.