Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жаңа кодекс жобасы 21 маусымда «Ашық заңды тұлғалар» порталында жарияланды. Кәсіпкерлердің айтуынша, Үкіметтің экономикалық блогі бизнестің емес, бюджеттің шығыс бөлігін жабуға көңіл бөліп отыр. Құжат жобасына сәйкес құрылыс компанияларының тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сату бойынша жеңілдіктері жойылады. Сондықтан құрылыс салушылар баспана құнына 12% қосымша құн салығын (ҚҚС) қосуға мәжбүр. Бағаға әсер етпес үшін мемлекеттік салық түсімдері мен азаматтардың баспанаға қолжетімділігі арасындағы теңгерімді табу қажет. Құжат қазіргі өзгерістермен қабылданар болса, бизнес бұл жүктемені жалғыз өзі көтере алмайды. Артық ауыртпалықты тауардың құнына қосу арқылы жеңілдету – мәжбүрлі шешім.
«Бк Аудит» ЖШС басшысы Айжан Балакешеваның айтуынша, барлық проблема Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты болып тұр. Үкімет салық органдарына бюджеттің кіріс, шығыс бөліктеріне өз бетінше мониторинг жасауға құзырет берген. Бұл мәселеде соңғы нүктені солардың қоятыны да белгілі болып қалды.
«Шын мәнінде бизнестің жай-күйі зерттеліп, саралануға тиіс. Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тапсырманы өрескел бұзып, бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ аспай отыр. ҚҚС-тың жаңа көрсеткіштері бизнесті өте қиын жағдайда қалдырғанын осыған дейін де айтқанбыз. Мұндай жағдайда Қаржы министрлігі де, Ұлттық экономика министрлігі де пәтер бағасын ырықтандыруға қауқарлы емес. Ал нарықтың беталысы біз естіп көрмеген бағытқа басымдық беріп кетуі бек мүмкін. Салдарынан адамдар пәтерді сатып ала алмайды, салынған пәтерлер сатып алушысын күтіп, қаңырап тұрады. «7-20-25» және «10-20-25» мемлекеттік ипотекалық бағдарламалары тиімді болмайды. Осы күнге дейін әлеуметтік сегмент үшін құны 18 млн-нан 25 млн-ға дейінгі пәтерлердің өзі қол жетпес арман болатын. Енді бар үміт – Үкіметте. Жоба Парламентке жетпей, қайта қаралады деген үміт басым. Заң осы күйінде қабылданып кетсе, құрылыс сегментінің инвестициялық климатына кері әсер етері белгілі», дейді Айжан Балакешева.
Бизнес өкілдері қосымша құн салығы тұтынушыға салмақ салатынын айтады.
«Мемлекет басшысы «Отбасы банкі» бағдарламасы ипотекалық несие шарттарының қолжетімді болуын қамтамасыз етуге арналғанын жиі айтады. Себебі ауыл жастарының қалаға көшуін енді ешкім тоқтата алмайды. Мұндай жағдайда жұмыс іздеп қалаға бет алған жастарды пәтермен қамтамасыз ету басты міндет болуы керек. Қазіргі өлшеммен қарағанда, халықтың қалтасы үшін шаршы метрі 360 мың теңге тұратын пәтер қолжетімді. Егер ҚҚС көтерілсе, сол бағаның өзі 450 мыңға барып бір-ақ тоқтайды. Ал министрлік ҚҚС арқылы шаршы метр құнын одан әрі өсіргісі келеді, сол арқылы барлық құрылыс компаниялары бағаны көтеруге мәжбүр болады», деп сөзін түйіндеді «Бк Аудит» басшысы.
Жиынға қатысқан құрылысшылар бүгінде баспанаға сұраныс бар, бірақ тұрғындар оны сатып ала алмай отырғанын айтты.
Құрылыс компанияларында өтпей қалған, бос тұрған пәтерлер көбейіпті. Халықтың басым бөлігінің қазіргі бағаларды да қалтасы көтермейтіні белгілі болды. Құрылыс материалдарының 80 пайызы – импорттық тауарлар. Баға доллармен бірге өсіп жатыр. Мұндай жағдайда нарықтағы ұсақ компаниялар жұмысын уақытша тоқтатады немесе өздерін банкрот деп жариялайды. Мұның соңы нарықтағы жаңа ойыншылардың қырық жылғы қырғыннан да аман шығатын монополист компанияларға жұтылып кетуіне алып келеді.
Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменованың айтуынша, көп талқысындағы кодекстің жаңалығы жаңадан іс бастауға әрекеттеніп жүргендерге емес, қалыптасқан кәсіпорындардың алдағы тіршілігіне қауіп төндіріп тұр. Бизнес қауымдастықтың пікірінше, бизнестің басты проблемасы – ҚҚС және жалақының жоғары салықтары. Бұл түйткілдер жаңа Салық кодексінің жобасында шешімін тапқан жоқ. Соған қарағанда келесі жобаның еншісіне қалған тәрізді.
«Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта бизнесті дамыту туралы жоспарының өзектілігін жоққа шығарумен бірдей. Күні бүгінге дейін жоғары деңгейдегі шешімдердің бәрі орта бизнестің дамуына әсер ете алмады. Статистикалық мәліметтерде бар болғаны 3 мың кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғаны айтылады. Бұл барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің 0,13 пайызынан аз», дейді сарапшы.
Салық кодексінің жобасындағы мәселелер шешілмесе, мұны декларация мен бөлшек сауда салығы арасындағы гибридтік әдіс деп бағалауға болады деген ой айтады.
