Тарих • 29 Тамыз, 2024

Семей полигоны қалай жабылды?

239 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Семейдегі ядролық әскери полигонның зардабын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Ал бүгін – осы полигонның жабылған күні. Қазақ жерін қырық жылдан аса уақыт уға бөктіріп, талайдың ғұмырын қиған, қаншама жанның жүрегіне жазылмас жара салған тажалды еске алу да оңай емес.

Семей полигоны қалай жабылды?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Семей полигонында алғашқы атом бомбасы 1949 жылы 29 тамызда жарылды. Сынақ алаңы 18 млн га жерді алып жатты. Аймақта барлығы 456 жарылыс жасалды, оның 116-сы жер үстінде және ауада өтті. Бұл 1949-1962 жылдары болған жарылыстар еді. Ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезеңде – 1963-1989 жылдары жарылыстар жер астына ауысты. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей ма­ңын­дағы радиациялық әсер аймағында тұра­тын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.

Соңғы уақытта Семей полигонының қалай жабылғаны туралы ақпараттың ауқымы кеңейіп, полигонды «жапқан» адамдар саны көбейіп келеді. Бірақ баспасөз беттерінде полигонды жабу мәселесін алғаш көтерген адам – сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев делінген. Өйткені ол 1989 жылдың 20 ақпанында КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы М.Горбачевке құпия хат жолдап, «ядролық сынақтар туралы жұртшылыққа түрлі пікір таралып, тұрғындар арасында моральдық-психологиялық күйзеліс байқалады. Олардың осының бәрі сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес» дей отырып, жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сиретуді, одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді. Алайда бұл хат туралы архивте ешқандай мәлімет сақталмаған.

Семей полигонының жабылу тарихын зерттеу кезінде Президент архиві, Орталық архив және Астанадағы мемлекеттік архивке бірнеше рет хат жолдаған едік. Аталған мекеменің барлығы 1991 жылы 29 тамыз күні Жоғарғы кеңес сессиясында Семей полигонын жабу мәселесі қаралмағанын және басқа құ­жаттардың жоқ екенін хабарлады. Тек Абай облыстық мемлекеттік архи­вінің бұл сұраудың төңірегінде ұсынған әрі қолдарында бар құжаты – Семей облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, обкомның бірінші хатшысы КСРО президенті М.Горбачевқа 1990 жыл­дың 29 наурызында жазған хаты. Хат иесі полигонның халыққа зиянын айта келе, ядролық сынақтарды тоқтату туралы шешімнің шықпай жатқанын еске салып, қорғанысқа зияны бола қоймайтын жарылыстарды тоқтатуды сұрайды. Алайда бұл хатта полигонды жабу туралы сөз жоқ.

Мәскеуге КСРО басшысына хат жазып, полигонды жапқан адам – Мұхамедғали Сужиков. 1958 жылы Семей облысының бірінші хатшысы болып тағайындалған Мұхамедғали Сужиков жарылыстарды өз көзімен көріп, оның зардабын Қазақ КСР Ғылым академиясының арнайы жасақтаған экспедиция басшысы С.Балмұхановтан естіп-біледі. Кейіннен ол КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бі­рінші хатшысы Н.Беляевке «О тяжелых последствиях испытаний атомного и термоядерного оружия на Семипалатинском полигоне» деген құпия хат жолдайды.

Бұл хатты кейінгі ізденушілер архивтерден таппаған, бірақ оның бар бол­ғаны академик С.Балмұханов пен М.Сужиковтың «Казахстанская правда» газетінде 1991 жылдың 20 шілдесінде жа­рия­ланған «Бомба для третьей мировой войны», «Ана тілі» тілі газетінде 2001 жылдың 23 тамызындағы «Почему я написал Хрущеву» деген сұхбатында расталады.

Сол хаттың арқасында КСРО үкіметі Семей халқына аздаған көмек жасайды, бірақ хат жазған облыс басшысы Мәскеудің қаһарына ілігіп, оны жұмыстан шығару мәселесі қарастырыла бастайды. Тіпті бұрын қызмет атқарған Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында оның жұ­мысы «сүзгіден өтеді». Алайда еш ілік таба алмаған билік ақыры екі жыл тексе­ру жүргізіп, мал басының қыста кемігенін же­леу етіп, «Правда» газетінде «Слова не соответствуют делам» атты мақала шы­­ғып, орнынан алынады.

Полигонның жабылуына зор үлес қосқан «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы қоғамдық-саяси ұйымы. Бұл қозғалыс 1989 жылы 26 ақпанда құрылып, қазан айын­да ресми тіркелді. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан ұйым ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті және Семей полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді.

