Білім • 30 Тамыз, 2024

«Виртуалды репетитор» не береді?

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы күндері Алматы мектептерінде жасанды интеллектінің көмегімен «виртуалды репетитор» пайда болуы ғажап емес. Қазірдің өзінде мұның алғышарттары нақты жүзеге асып келеді.

«Виртуалды репетитор» не береді?

Бұл күндері мегаполистегі барлық мектептің оқушылары қосылған «TopIQ.kz» платформасындағы «Жеңіл портфель» жобасы сәтті жүзеге асқаны туралы қала әкімі Ерболат Досаев білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде мәлім­деді.

Қала басшысы цифрлық оқулықтарды енгізу жаңартылатын ақпаратқа жылдам қол жеткізіп, оқу материалын түсінуді оңайлататын интерактивті элементтерді қамтитыны әрі баланың арқасындағы ауыр сөмкені жеңілдететінін айтады.

Сол сияқты жаңа оқу жылы қарса­ңын­да қаладағы балабақша педагог­тері мен ата-аналарды әдістемелік қолдау үшін «AlmatyKids.kz» дамытушы цифр­лық контенті жасалып, оған барлық бала­бақша қосылғанын айта кету керек.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2024-2025 оқу жылының қарсаңында «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткен педагогтердің қала­лық тамыз саммитінде барлық мек­теп­тің оқушылары мен мұғалімдері 6 мың­нан астам әдеби туындыға электронды және аудио форматта қол жеткізгенін атап өтті.

Шаһар басшысы цифрлық шешімдер балаларға арналған білім мазмұнын айтар­лықтай дамытатынын, оған қоса басқа да ілкімді жобалар жүзеге асатынын мәлім­де­ді.

Сонымен қатар Алматы мұғалімдері үшін жасанды интеллект саласында веб-әзірлеушілерді даярлау бағдарламасы іске қосылмақ.

Тарата баяндағанда, «Алматы мек­теп­тері» бағдарламасы шеңберінде қалада оқушылардың функционалдық сауат­тылығын, цифрлық құзыреттілігі мен дағдысын қалыптастыруға бағытталған сертификатталған бағдарлама бойынша 70 мұғалімнің біліктілігін арттыру жалғасып жатыр. Оқыту «Cambridge International Assessment Education» мақұлдаған оқу материалдарының төрт ресми әлемдік баспагерінің бірі «Marshall Cavendish» бағдарламасы бойынша жүр­гізіледі.

«Биылғы оқу жылының басынан бас­тап, Алматы қаласындағы мем­ле­кет­­тік мек­тептердің мұғалімдеріне жа­сан­ды интеллект саласында веб-әзірлеушілерді даярлаудың 12 апталық арнайы бағдарламасын іске қосуды жос­парлап отырмыз. Әрбір мектеп командасы генеративті жасанды интеллект мүмкіндігін пайдалана отырып, өзінің веб-қосымшасын жасап, іске қосады», деді шаһар басшысы.

Дәстүрлі тамыз саммитінде Ерболат Досаев цифрлық оқыту мен ақпа­рат­тық технологиялардың маңызды ас­пектілерін қамтитын IT пәндері бо­йынша 100 мектептің мұғалімдерін оқыту бағдарламасы іске қосылса, бұл мұға­лім­дерге инновацияларды оқу үдері­сіне тиімді енгізуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

Былтыр Алматының 6 мыңға жуық мұғалімі елімізді айтпағанда, шетелдерде де тағылымдамадан өткенін айту ләзім. Атап айтқанда, Алматының білім саласына тиімді шетелдік инновациялық тәжірибені енгізу үшін былтыр 207 мектеп, балабақша басшысы мен орынбасарлары, білім жүйесінің педагогтері Ұлыбритания, Швеция, Финляндия, Эстония, Сингапур, Жапония, Ресей елдерінде тәжірибе байытып, ел ішінде 5 700-ден астам тағылымдамадан өтті. Нәтижесінде, яғни шетелдік иннова­ция­лық тәжірибе негізінде Алматы педагогтері мектептерде 117 бағдарлама мен жоба, балабақшаларға 35 жоба әзірлеп отыр.

Соңғы мәліметтерге сәй­кес, Алматыда мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау деңгейі 85%-ға жеткен.

Биыл Алматыда мектептерге интерак­тивті контенті бар 168 жаңа модификация кабинеті сатып алынды.

Шаһар басшысы қаладағы мектеп­тер­дің инфрақұрылымына баса назар аударылатынына тоқтала келе: «Биыл мектептерге практикалық және теориялық есептерді шешуге интерактивті мазмұны бар 168 жаңа модификация кабинеті (физика, химия, биология, роботтехника, STEM) сатып алынды. Бұл мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтаудың 85% деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік берді», деді.

Алматыда 168 жаңа кабинеттің енгізілуі – мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау көрсеткішін өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға өсіріп отыр.

Сонымен қатар, Ұлттық банктің Ұлттық төлем корпорациясымен бірлесіп №201 мектеп-гимназиясында «Цифрлық теңге» платформасында бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға арналған «цифрлық ваучерлер» бағдар­ламасы сәтті жүзеге асып келеді. Аталған бағдарлама бойынша бүгінде 50 мыңға жуық транзакция жүргізілген.

Алматы қаласының әкімі алдағы уа­қытта бұл жобаны қаланың басқа мек­­тептеріне де енгізу жоспарланып жат­қа­нын жеткізді.

 

АЛМАТЫ