«Мұндай жағдайда кодекстің жаңа редакциясы қоғам мен бизнес үшін ыңғайсыз әрі қалаусыз құжат ретінде қабылданады. Осы заңның жүзеге асуына мүдделі болып отырған топ нарықтағы жағдайдан мүлдем бейхабар сияқты. Нарыққа гибридті кодекс емес, ішкі мүмкіндіктің қалтасы көтере алатын дені сау кодекс керек. Осы құжат қабылданар болса, біздің қандай бағытпен жүретініміздің өзі күмәнді болып қалады. Қазір халық экономикалық құрылымның қандай болатынын білгісі келеді», деді Жанар Сүлейменова.
Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының төрағасы Сәкен Қариннің айтуынша, шағын және микро бизнеске мемлекеттің қолдауы қажет.
«Бұл қолдау салық ауыртпалығын азайту емес, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету арқылы көрсетілсе, нәтижелі болады. Ұсынылып отырған салық реформасы бейресми немесе тіркелмеген бизнесті, төленбеген салықтарды және заңды айналып өтуді қамтитын «көлеңкелі нарықтың» өсуіне ықпал етуі мүмкін. Құжатқа енген өзгерістер салық органдары жоспарлы тексерістен кетіп, жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мүмкіндік бергелі тұр. Осыған дейін бұл мәселе мемлекеттің бақылауында болды. Кәсіпкерлер мен салық органдары арасындағы байланыс жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мықты негіз бен себеп керек деген ұстанымға негізделді. Енді салық органдары жоспардан тыс тексерісті Кәсіпкерлік кодексі негізінде емес, өздерінің шешімі негізінде жүргізгісі келеді. Мұндай тәсіл жарамайды деп ойламыз. Мұның бәрі жемқорлық факторларын тудырады. Мен ең маңызды деген мәселені көтеріп отырмын. Жаңа Салық кодексінде кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер көп», дейді.
Ол қазіргі уақытта кәсіпкерлер мен салық төлеушілерді алаңдатып отырған бірнеше негізгі жайтқа назар аударды. Айтуынша, ұлттық палата сарапшылар пікірінің түйінін «Ашық НҚА» порталында жариялау керек еді.
Жаңа кодекстің бірінші жобасына қауымдастық 200-ге жуық ұсыныс жолдаған. Дегенмен қазірдің өзінде кодекстің екінші жобасы әзірленді, ол бірінші талдауға сәйкес мүлдем басқа нормаларды қамтиды. Оның салық төлеушілердің жағдайын жақсартатын да, нашарлататын тұстары бар. Енді қауымдастық жаңа кодекстің екінші жобасына ұсыныстар енгізу мүмкіндігінен айырылып отыр. Айтуларынша, уақыт тапшы деп асығып, миллиондаған бизнес өкілінің болашағына селқос қарауға болмайды.
«Бұрын фискалдық орган біреуді адал емес деп тану үшін заң бұзушылықтың бар екенін дәлелдеуге мәжбүр болды. Заң кәсіпкерлердің құқын қорғады, мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етті. Енді салық органдары профилактикалық бақылау принциптерінен алшақтап кетті. Біреуді біреу тексеру қажет деп есептесе, соны жасайды. Біз тексеру немесе бақылау мақсатының ашық болуын қалаймыз. Салық органдарының кез келген жоспардан тыс тексерісі – бизнестің жағдайын нашарлататын норма», дейді С.Қарин.
Сарапшының айтуынша, бұрынғы тексерулердің барлық негіздемесі Кәсіпкерлік кодексте нақты көрсетілген. Кәсіпкерлер Салық кодексінде де осындай ережелерді көргісі келеді. Олардың айтуынша, қазіргі құжат заңға тәуелді акт ретінде қабылданғалы тұр. Басқаша айтқанда, бұйрық қабылданады, соған сәйкес салық органдары тексеруге іріктеу критерийлерін бекітеді. Бірақ Үкіметтің мұндай пікірлерге айтар уәжі де дайын болып шықты.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Ерлан Сағынаев жаңа Салық кодексінің жобасында барлық проблемалық мәселенің 70 пайыздан астамы көрініс тапқанын және олар барлық рәсімді сақтауға тырысатынын мәлімдеді.
«Нарық бірінші кезекте ұсынысқа ғана басымдық береді. Тіршілік бар жерде бұл процесс жалғаса береді. Сіз бен біздің 100 күн бойы талқылап, түйінін таба алмаған шешімдердің бәрін нарықтағы ұсыныс пен сұраныс реттеп отырады. Ал заң жобасына қатысты тәуелсіз сарапшылар тарапынан 1 000-нан аса ұсыныс түсіпті. Халықаралық сарапшылардың да пікірі ескерілді. Дүниежүзілік банк те, Халықаралық валюта қоры да оң пікір берді. Мемлекет болып атқарып жатқан орасан істерді жоққа шығармайық. Салық кодексінің барлық жобасы бизнестің де, халықтың да талап-тілектеріне сай емес деп айту шындыққа жанаспайды. Өйткені экономиканың дамуы тұрғысынан оңды және жақсы тұстар көп», дейді Е.Сағынаев.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жаңа Салық кодексінің жобасын қатаң сынға алғанын ұмытқан жоқпыз. 9 ақпанда Премьер-министр Олжас Бектенов кодексті қайта жазып, оның риторикасын өзгертуді тапсырды. Нәтижесінде, Үкімет ҚҚС көтеру идеясынан бас тартып, кейбір нормаларды қайта қарады. Бірақ құжат қайта жазылса, біраз жайттың басы ашылмағанын пікірталастардың беталысы байқатып отыр. Бұл құжат Парламенттің кәсіби біліктілігіне біраз сын болатын сыңайлы.
АЛМАТЫ