Ата заң • 29 Тамыз, 2024

Қазақстан Республикасының Конституциясы: тұрақтылық пен өркендеудің кепілі

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекет дамуының құқықтық негізін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне кепілдік беретін іргелі құжат. Бұл құжат Қазақстанның құқықтық жүйесінің өзегі бола отырып, демократия, заң үстемдігі және әлеуметтік әділеттілік принциптерін қамтып, оны мемлекеттің табысты дамуының негізіне айналдырады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы: тұрақтылық пен өркендеудің кепілі

Фото Ашық дереккөз

2024 жылғы 30 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды, басым бағыттардың бірі – заңдылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Іргетасы заң үстемдігін қамтамасыз етудегі  Қазақстан Республикасының Конституциялық соты болды.

Конституциялық Соттың негізгі қызметі заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін бақылау. Бұл тұрғыда сот ешбір заңның немесе құқықтық актінің Конституцияның негізгі қағидаттары мен нормаларын бұзбауына кепілдік береді. Акт конституцияға қайшы деп танылса, ол заңды күшін жоғалтады, бұл оның қолданылуына және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермейді.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Конституциялық сотқа келесі мәселелер бойынша екі мыңнан астам азаматтардың өтініштері келіп түсті:

- заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің немесе олардың жекелеген ережелерінің конституцияға сәйкестігін тексеру бойынша – 25,2%;

- сот актілерімен келіспеушілік туралы – 18,7%;

- қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша – 14%;

- құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне шағымдармен – 83 өтініш;

- құқықтық нормаларды түсіндіру туралы өтініштермен – 81 өтініш және басқа да мәселелер бойынша.

Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, оның ішінде өмір сүруге, қауіпсіздікке, сөз бостандығына, дін және жиналыс бостандығына кепілдік береді. Конституцияда әлеуметтік мемлекеттің негіздері бекітілген, бұл мемлекеттің өз азаматтары алдындағы жауапкершілігін, олардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуді, білімге, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Конституциялық сот мемлекеттік органдардың заңдары мен іс-әрекеттерінің Конституцияға сәйкестігін бақылау арқылы осы қағидалардың сақталуын қамтамасыз етеді және жанжалдардың алдын алуда, даулы мәселелерді құқықтық негізде шешуде маңызды рөл атқарады.

2022 жылы бірқатар конституциялық-құқықтық түзету енгізілді. Олардың бірі Конституцияның 6-бабының 3-тармағында Қазақстан халқының барлық табиғи ресурстарға: жердің, судың, жер қойнауының, ормандардың және өзге де өсімдіктердің, жануарлар дүниесінің халықтың өркендеуіне және олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған меншігі жарияланды. Қазақстан азаматтары үшін табиғи ресурстарға халықтық меншікті орнатудың да генетикалық деңгейде сіңген өте терең адамгершілік-патриоттық мәні мен мазмұны бар. Прогрессивті норма әлеуметтік-экономикалық сипаттағы көптеген мәселелерді іске асыруға бағытталған және мемлекетіміздің сапалы материалдық бастауын құруға негіз болады.

Осыған ұқсас конституциялық нормалар Германия, Франция, Италия, АҚШ және т.б. жоғары дамыған елдердің Конституцияларында бекітілген. Конституциялық заңнама негізінде барлық салалық заңдар әлеуметтік әділеттілік пен тиімділік талаптарына сай реформаланады.

Конституция жоғарыда айтылғандармен қатар, жеке меншікті құқықтық қорғауды, кәсіпкерлік еркіндігін және нарықтық экономиканы қолдауды қамтамасыз ете отырып, елдің экономикалық дамуына жағдай жасайды. Ол сондай-ақ мемлекеттің тұрақты экономикалық өсу үшін жағдай жасау, оның ішінде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және инновацияларды қолдау жөніндегі міндеттемелерін бекітеді. Құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, инвесторлардың мүддесін қорғай отырып, Конституция шетел инвестицияларын тартуға және елдің экономикалық өркендеуінің кепілі болып табылатын кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді.

Конституция іргелі құжат бола отырып, елдің халықаралық аренада көрсететін құндылықтары мен қағидаттарын айқындайды. Демократиялық принциптерді, адам құқықтарын және заң үстемдігін бекітетін Конституциялар еліміздің оң имиджін қалыптастыруға және оны халықаралық қоғамдастықтың сенімді және жауапты мүшесі ретінде қабылдауға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы жай ғана құқықтық құжат емес, мемлекеттіліктің, тәуелсіздіктің, демократияның символы. Ол барлық азаматтың тұрақтылығын, өркендеуін және әл-ауқатын қамтамасыз ету сияқты ұлттық мақсаттарға қол жеткізудің негізі болып табылады. Бұл процесте Конституциялық Соттың рөлі баға жетпес, өйткені ол конституциялық құрылысты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың құқықтық жүйеге деген сенімін нығайтады. Ел дамуының заманауи динамикасы жағдайында Конституция Қазақстанды тұрақты даму мен өркендеу жолына бағыттайтын басты бағдар болып қала береді.

Анар АБАЙХАНҚЫЗЫ,

профессор