Аймақтар • 28 Тамыз, 2024

ШҚО дәрігерлері денесін күйік шалған жүкті әйелдің өмірін сақтап қалды

73 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері жүктіліктің 25-аптасындағы әйелдің өмірін сақтап қалды.  20 жастағы Диана Долгованың денесінің 70% бөлігін күйік шалған. Медицина мамандарының жоғары кәсібилікпен жұмыла кіріскен әрекеттерінің арқасында ана аман-есен салмағы 2,2 келі, бойы 50 см дені сау баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШҚО дәрігерлері денесін күйік шалған жүкті әйелдің өмірін сақтап қалды

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Диана Бородино ауылынан Алтайдағы ауданаралық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізіліп, бірден реаниматологтар, травмотологтар және гинекологтардың қамқорлығына алынды. Науқастың басын, мойнын, кеудесін, аяқ-қолдарын бірінші, екінші және үшінші дәрежедегі күйік шалғаны анықталды.

Дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр деп бағалады. Облыстық орталық мамандарының консилиумынан кейін тікұшақ жібертуге шешім қабылданды. Ауданға құрамында облыстың бас реаниматологы Галина Семенова, фельдшер Назым Бейсенбаева бар бригада ұшып жетті. Зардап шеккен әйел Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медицина орталығына жеткізілді.

«Біздің дәрігерлер – әлемдегі ең үздік мамандар. Олар қызым екеумізді аман алып қалу үшін мүмкін еместі жасады. Алда әлі ұзақ реабилитация күтіп тұр, бірақ ең қорқыныштысы артта қалды. Дәрігерлердің арқасында өмірімнің мәні бар және сол үшін де емімді жалғастырамын», деп қуаныштың көз жасын төге отырып жас ана алғыс айтты.


Диана мен оның баласының өмірі үшін өңірлік және республикалық дәрігерлердің мультитәртіптік бригадасы күресті. Бөлімшедегі дәрігер-реаниматолог-анестезиолог Александр Нарейко мен оның әріптестері науқастың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салды. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары да медициналық көмек көрсету үдерісін үйлестіріп отырды.

Диана интенсивті терапияға шыдап, ерлік танытты, теріні ауыстырып салу бойынша бірнеше отадан өтті. Жарасын ОММО травмотология бөлімшесінің меңгерушісі Рафаэль Гафуровтың жеке өзі таңды. Бала мен ананың жағдайын облыстың штаттан тыс бас гинекологы Марат Көксегенов тұрақты қадағалап отырды.

Диана — соңғы екі айда ШҚО-да өмірін сақтап қалу мүмкін болған үшінші ана.

Жақында дәрігерлер ауыр септикалық пневмонияға шалдыққан, өкпесінің 80 пайызы зақымдалған 18 жастағы науқастың өмірін алғаш рет ЭКМО әдісін қолдана отырып аман сақтап қалды. Қыздың жағдайы жақсарып, инфекциялық бөлімшеге ауыстырылды. Сонымен қатар ауыр интоксикация және көп ағзалық  жеткіліксіздікпен түскен Самар ауданының 44 жастағы тұрғыны да құтқарылды. 20 күн ем алғаннан кейін оның жағдайы тұрақталып, ол да терапия бөлімшесіне ауыстырылды.

Өңірге жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау министрі қиын жағдайдағы аналар мен балалар өмірін сақтап қалған батыр дәрігерлерге салалық марапаттар табыстады.

Марапатталғандардың арасында ИТРАБ меңгерушісі, 20 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер-реаниматолог Гаухар Мурзағалиева, 30 жылдық тәжірибесі бар 1 санатты дәрігер-реаниматолог Елена Дмитриева және 41 жылдық жұмыс тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер-анестезиолог Александр Нарейко бар.

ШҚО-да ана өлімінің алдын алу жағдайының нәтижелері бойынша жоғары санатты дәрігер-кардиохирург, медицина ғылымдарының кандидаты, кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еділ Ботабаев, Ана мен бала орталығыны дәрігерлері – облыстың бас акушер-гинекологы Марат Көксегенов және акушер-гинеколог Лиза Қасымханова да марапатқа ұсынылды.