Президент • 02 Қыркүйек, 2024

Президент: Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отыр

91 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отыр

Фото: Ақорда

Президентттің айтуынша, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды.

«Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты», деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің айтуынша экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отыр. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс», деді.