Жүргізілген жұмыс өз нәтижесін бер­ді. Қазақстан мен бүкіл әлемдегі со­ғыс­қа қарсы қоғамдастықтың алғашқы жеңіс­терінің бірі – 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық жарылыстың 11-інің тоқтатылуы. Тек жетеуін орындау мүмкін болды, соңғысы сол жылдың 19 қазан күні іске қосылды. Бұл жетістік – Қазақстан халқының ерік-жігерінің нәтижесі. 1989 жылы 20 қарашада еліміздің Жоғарғы кеңесі қаулы қабылдап, Семей және Жаңа жер полигондарындағы ядролық жарылыс тоқтатылды. 1989 жылдың 19 қазанынан бастап кеңес одағы атом қаруын сынауды тоқтатты.

Біз полигонның жабылуына себепкер болған Семей облысының екі басшысы туралы айтып отырмыз. Олардың хат жазуларының айырмашылығы бар еді. М.Сужиков Мәскеуге жазған хатын Қазақстан басшылығына айтпаған, ал К.Бозтаев республика басшысы В.Колбин болғандықтан өз қадамын Министрлер кеңесі төрағасымен келіскен. Дара шапқан М.Сужиков қудаланып, жала жабылып, қызметінен алынған. Ал К.Бозтаев болса қудалауға ұшырамаған, оның, әри­не, қосымша себептері де болды. Бұл КСРО билігі әлсірей бастаған кез еді. Ал шын­дығына келсек, полигонның жабылуы­на танымал қоғам қайраткері Олжас Сү­­лей­менов бастаған «Невада-Семей» ан­тиядролық қозғалысы зор үлес қосты.

Бұл жерде Қазақстан үкіметі де батыл­дық танытты. 1991 жылдың 6 мамырында Президент аппараты КСРО президентінің Семей полигонында жарылыстарды толық тоқтату туралы және полигонды ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру, сонымен қатар жергілікті халыққа өтемақы төлеу үшін 1,2 млрд рубль көлемінде қар­жыны 1991-1995 жылдар бойы бөлу, осы жылдарға арналған әлеуметтік-эконо­мика­лық өсу, тұрмыс деңгейін көтеру мен ме­дициналық қызметті жақсартуға мем­ле­кеттік бағдарлама қабылдау жөнінде Жар­лық жобасы дайындалды. Өкінішке қарай, алты ай бойы Мәскеуден еш хабар болмады.

1991 жылдың 29 тамызы. Президент аппаратының қызметкерлері күнделік­ті жұмысына келді. Ол кез көше демокра­тиясының шарықтап тұрған кезі, талаптарын транспаратқа жазып алған адамдар Пре­зидент резиденциясының алдында тұратын. Өнеркәсіп орындарында бас­шы сайлауы да дау, шешім шығару да тар­тыс болып тұрған уақыт. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, ақпаратты күндіз әр ка­бинетте сайрап тұратын радиодан ести­міз. Сол күні «Невада-Семей» қозға­лы­сының ұйымдастыруы­мен кешкі сағат 5-6 шамасында Ұлттық ғы­лым ака­демиясы ғимаратының алдында шеру ұйым­дастырғалы жатқанын естідік. Халық наразылығы шектен шығып кеткен жағдайда таяқтың бір ұшы билікке тиетіні белгілі. Ал шерудің екі жылдан бері елді ұлы дүбірге елеңдетіп, тіпті талаптарын өзге ядролық елдерге де жеткізіп жатты. Оның үстіне көптің ашуын басатын, үйді-үйлеріне тарататын бір құрал керек болды. Ол үшін Семей ядролық сынақ полигонын жабу жөніндегі Президент Жарлығының жобасын әзірлей бастады. Әрине, мұндай заң-жарғылардың бір күнде дайындалмайтыны белгілі. Кем дегенде бір ай уақыт қажет. Министрліктер, өзге де тиісті орган­дардың қолдары жиналып, Премьер-министр, Аппарат басшысының келісімімен Жарлық Президентке беріледі. Бұл Жарлықты дайындау жалғыз нардың көтерер жүгі емес еді. Соны білсек те, егер жиналған топтың ашуы шектен шығып кет­кен жағдайда, тым құрыса халықтың алды­на шығып: «Міне, Жарлық дайында­лып жатыр. Жоғарыдағылардың бәрі таны­сып, қолдарын қойғаннан кейін, Мәс­кеу­дің келісімін алған соң полигон да жабы­ла­ды. Қарап отырған жоқпыз, жұмыс істеу­де­міз» деп айтып, үйлеріне тарататын сая­си құрал болар деген ниетпен дайындалып еді.

Жарлықтың нұсқасына түскен қолдар көбейген сайын, біздің де тұсауы шешілген аттай адымымыз кеңіп, іске қызыға кірісе бастадық. Бірақ алда ең қиын да, бітімі жеңіл соқпайтын шаруа Жарлықтың нұсқасын Президенттің қолына жеткізу міндеті қалған еді.

Сұрастырып көрсек, Президент өз кабинетінде емес, түстен кейін басталған Жоғарғы кеңестегі жиында отыр екен. Орайын тауып, сессияда отырған Прези­дентке көмекшілері арқылы Жарлық жобасын табыстап кеттік. Енді тек күні бойғы жүгірістің ақырын күту ғана қалған еді.

