Аймақтар • 30 Тамыз, 2024

Меркідегі білім ордасы әлі дайын емес...

146 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тоқсан күн бойы тыныққан білім алушылар алғашқы қоңыраудың сыңғырын еститін күн таяды. Алтын ұя мектебіне асыққан жеткіншектер жаңа оқу жылын тағатсыздана тосып жүргені анық. Ал өңірдегі білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығы қандай?

Меркідегі білім ордасы әлі дайын емес...

Сала қолдаудан кенде емес

Дерекке сенсек, осы жылы облыс­та білім саласына 319,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы қаржымен салыстырғанда 39 млрд теңгеге артық. Бір сөзбен айт­қанда, өңірдің білім сала­сына айтар­лық­тай деңгейде қолдау көрсетіліп отыр.

Жалпы алғанда, облыста 1 239 мекеме жұмыс істейді. Оның 587-сі мектепке дейінгі білім беру ұйымы болса, 507-сі орта білім ұйымдарының санатына енген. Қалған 42-сі колледж, сондай-ақ 76 мекеме қосымша біліммен айналысса, 25 мекеме ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов келтірген дерекке жүгінсек, жаңа оқу жылында өңірдегі 507 орта білім ұйымы 248 мыңнан астам оқушыны қабылдамақ. Болжам бойынша 1-сыныпқа қабылда­натын балалардың саны 20 800-ге жете­ді деп күтіліп отыр. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыс­тық тамақ, киім-кешек және жазғы сауық­тырумен қамтамасыз ету үшін 5,6 млрд теңге қарастырылған. Жаңа оқу жылына киім алуға әр балаға 47 389 теңгеден берілген. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында бүгінге дейін 1 481 балаға 38,747 миллион теңгеге көмек көрсетілген.

Бір қарағанда өңірдің білім басқар­ма­сына қарасты білім ұйымдары жаңа оқу жылына сақадай сай дайын секілді көрінеді. Әйткенмен, өзекті мәселелер де жетіп артылады. Жергілікті билік саладағы кейбір кемшіліктерді дер кезін­де жоюға мүдделі болып отыр.

 

Меркінің әкімі неге ерте қамданбаған?

Оқу жылы аяқталғаннан кейін жауапты басқарма мен аудандардағы білім бөлімдері мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге жанұшыра кірісетіні белгілі. Жауаптылар дер кезінде қам­данғанымен, мердігерлер тарапынан ағаттық кетіп, кейбір ғимараттар жаңа оқу жылына дайын болмай жатады. Мұндай олқылық биыл да кездесіп отыр.

Жалпы, 2024-2025 жылдары 41 білім беру нысанының құрылыс жұмысын жүр­гізу жоспарланса, осы жылы 18 ғимараттың құрылысы аяқталмақ. Оның 6-уы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолданысқа беріледі екен. Сондай-ақ 9 білім ұясы мен 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірде 96 білім ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Жергілікті билік жанұшыра іске кіріскенімен, кейбір мектептер жаңа оқу жылын бастауға дер кезінде дайын болмайтын секілді.

Жаңа оқу жылына дейін күрделі жөн­деу жұмысы аяқталмайтын мектептер Меркі ауданында да бар. Ақтоған және Мыңқазан аулының балалары жаңа оқу жылын басқа ғимаратта бастауға мәжбүр болып отыр. Бір қызығы, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов аталған ауданға жұ­мыс сапарымен барғанда жергілікті атқару­шы билік балама нұсқа ретінде оқушыларды мәдениет үйінде оқыта тұруға құлшынып отырғаны анық­тал­ған. Алайда өңір басшысының орынбасары мәдениет үйінде оқушыларды оқыту қисынсыз екенін, қалыпты жағдай қарастырылмағанын алға тартқан.

Бір қызығы, Меркінің мәселесі жергілікті деңгейдегі аппараттық кеңесте де қаралды. Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарымен барған кезде аудан басшысы мәселесі бар мектепке ат басын бұрмаған. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев «Орынбасарым барғанда сіз неге ол жерде болмадыңыз?» деп Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековті састырды. Аудан әкімі болса: «Хабар кеш жетті» деп біртүрлі жауап беріп, бәрімізді қайран қалдырды.

Ақтоғандағы мектептің жаңа оқу жылына дайын болмауының қандай себебі бар? Жергілікті атқарушы билік тарапы­нан қадағалау әлсіз болды ма? Қалай десек те, жаңа оқу жылы басталар шақта жыл сайын дәл осындай мәселелер кездесе береді...

