Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жалпы, өңірде тікелей туризм саласына қатысты 5 орын бар. Олар шипалы саналатын Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалаулары, одан кейін табиғаты ғажайып «Алтын Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері, соңғысы – талайды тамсандырған Жоңғар-Алатау тау жүйесі. Оған Бұрқан-бұлақ сарқырамасы мен Тамшыбұлақты қосып қойыңыз. Бүгінде осы туристік нысандарға баратын жолдар мен инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Курорттық орындарға туристердің көлікпен жетуіне жол ашылғанымен, ары қарай аралауға жағдай жасалмаған. Көлге апаратын автомобиль жолдарына, әуежайдың ұшу-қону жолағына қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Биыл пойыздардың саны артқан.
– «Үшарал-Достық» жолын қайта жаңарту жұмысы аяқталды. Шипалы көлге апаратын «Талдықорған-Өскемен» автомобиль жолы жаңғыртылды. Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағына жаңарту жүргізілді. Жазғы маусымда Алматы және Талдықорған қалаларынан субсидияланатын әуерейстері, сондай-ақ Астана қаласынан коммерциялық рейстер жүзеге асырылады. Алакөлге Астана, Алматы, Өскемен, Семей және Қызылорда қалаларынан 12 пойыз қатынайды. Былтыр «Астана-Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды, – дейді облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Искаков.
Оның айтуынша, былтыр өңірге 1,6 млн-нан аса турист келген. Алдағы 2 жылда Алакөл көлі жағалауының инфрақұрылымын дамыту үшін қосалқы стансалары іске қосылады. Ақши және Көктұма ауылдарына дейін жоғары вольтты электр желілері беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және көлдің жағалауын нығайту жұмыстары жалғаса береді.
– Талдықорғандағы туыстарымызға қонаққа келген сайын Алакөлге шомылуға барамыз. Одан бөлек, Текелінің табиғаты ұнайды, Тамшыбұлақта да болдық. Менің бір байқағаным, мұнда туристерге қолайлы жағдай жасалмаған. Жағалауда дүкендер жоқ. Қалаған затыңды табу өте қиын. Жол мәселесі де кедергі. Мынандай ғажайып табиғатты туризмнің бір бөлігіне айналдыруға болады. Сосын бағасы өте қымбат. Ақшидегі стандартты қонақүйлердің бағасы шетелдік бесжұлдызды қонақүйдің бағасымен бірдей. Ал Алакөлдің жағасы жаз бойы қоқысқа толып жатады, – дейді Санкт-Петербург қаласынан келген А.Иванов.
Шынында, Алакөл жағалауында орналасқан ауылдардың ең өзекті мәселесі – электр желілерінің әлсіздігі. Бір өшіп, бір жанған жарық толқыны тұрғындарды әбігерге салып отыр. Осы мәселені алдын алу жұмыстары енді қолға алынбақ.
– Ұзындығы 56,7 км 110 кВ электр беру желісі бар «Ақши» жаңа қосалқы стансасының құрылысы жобасы бойынша Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Өтінім сомасы – 2 млрд теңге, жобаның жалпы құны 10,3 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ «220/110/35/10кВ жаңа «Көктұма» және «Ақтоғай» стансасының жобалау жұмыстары аяқталды. Оның алдын ала құны 40 млрд теңгені құрап отыр, – дейді Д.Искаков.
Биыл мұнда кәріз тазарту құрылысы да қолға алынбақ. Қазіргі уақытта кәріз тазарту құрылысын салудың жобалау-сметалық құжаттамасына түзету жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін аяқталады. Ал «Алакөл көлінің қоршау бөгетін салу» жобасының бірінші кезеңі қорытындыланған. Құны 19,1 млрд теңгені құрайтын жобаға республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне бюджеттік өтінім берілген. Одан бөлек, жағалауды абаттандыру үшін ЖСҚ әзірленіп жатыр. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құру, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру және инвестиция тарту мақсатында Балқаш көлінің жағалауында туризмді дамыту жалғаса бермек. Осы бағыт бойынша Лепсі ауылынан Балқаш көлінің жағалауына дейінгі жол жаңғыртылды.
– «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балқаш көлінің жағалауында туристік-рекреациялық аймақтың инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы басталды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы құны 7,9 млрд теңгеге 7,4 шақырым жол, 97,4 шақырым су құбыры, кәріз және электр желілері салынады, – дейді Д.Искаков.
Қазір өңірде экологиялық туризмнің де маңызы ерекше. Мәселен, Панфилов, Ескелді, Сарқан аудандарына қарасты «Алтын-Емел», «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері және Жоңғар-Алатау тау жүйесі әлеуетін арттыру үшін арнайы визит орталықтары ашылып жатыр. Оған дәлел – «Алтын-Емел» ұлттық паркінде жеке инвестиция есебінен салынған визит орталығы. Биыл жергілікті бюджет есебінен 200 млн теңгеге Сарқан ауданының Тополевка ауылында осындай визит орталығы ашылады.
