Экспорт • 30 Тамыз, 2024

Экспорттық әлеуеттің бес үрдісі

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экономикалық зерттеулер институты биылғы бірінші жартыжылдықтағы ТОП-5 үрдісті тізбелеп шығыпты. Өңірдегі ахуалдың әлі тұрақтала алмай тұрғаны біздің де экспорттық саясатымызға дүркін-дүркін әсерін тигізіп жатыр.

Экспорттық әлеуеттің бес үрдісі

Фото: ашық дереккөзден

Институт сарапшылары ата­ған бірінші үрдіс – шикізаттық экспорттың өсімі. Ел экономикасы дәстүрлі экспорттық тауарларға сүйенуді жалғастырып отыр. 2024 жылдың алғашқы жартысында экспорт мұнай, уран, мыс катодтары мен рудалардың жеткізілуі арқасында 2,1%-ға өсті. Алайда осы тауарларды есептемегенде, экспорт 14%-ға төмендеді, бұл шикізат секторына тәуелділікті айқындайды.

Екінші анық көзге ұрған фактор – бидай жеткізілімдерінің күрт қысқаруы. Отандық фермерлер бидай экспортының екі есе қысқаруы салдарынан 533 млн доллар көлемінде экспорттық табыс жоғалтқан. Әсіресе Өзбекстанға жеткізілім – 33%-ға, Ауғанстанға – 81%-ға, Түрікменстанға 95%-ға қысқарды. Бұл жоғалтулар ресейлік бидай экспортының артуымен, біздегі дәстүрлі нарықтың жаулап алынуымен байланысты.

Үшінші үрдіс – дайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өсті. Шикізаттық ауыл шаруашылығы тауарлары экспортының төмендеуіне қарамастан, дайын өнім экспорты 12%-ға, ал көлемі 24%-ға өсті. 2014 жылдан бері физикалық көлем 4 есе өсті, бірақ экспорттың 95%-дан астамы әлі де ТМД елдеріне тиесілі. Экспорттық нарықтарды әртараптандыру агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі дамуы үшін маңызды міндет болып қала береді.

Төртінші үрдіс – Қытайға экспорттың рекордтарды жаңар­тып жатқаны.

2024 жылдың алғашқы жартысында Қытайға экспорт 7,3 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға өсті. Қытай елімізден металды (+60%), руда (+18%), химиялық заттарды (+157%), азық-түлік өнімдерін (+49%) белсенді сатып алып жатыр.

Бесінші үрдіс – Ресейге шығарыл­ған экспорттың төмен­деуі. Бұл елге тауар тасымалы 20%-ға төмендеп, 4,3 млрд доллар болды. Төмендеудің негізгі себептері – реэкспортты бақылаудың күшеюі, автокөліктер мен қымбат металл руда жеткізілімдерінің азаюы. Былтырғы рекордтық көрсеткіштерден кейін Ресейге экспорттың қысқаруы сауда ағымдарының өзгеруін, ресейлік нарықтағы өсіп келе жатқан қиындықты көрсетеді.