Фото: ашық дереккөзден
Төртжылдық додасының қорытындысы айтылып, келешекке жоспар түзіліп, жауапты ұйым басшыларына ауқымды шаруаның жауапкершілігі жүктелді. Париж Олимпиадасындағы нәтиже сараланып, спорт саласына ауқымды реформа жүргізу қажеттігі талқыланды.
«Біздің спортшылар Олимпиадаға 25 спорт түрінен қатысты. Соның бесеуінен медаль алды (алтын – дзюдо, күміс – бокс, спорттық гимнастика, грек-рим күресі, қола – дзюдо, бокс, нысана көздеу). Жалпы, 87 мемлекет Парижде жүлдеге ие болды. Қазақстан командалық есепте 43-орынға тұрақтады (1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль). Елдос Сметов дзюдо күресінен Қазақстан балуандары арасынан алғаш болып Олимпиада чемпионы атанды. Нариман Құрбанов тарихи медаль жеңіп алды. Ол – ел тарихында спорттық гимнастикадан жүлде алған тұңғыш спортшы. Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлде еншіледі. Бұл спорт түрінен 1996 жылғы Атланта (АҚШ) Олимпиадасынан кейін алғаш рет медаль алдық», деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Париж Олимпиадасынан медаль олжалаған саңлақтармен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қашанда спортқа жүйелі қолдау көрсетіп, жан-жақты дамытуға мүмкіндік туғызып отырғанына тоқталған министр мемлекет қамқорлығының қайтарымы болуы керек екенін баса айтты.
«Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық көңіл көншітпей, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоуда ұлттық құраманың қандай нәтиже көрсеткені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең сәтсіз Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, барлығына жағдай жасадық. Бірақ Париждегі көрсеткіш көңілден шыққан жоқ» деген Е.Маржықпаев аламанға аттанарда айтылған уәденің орындалмағанына қынжылыс білдірді.
Министр Парижден жалқы жүлдемен оралған боксшылардың нәтижесіне көңілі соқпайтынын, жүйелі жұмыс жүргізу үшін түбегейлі реформа қажеттігін ескертті. Жеңіл атлетика бойынша да уәде орындалған жоқ. 8 жолдама еншілеген жеңіл атлеттер 1 күміс медаль олжалаймыз деп сендіргенімен, ең тәуір көрсеткіш 9-орын болды. 2000-2020 жылдар аралығындағы жазғы Олимпия ойындарынан медальмен оралған жеңіл атлеттердің де жаттығу жүйесіне ауқымды өзгеріс енгізіп, жүктемені күшейту кезек күттірмейтін шаруа екенін жеткізді. Е.Маржықпаев міндеттемелерге сәйкес еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды. Тіпті ең сәтсіз деген Токио Олимпиадасында еркін күрестен қола медаль бұйырған еді. Бұл жолы 4 балуанымызға жолдама тиіп, Олимпиадаға жолы түскенімен Париж кілемі спортшылардың дайындығы қандай межеде болғанын әйгілеп берді. «Тарихта алғаш рет әйелдер күресінен спортшылар ойындарға қатысқан жоқ. Бұған дейін балуан қыздарымыз жүлдемен оралып еді», деді министр.
Сала басшысы аймақтардың жағдайына тоқталып, ұлттық құрамаға 17 өңірдің спортшылары енгенін айтты. Алматы (17 лицензия), Астана (14) және Шымкент (12) өкілдері көп жолдама еншілеген. Ал Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының спортшылары бірде-бір лицензия алған жоқ. Жүлдеге тек Жамбыл облысы (алтын – Е.Сметов), Алматы қаласы (күміс – Н.Құрбанов, 3 қола: Ғ.Қырғызбаев, Н.Қызайбай, И. Сәтпаев және А.Ле), Астана қаласы (күміс – Н.Оралбай), Алматы облысының (күміс – Д.Жадыраев) саңлақтары қол жеткізді. Спорттық тарихы бай, талай саңлақты түлеткен Қарағанды облысының спортшылары осымен екінші Олимпия ойындарынан медальсыз қайтып отыр. Министр бұған дейін 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль еншілеген өңірдің спорты еңсесін тіктей алмай тұрғанын сынға алды. Павлодар облысында да жылдан-жылға көрсеткіш күрт төмендеп барады. 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасына бұл облыстың үздіктері 7 жолдама иеленсе, 2021 жылы өткен Токио додасында 4, ал биыл Парижге тек 1 спортшы ғана қатысты.
Е.Маржықпаев жергілікті атқарушы органдар олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріп, саланы дамыту саясатын қайта қарауы қажет екенін айтты. «Қазірден бастап мүдделі тараптармен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Алты айдан кейін Харбинде ІХ қысқы Азия ойындары өтеді. Милан мен Кортина-дАмпеццо қалаларында өтетін ХХV қысқы Олимпиада додасына да аз уақыт қалды. Ұлттық құраманың дайындығын күшейту қажет», деді министр.
Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында Е.Маржықпаев қолға алған шаралар алдағы уақытта жемісін беретініне сенім білдірді. «Спортты өрістетіп, спортшылардың алаңсыз дайындық жасауына мүмкіндік туғызып, кем-кетікті бүтіндеуіміз керек. Біз жаңа Олимпиадалық циклді қазірден бастадық. Алда Лос-Анджелес Олимпиадасы күтіп тұр. Маңызды додаға қазірден дайындалу керек. Министрлік, федерациялар, бапкерлер, әкімдіктер, Ұлттық Олимпиада комитеті Париждегі жағдайдан сабақ алып, сапалы жұмыс жүргізуі қажет. Бұл – бәрімізге ортақ міндет», деді министр.