– Туристік жерлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін былтыр Сарқан ауданында Жасылкөл көліне дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізілді. 281 млн теңгеге «Тополевка – Кордон Жалаңаш» жолына қиыршық тас төселді. Келесі жылы осы жолдың қалған бөлігін жөндеу жоспарланып отыр. 150 млн теңгеге «Кордон Жалаңаш-Жасылкөл» жолы жасалады, – дейді Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев.
Осы ретте айта кетейік, былтыр Ш.Уәлихановтың мемориалдық мұражайына күрделі жөндеу жүргізілген. Сол мұражайға апаратын жол жасалғаны мәлім. Одан бөлек, «Бұрқан-Бұлақ» сарқырамасына апаратын жолды қайта жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленген еді.
– Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 15,3 млрд теңгені құрайды. Осы жоба бойынша Көлік, Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт министрліктеріне бюджеттік өтінімдер жолданды. Жалпы, биыл облысқа 2,2 млн турист келеді деп күтіліп отыр. Өсім – 10%. Биыл 1,5 млрд теңгеге 10 туризм нысаны ашылмақ, – дейді Д.Искаков.
Бүгінде облыс аумағында сыйымдылығы 16 мың төсектік орыннан асатын 363 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Былтыр 3,5 млрд теңге сомасына 17 нысан пайдалануға берілген. Атап айтсақ, Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс орындары – «Айдарбек» пен «ElRiza». Сондай-ақ «Kepler Group Ltd» компаниясымен бірлесіп, «Hilton» брендімен халықаралық қонақүй және курорттар желілерінің құрылысы бойынша жоба әзірленіп жатыр. Бұл жоба Жоңғар қақпасында қуаты 1 ГВт ірі жел электр стансасын салуды жоспарлап отырған «ACWA Power» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылмақ.
– Жетісуда туристік әлеуетті арттыру мақсатында «Shagan Fest», «Alakol Fest» фестивальдері ұйымдастырылды. Шыңға шығу туристер мен белсенді тау демалысын сүйетіндерді тарта алады. Сонымен қатар тау туризмі мәдениетін қалыптастырады. Жетісудың жеті арнасының бірі – Көксу өзені. Ол спорттық туризмді дамытуға бағытталған. Орталықтың ұйымдастыруымен алғаш рет рафтингтен ашық Азия чемпионаты «Koksu Water Fest» өтті. Чемпионатқа Моңғолия, Қырғызстан, Босния және Герцеговина, Ресей мен Қазақстаннан командалар қатысты, – дейді «Vizit Zhetisy» орталығының басшысы Жандос Нуриев.
Ал қасиетті Күреңбел топырағында туристерді қабылдайтын 12 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 11-і – қонақүй, біреуі – аңшылар үйі. Аудан аумағында туристік қызметті және экскурсиялық маршрут бойынша қызметті жүзеге асыратын – жалғыз «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Аталған нысан 3 туристік бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Былтыр 14 521 адам келіп, 32,8 млн теңге пайда түсірген.
– Туризм саласына инвестициялар тарту бойынша былтыр «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағындағы «Асемтал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі визит – орталық құрылысын жүргізді. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Визит-орталықтың мақсаты – туристерге ұлттық парк туралы және ондағы туристік маршруттар туралы ақпарат беріп, экологиялық туризмді жарнамалау, – дейді Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов.
Оның айтуынша, шаңғы базасын салуға 62 гектар жер телімі қарастырылған. Қазіргі таңда «Рафтинг» демалыс аймағын жүргізуге 1,8 гектар жер беріліп, құрылыс жұмыстары басталыпты. Инвестиция тарту – аудан экономикасының өсуінің негізгі мақсаты. Бұл бағытта ауданда қарқынды жұмыстар жалғастырылады.
«Шаңғы» базасын салу дегеннен шығады, бүгінде Текелі қаласы қысқы туризмге иек артып отыр. Кенді шаһардың табиғи-рекреациялық әлеуеті туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Жоңғар Алатауы – игерілмеген аумақтардың бірі, тау жоталарына барғысы келетін туристер көп. 2023 жылғы ресми статистика деректері бойынша Текелі қаласында 15 орналастыру орны жұмыс істейді. Онда келушілер саны 8,7 мың адамды, ал көрсетілген қызмет көлемі 336,5 млн теңгені құраған.
– Текелі қаласының аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «жұмсақ» инфрақұрылым нысандары орнатылып жатыр. Атап айтсақ, 8 орындық, 4 жол көрсеткіш, 3 ақпараттық стенд, 4 қоқыс жәшігі және тау жиегінде суретке түсуге арналған 1 фотоспот. Сонымен қатар былтыр жеке инвестициялар есебінен 431 млн теңгеге 2 туристік нысан пайдалануға берілді. Биыл 100 млн теңгеге тағы бір инвестициялық жоба іске асады, – дейді моноқала әкімі Алмас Әділ.
Президенттің Жетісу облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында шаңғы-биатлон спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 128,8 млн теңге бөлінген. Былтыр оның 10 млн теңгесі игерілсе, биыл 118,8 млн теңгесі жұмсалады. Жобалау жыл соңына дейін аяқталады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен құны 15-17 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталмақ.
Жетісу облысы