Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 30 Тамыз, 2024

Бабалардан қалған бай мұра

64 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бір жылдан аса уақыт қызу дайындық жұмысы жүргізілген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуына да санаулы күн қалды. 21 спорт түрін қамтитын аламанда спортшылар 97 медаль жиынтығы үшін тартысқа түседі. Дүбірлі дода қарсаңында ұлттық құрама саңлақтары елорда төрінде әзірлікті пысықтап жатыр. Алдағы күндері өзге мемлекеттен келетін командалар да ат басын Сарыарқаға бұрады.

Бабалардан қалған бай мұра

Ой додасына әзірлік

Астана қаласында өтетін Дүние­жүзі­лік көшпелілер ойындарында бақ сынайтын ұлттық құрама мүшелері қорытынды жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Назарбаев университетінің спорттық алаңында тоғызқұмалақ, овари және мангаладан еліміздің ұлттық құрамасы БАҚ өкілдеріне жаттығу барысын таныстырды. Этноспорт аламанында тоғызқұмалақ пен түріктің мангала және Африка елінің ұлттық сайысы саналатын овариден ой жарыстыратын саңлақтар жүлдеден үмітті.

Тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақыпбаева қоры­тынды жаттығу жиыны жоспарға сәйкес өтіп жатқанын айтты.

ен

«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында тоғызқұмалақтан – 4, овариден – 4, мангаладан 4 спортшы сайысқа түседі. Он жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының деңгейі жоғары. Елімізде тұңғыш рет жалауы желбірейтін айтулы додада топ жаруға барымызды саламыз. 27 тамыздан басталған қорытынды жат­тығу жиыны 7 қыркүйекке дейін жал­ғасады», деді ұлттық құраманың бас бап­кері.

Этноспорт додасында тоғызқұмалақ, мангала, овариден сайыс Астанадағы «Думан» қонақүйінің мәжіліс залында өтеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев зияткерлік ойындарға қатысатын спортшыларға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

«Осы үш спорт түрінен додаға қаты­сатын делегация мүшелері «Думан» қонақүйіне орналасады. Жатын орны мен сайыс өтетін алаң да – бір жерде. Спортшылар жол жүріп уақытын шы­ғындамайды», деді ол.

Батыс Африка елдерінің зияткерлік додасы - овариді екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты ойық болады. 48 шармен ойналатын сайыста өз тақтасындағы ойыққа шарды көп жинаған қатысушы жеңіске жетеді. Командада екі ер, екі әйел ойыншы болады. Ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақыпбаева овариден алғашқы ел чемпионаты наурыз айында Қызылорда қаласында өткенін, біріншіліктің же­ңімпаздары мен жүлдегерлері ұлт­тық құрамаға алынғанын жеткізді. Зият­керлік ойындар сайысында жанкүйерлер тоғызқұмалақтан еңбек сіңген спорт шеберлері Серік Ақтаев, Әсел Дәлиева, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие Ернұр Мерешев пен Аңса­ған Қожанәсіптен медаль күтеді. Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарына қаты­сатын Африка елдері мен Антигуа-Бар­буда және Қырғыз Республикасының спорт­шылары да овари сайысының жүл­десінен дәмелі.

Назарбаев университетінің спорттық алаңында асық ату, бес асық және қыр­ғыздың ұлттық ойыны ордодан еліміз­дің ұлттық құрамасы да БАҚ өкіл­деріне арнайы ашық жаттығу өткізді. Ұлттық спорт асық ату, бес асық және қырғыз елінің ұлттық ойыны саналатын ордодан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қорытынды жаттығу жиынға қатысушылар әзірлікті күшейткен. Ұлт­тық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы асық атудан 4 және бес асықтан 4 спортшы, қырғыздың ұлттық ойыны ордодан 8 мерген сайысатынын айтты. 16 саңлақ та – халықаралық дода көріп ысылған тәжірибелі спортшылар.

Жомарт Сабыржанұлы барлық облыс пен үш мегаполисте федерация жұмысы қарқынды жүріп, асық ату ойыны кең қанат жайғанын атап өтті.