Семейдегі ядролық әскери поли­гонның жабылуы тарихи оқиға еді, оның орындалуы «сәттілік» деген ұғымға саяды. Біріншіден, сол кездегі одақтағы саяси ахуал­дың себебі тиді – Горбачев пен Ель­цин­нің билікке таласы басталған еді. Тамыз айындағы саяси оқиғалар кезінде жоғар­ғы билік есеңгіреп қалған уақыт, әске­рилер мен әскери-өндіріс кешені тоқы­рауда жүрген кез. Міне, дәл осы сәт жақсы пайдаланылды. Егер Экология бөлімі «жоғарыдан тапсырма түскен жоқ», «Жарлық тиісті адамдармен келісілген жоқ» деп жалтақтап, созбалап жүргенде, бұл Жарлық шықпас еді, ал есін жиған Мәскеу ешқашан рұқсат бермес еді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп, иненің көзінен өткендей жұмыс болды. Сол өткен күндерге қарап отырып, Президент аппараты қызметкерлерінің тарихи ерлік жасағанын түсінуге болады. Өйткені полигонның жабылуы әлем елдері алдында Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет есебінде абыройын көтерді. Елімізді бүкіл әлем тез таныды.

...Сағат кешкі алты. Ғылым академиясы ғимараты алдына жиналған халық көп. Жүздерінде – ашу, нала. Бәрінің тілегі бір – Семей аждаһасының отын өшіру. Көп ішінен «Невада-Семей» қозғалысы кеңесінің мүшесі Б.Әділов, соғыс ардагері Б.Ақылбеков сөз сөйлеп, полигонның ха­лыққа, жерге тигізіп отырған зиянын, зар­дабын сөз қылды. Профессор И.Час­ни­ков полигонның радиациялық карталарын, өзге де жасырын сақталып кел­ген құ­жаттарын көрсетуді талап етіп, құ­­пия­лықтан жариялылыққа көше­тін уа­қыт жеткенін баса айтты. Көптің ашуы сәл саябырсыған тұста Президент әкім­шілі­гінің өкілдері Қазақ КСР Прези­ден­тінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу жөніндегі» Жарлығын жария етті. Жанарларында ыза оты ойнаған қа­лың нөпір үшін бұл құжат қара бұлт арасы­нан жарқ ете түскен жарық сәуледей болды.

Кейін білдік – Президент қолына Жар­лық нұсқасы тигенде, тіпті қызмет орнына бармастан Жоғарғы кеңесте отырып, телефон арқылы одақ басшысы Михаил Горбачевпен тікелей сөйлесіп, келісімін алады. Сол сәтте-ақ Жарлыққа қол қойып, сүйінші хабарды шеруге жиналған халыққа жеткізуге тапсырма беріпті. Былайғы күн­дері заңдық құжаттарға бірнеше ай бойы қол қойылып, мөр басылмай тұрып алатын болса, Семей полигонын жабудың құжат­тық жұмыстары жарты-ақ күнде жүзеге асқан.

Бұл – мемлекет тарихының бір парағы, сол тарихи оқиғада өз қолтаңбаларын қал­дырған, сол кездегі Президент аппаратының жауапты қызметкерлері Василий Сухов, Пангерей Оспанов, Қайырбек Сүлейменов, Виктор Шкляр және мемлекеттік кеңесші Юрий Хитриннің есімдерін атағанымыз орынды. Бұл тарихи жұмыстың үлгі боларлық екінші жағы бар. Ол мемлекеттік қызметкерлердің, министрліктер және облыс басшыларының бастамашыл болуы, жауапкершілікті мойындарына алып, халыққа қажетті шешімдерді тез қабылдап отыру қажеттілігі еді.

Семей полигоны жабылғаннан кейін «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда №1787-ХII заң қабылданып, Үкімет қаулысы дайын­далды. Сол кезде радиациядан адам­­дардың қалай зардап шеккендерін анық­­тауда біраз қиындық туындағаны да рас. Өйткені облыста тұрғанмен де ядро­­лық жарылыстан адам зардап шек­пеуі мүмкін, сондықтан оның өлше­мін БЭР (биологиялық эквивалентті доза) көлемінде алу керек деген шешім қабыл­данды. Ал ең төмен радиациялық қауiптi аймақ – сол жерлердің бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 0,1-ден 7 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi болып бекітілді. Ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ – аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 35-тен 100 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi жатқызылды. Ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Семей облысының Абай, Бесқарағай және Жаңасемей аудандарының, Семей қала­сы Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Айна­бұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық ок­руг­терінің, Павлодар облысы Май ауданына қарасты Ақжар және Малдар ауылдық округтерінің елдi мекендерi жатады.

Заңда халықты әлеуметтiк жағы­нан қолдау қарастырылды. Атап айт­қанда, әйелдерге, балаларға және жас­өспірімдер мен олардың ата-аналарына берілетін қосымша жеңілдіктер мен өтемдер, әскери қызметшiлерге және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне берiлетiн жеңiлдiктер белгіленді.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы