Қоғам • 30 Тамыз, 2024

Балаларды ерте қолдау қызметі ашылды

68 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодарда жаңа туған сәбиден 3 жасқа дейінгі балалардың дамуына жан-жақты көмек көрсететін ерте қолдау қыз­меті ашылды. Психологиялық-педагогикалық қолдау орта­лығы негізінде пайда болған ұйымда балалар танымдық, моторикалық және қарым-қатынас дағдыларымен танысады. Орталық өңірдегі 13 түзеу кабинетінің жұмысын да үйлестіреді.

Балаларды ерте қолдау қызметі ашылды

Психологиялық-педагогика­лық қолдау кабинеті – ар­найы білім беру ұйымы. Онда кез кел­ген ерекше бала мен оның отба­сы дефектолог, психолог, лого­пед, тифлопедагог, сурдопеда­гог, физиотерапевт, өзге де білікті мамандардың көмегін ала алады. Негізгі мақсат – ерекше бала өсіріп отырған отбасыларға жа­қын жерден түзеу кабинеттерін құру. Пав­лодар облыстық психо­ло­гия­лық-педагогикалық қолдау қызме­тінің құрылымына 13 кабинет кіреді. Енді олардың бірінде ерте қолдау қызметі жұмыс істей бастады.

Атап өтерлігі, бұл қызмет «Дара» қорының бастамасымен, «Шеврон» компаниясының демеу­шілігімен ашылып отыр. Мұндай орталық еліміз бойын­ша үшінші болып Павлодар қаласында құ­рылған.

«Дара» қоры өкілдерінің айтуынша, балалардың бойындағы ауытқушылық тәуекелдерінің қалыптасуын төмендетуге бағыт­тал­ған жұмыстар – еліміздегі жаңа бағыт. Қанатқақты жоба биылғы көктемде іске қосылып, бұған дейін еліміздің екі аймағында ерте қол­дау қызметтері жұмысын бастап кеткен еді. Алғашқысы  Өскеменде, екіншісі Атырауда, енді, міне, Павлодарда ашылып отыр. Сондай-ақ төртіншісі Екібас­тұз қаласында да өз қызме­тін ұсына бастады.

Бұған дейін психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетіне жөндеу жүргізіліп, қажетті жаб­дықтар мен ойыншықтар, балалармен жұмыс істеуге арналған материалдар сатып алынған. Ал жергілікті психологтер қосымша оқытылған.

– Баланың туған сәтінен үш жасына дейінгі шағы – ең маңызды кезең. Бұл уақытта оның бойында қоршаған ортамен өзара ынтымақтасудың барлық қажетті машықтары қалыптаса бастайды. Бұл дегеніміз – сөйлеу, жү­ру, ересектерді түсіну, өзге де ма­шықтар. Бұлар арқылы бала өзін қоршаған әлемді танып, адамдармен араласа бастайды. Егер осы кезеңдегі даму үрдісінде ата-анасы баланың бойынан қандай да бір ауытқушылықты байқаса, дәрігерге немесе біздің ерте қолдау қызметіне хабарласа алады, – дейді Павлодар аудандық психологиялық-педаго­гикалық түзету кабинетінің басшысы Айжан Оспанова.

Мамандардың сөзіне сүйен­сек, балалардың дамуындағы ауыт­қу­шылықтар сәл ғана байқа­луы мүм­кін. Орталықтағы арнайы оқы­тылған мамандар жағ­дай­ды талдап, ата-анаға тиісті нұсқау­лық­тар бере алады. Бала дамуын­да­ғы ауытқушылықтың алдын алғысы келетін ата-ана ондай нұс­қаулықты үйде де орындай алады екен. Егер жағдай алаң­да­тар­лықтай болса, мәселен, бала ересектердің оған қарата айтыл­ған сөздерін анық түсінбесе, ата-анасы оны бірден ерте қолдау қыз­метінің терапиясына апарғаны абзал. Мұнда онымен қажетінше дефектолог, психолог, логопед немесе емдік дене тәрбиесі маманы шұғылданады.

Орталыққа психологиялық-ме­­дициналық-педагогикалық ке­­­ңе­с­тен өткен балалар да келе ала­ды. Ол үшін дәрігердің жолдамасы болса жеткілікті.

– Біздің ерте қолдау қызметінің іс-әрекеті балалы отбасыларға ба­ғытталған. Мұнда еңбек ететін қызметкерлер баламен жұмыс іс­теп қана қоймай, ата-анасына маңыз­ды кеңес береді. Сол арқы­лы бала бойында туындауы мүм­кін ауытқушылықтың қа­лай алдын алуға болатынын үйрете­ді. Нәтижесінде, сәбидің дамуына теріс әсер еткен шектеулер біртін­деп жойылып, баланы ортаға бейімдеуге және әрі қарай мектепалды білім беру ұйымдарына дайындауға ата-анасына көмек­теседі. Яғни орталықтағы маман­дар балалардың машық­та­рын қа­лыптастыруға жұмылды­ры­ла­ды. Жеткіншек өзге қатар­лас­­та­рына қарағанда мотори­ка­лық машықтарды тым баяу бағын­дырса, сөйлеу тілінің дамуы кешеуілдесе, үнемі агрессия танытып, жылауды үдетсе, ұйқысы нашар болып, тәбеті жоғала бас­таса, біздің орталыққа әкелгені дұрыс. Немесе ата-аналары әлде­неге алаңдап, баласының дамуын­дағы ерекшеліктерді танып білгісі келсе де орталыққа жүгіне алады, – дейді «Даму» қорының менеджері Айгүл Табергенова.

Заңғар ауылының тұрғыны Самал Тоқтағұлова – ерте қолдау қызметіне алғашқы болып кел­гендердің бірі. Үш жасар ұлы Батырхан гипербелсенді болуына, сөйлеу тілінде мәселе туындауы­на байланысты невропатолог маманның кеңесімен осында жіберіліпті.

– Біз бұл орталыққа екі айдан аса уақыт келіп жүрміз. Нә­тижесі жақсы. Себебі баламыз гипербелсенді, бір орында ба­йыз тауып отыра алмайды және сөйлеуінде кідіріс бар. Сондықтан осында келдік. Қа­зір айтқанымызды тыңдайды, сөзімізді қайталайды. Балалар­мен ойнап, қарым-қатынас құра бастады. Орталыққа келгенімізге қуаныштымыз. Мұнда психологпен, дефектологпен жұмыс істедік. Нақты өзгеріс байқалып жатыр, – дейді ана.

Мекемеде балаларға барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Пандус пен түрлі-түсті дыбыс бергіштер, ұстағыш тұтқалар бар, кіреберіс есігі кең. Ғима­рат заманға сай арнайы жабдық­тармен, әдіс­темелік материалдармен, әде­биеттермен қамтылып, Монте­сорри кабинеті, емдік дене тәрбиесі залы жабдықталған.

«Дара» қорының өкілдері келешекте мұндай қызмет көрсету орталықтарын еліміздің барлық өңірінде ашуды жоспарлап отыр.

 

Павлодар облысы