«2023-2024 оқу жылынан бастап орта мектеп оқушылары арасында «Алтын сақа» республикалық олимпиадасы өтіп, бір мезетте 2 миллионнан аса оқушы қолындағы сақасын шиырып, асық ойнады. Қырғыздың төл ойыны ордодан алтын медаль бұйырады деу қиын, себебі олар төл спортын ежелден ойнап келе жатыр. Ал асық ату мен бес асық сыны­нан ба­рымызды саламыз. 2022 жылы Азия чем­пионатында біздің мергендер қырғыз қар­сыластарынан басым түскен еді», деді бас бапкер.

Этноспорт додасында асық ату, бес асық және ордо сайысы «Алау» мұз сарайында өтеді.

 

Мерейтойлық пошта маркасы

Астана қаласында 8-13 қыркүйек ара­­лығында өтетін V Дүниежүзілік көш­­­пелілер ойындары қарсаңында «Қа­зақ­станның мәдениеті мен спорты» аясында мерейтойлық пошта мар­­касы шықты. Дүниежүзілік көш­пе­­лілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров пен «Қазпошта» АҚ бас­қарма төрағасы Әсел Жанасова БАҚ өкіл­деріне мерейтойлық марканың мөрлеу шарасын өткізді. Наиль Нұров игі істің маңыздылығын атап өтіп, «Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындары – бұл тек спорттық дода ғана емес, дәс­түріміз бен мәдени мұрамызды да насихаттайды», деді.

Әсел Жанасова этноспорт ойындары қарсаңында мерейтойлық пошта маркасын шығару арқылы дүниежүзілік доданы насихаттауға басқарма ұжымы да ықыласты екенін айтты.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арналған мерейтойлық пошта маркасы бірегей филателиялық өнер туындысы саналады. 5 000 дана таралыммен шыққан марканың номиналды құны – 500 теңге.

 

Ұлт мұрасына арналған көрме

Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының басталуына да санаулы күн қалды. Елімізде өтетін айтулы дода аясында бірнеше маңызды іс-шара да жүзеге асырылып жатыр. Этноспорт додасына орай Сығанақ көшесі, 60/5 мекенжайында ашылған көрме 17 қыркүйекке дейін елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады. «Көшпелілер рухы: шексіз көкжиек» атты фотосуреттер мен арт-жұмыстар көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ» басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Қатар елшісі Абдулла Хусейн Джабер, Үндістан елшісі Нагендра Прасад, Канада дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Дэвид МакКиннон, Оман дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Талал Әл Якуби, Қырғызстан елшілігінің үшінші хатшысы Эрнис Абдирашитов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері туындыларға жоғары баға берді.

ва

Көшпелілер мәдениетінің әлемі­не тереңдей үңілуге жетелейтін көр­меге ке­лушілер еліміздің танымал фо­то­граф­тары Анзор Гасаев пен Алек­сандр Кузнецов, ұлыбританиялық ше­бер Коннор МакНил (TheFella), мажар­стандық режиссер Карачонь Шан­дордың ерекше туындыларын тамашалай алады. Бұл суретшілер көшпелілер өмірінің әсерлі һәм қызықты сәттерін, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен алынған таңғажайып пейзаждарды алғаш рет көрермен назарына ұсынып отыр.

Көрме бірнеше тақырыпты қам­тып, көшпелілер өмірінің әртүрлі қыр­­­ларын және олардың табиғатпен те­рең байланысын әйгілейді. Көш­пе­лі­лер әле­міне кіріспе бөлімінде Қа­зақ­стан табиғаты мен халықтың күн­де­лікті өмірінен сыр шертетін туынды­лар қойылған.

Көшпелілер рухы бөліміне топтас­тырылған сырлы суреттер көшпелі ха­лықтың дәстүрін, рәсімін және таби­ғатпен үндестігін сипаттайды.

 

Көкпаршыларға сәттілік тіледі

Астана төрінде өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қалың жан­күйер көкпар мен қырғыздың көкбөрі ой­нынан өтетін доданы асыға күте­тіні анық. Себебі қазақ пен қырғыз ара­сындағы көкпар тартысы ежелден қызықты һәм қиқумен өтеді. Ақылбай Ман­кеев баптайтын көкпардан ұлттық құрама мүшелері де қорытынды оқу-жат­тығу жиынын Астана қаласында өткізіп жатыр.