«Ақтоғандағы мектептің мәселесі күр­делі болып тұр. Жобасында сейсмо­күшейту қарастырылған. Ол үшін бетонмен үш қайтара қаптау жұмысы жүргізілуі керек. Сондықтан ғимараттың кей тұсы дер кезінде кеппеді. Күрделі жөндеу жұмысы ертерек басталсын деген ниетпен ғимаратты мамыр айында босатып, балаларды мәдениет үйінде оқыттық. Алайда техникалық жағдайға байланысты мектеп дер кезінде дайын болмай тұр.

Ал Мыңқазан аулының оқушы­ларын екі шақырым жердегі Қостаған аулындағы мектепке тасымалдап оқыта тұрамыз. Екі мектептегі күрделі жөндеу жұмысы бірінші қазанға дейін бітеді», дейді аудан әкімі Жорабек Баубеков.

Аудан басшысы Ақтоғандағы оқушы­лар­ды уақытша мәдениет үйінде оқытуға ниеттеніп отыр. Алайда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің айтуынша, білім алушыларды мәдениет үйін­де оқытудың қажеті шамалы. Өйткені сани­тар­л­ық нормаға сәйкес келмейді.

Қалай десек те, облыс әкімдігінің білім басқармасы мен Меркі ауданының бас­шы­лары бұл мәселеге ертерек ден қой­мағаны байқалып қалды. Әсіресе Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков ақто­ғандық оқушылардың мәселесін тамыз айының аяғына дейін созбай ертерек шешкені жөн еді. Енді бұл мәселені жедел реттеуге тура келеді. Өйткені облыс әкімінің орынбасары аудан әкімінің жос­парын жоққа шығарды.

 

42 мектепте басшы жоқ

Бірнеше жыл бойы бір мәселе қайталана береді. Иә, басшысы жоқ мек­тептерге директор тағайындау мұңға айналған секілді. Бос орындарға конкурстар дер кезінде өткізілгеніне қарамастан, өңірдегі ондаған білім ордасы жаңа оқу жылын тағы да директорсыз бастайды. Тіпті бір жылдан астам уақыт бойы басшысыз отырған мектептер де бар.

Осы жылдың басында өңірдегі 59 мектептің директорсыз отырғанын айтып, дабыл қаққан едік. 19 ақпан күні бас басылымда жарияланған «Директорсыз мектептер» атты мақалада өзекті мәселеге жан-жақты тоқталғанбыз. Ол кезде облыс әкімдігі білім басқармасы да басшысыз қалған еді. Наурыз айында қызметке тағайындалған Рауан Садырқұловтың айтуынша, ол қызметке келгелі 17 мектепке басшы тағайындалыпты.

«Мен басқармаға басшы болып келген кезде 59 орын бос болатын. Төртінші сәуірден бері төрт мәрте конкурс ұйым­дас­тыр­дық. Нәтижесінде, 17 мектеп директоры тағайындалды. Жақында бесінші мәрте конкурс жарияладық. Оның нәтижесі бесінші қыркүйек күні шығады», дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы.

Басқарма басшысы келтірген дерекке жүгінсек, директоры жоқ білім орда­ла­рының саны бастауыш мектептердің есебінен күрт артқан көрінеді.

«Директорсыз қалған оқу ордалары­ның санын бастауыш мектептер арттырып отыр. Ол жерде директор емес, әдіскер деп аталады. Жалақысында 10 мың теңге ғана айырмашылық болғандықтан, мамандар ол қызметке қызығушылық танытпайды. Конкурстың басым көпшілігі осыларға ұйымдастырылып жатыр», дейді Р. Садырқұлов.

Қалай десек те, жыл басындағы дерекпен салыстырғанда 17 директор тағайындалыпты. Әлі 42 басшының орны бос тұр. Оларға директор немесе әдіскер тағайындауға әлі қанша конкурс ұйымдастырылады екен? Бесінші қыркүйекте барлық мәселе оңынан шешіле ме? Әзірге белгісіз.

Өңірдің білім саласын өркендету бойынша жергілікті атқарушы билік тарапынан аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Заман талабына сай жаңа мектептер салынып жатыр. Әйтсе де, білім саласында бірқатар кемшілік те бар. Мәселен, білім алушыларды оқулықтармен қамту мәселесі тамыз айының аяқ тұсында ғана оңынан шешілді. Қалай алып қарасақ та, салаға жауапты мамандар кейбір өткір мәселені дер кезінде шеше алмай отырғаны анық.

 

Жамбыл облысы