уке

Дүбірлі дода қарсаңында Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаев, «Ұлттық және ат спорты түр­лері орталығының» директоры Бақ­дәулет Сәбитов, Жаппай көкпар федера­циясының президенті Ғани Дірманов, Дүниежүзілік көкпар федерациясының вице-президенті Әлібек Мұқатаев құ­рама команда мүшелерімен кездесіп, оқу-жаттығу барысымен танысты.

Көкпар федерациясының президенті спортшыларға сәттілік тілеп, ел абыройын халықаралық аренада қорғаудың жауапкершілігі зор екенін жеткізді. Феде­рацияның спортшыларға қолдау көр­сету және көкпар спортын дамыту ба­ғытындағы қолға алынған іс-шара­ларынан хабардар етті.

 

Тартысқа дайындық қызу

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында арқан тартыстан додаға қосылатын ұлттық құрама мүшелері қорытынды жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Щучинск қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығында әзірлікті күшейт­кен құрама мүшелері чемпион атанудан үмітті. Ұлттық құрамаға қабылданған спортшылар қаңтар айында өткен ел бірін­шілігінде іріктелді. Арқан тартыс федерациясының вице-президенті Нұр­лан Жабаев басты қарсылас саналатын командалардың әзірлігін зерттеп, тыңғылықты әзірлену қажеттігін айтты.

«Арқан тартыстан Англия, Пәкістан, Қырғызстан құрамалары тегеурінді. Де­генмен де өз елімізде өтетін дүбірлі до­дада қыздарымыз да, жігіттер де олжа салатынына сенеміз», деді Н.Жабаев.

Арқан тартыс федерациясының бас директоры Расул Тіленов ұлттық құрама мүшелері Ресейдің Екатеринбург, Түмен қалаларында өткен халықаралық турнирлерге қатысып, жеңіске жеткенін айтты. Арқан тартыс кенже дамыған спорт түрі саналады. Федерация биыл жыл басында ғана құрылды.

 

Көршілер де осал емес

Астана қаласында өтетін V Дү­ние­­жүзілік көшпелілер ойындарына көк­пар мен көкбөрі ойнына қаты­сатын Қырғызстанның ұлттық құра­масы Ыс­тықкөл жағасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ресей ұлттық құра­масымен бірлескен жиында жолдастық кездесу өткізіп те үлгерді. Қырғызстан ұлт­тық құрамасының капитаны Рустам Тыналиев жігіттердің әзірлігі жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Бұған дейін көкпардан Дүние-жүзілік көшпелілер ойындарына, әлем чемпио­натына, өзге де халықаралық турнирлерге қатыстым. Қазақстанда өтетін этно­спорт аламанының маңызы зор. Біз көкбөріден де, шеңберге ойналатын көкпардан да сайысқа түсеміз. Көк­пар ойынының айырмашылығы – тек шеңберде ғана емес, уақыты да қысқа: екі тайм ғана. Ал көкбөріні біз үш тайм ойнаймыз. Аттарымызды да бабында ұстап, жігіттер физикалық, тактикалық әзірлікті пысықтап жатыр. Бабаларымыздан мирас ұлық өнерді құрметтейтін әр қырғыз ұланы улақ (серке) тартуға ынтасы артып, додаға кіруге ұмтылады. Дүйім қырғыз хал­қы сенім артатын сайыста жеңіске жету үшін барымызды саламыз», деді Р.Тыналиев.

Ал Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына тұңғыш рет қатысуға мүмкіндік алған ұлттық құрама мүшесі Өмірбек Есенұлы командадағы тәжірибелі ойыншылардан тәлім алып, дүбірлі аламанда барын салуға ұмтылатынын айтты.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының чемпионы атану – зор бақыт, орасан мерей. Биыл бесінші мәрте ұйым­дастырылатын додада жеңіске жетсек, сенім ақталғаны», дейді көкпаршы.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпар мен көкбөрі додасы «Қазанат» ипподромында өтеді.