ЖОЛДАУ • 02 Қыркүйек, 2024

Жолдауда айтылған мәселелер ел өмірінің барлық саласына тиесілі - Әлішер Сатыбалдиев

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Әлішер Сатыбалдиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында назарға алынған мәселелер мен басымдықтар ел өмірінің барлық саласына тиесілі екеніне назар аударды, деп жазады Egemen.kz.

Жолдауда айтылған мәселелер ел өмірінің барлық саласына тиесілі - Әлішер Сатыбалдиев

Фото: Сенат

Әлішер Сатыбалдиев Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген 9 мәселесі кейінгі 5 жылда қолға алынған реформалардың жалғасы екенін атап өтті. 

«Бүгін жыл сайынғы дәстүрге сәйкес ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиында сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ашылды. Сонымен қатар Президент Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады.

Жолдауда назарға алынған мәселелер мен басымдықтар ел өмірінің барлық саласына тиесілі екендігімен есте қалды. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен негізгі 9 стратегиялық бағыттар мыналар:

  1. Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет.
  2. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды.
  3. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет.
  4. Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет.
  5. Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды.
  6. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек.
  7. Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі.
  8. Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек.
  9. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет.

Бұл бағыттар бойынша атқарылуы көзделген жұмыстардың дені соңғы бес жылда елімізде қолға алынған ауқымды реформалық саясаттың жалғасы болып саналады. Атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде тиісті алғышарттар жасау арқылы осы стратегиялық бағыттарды жүзеге асыру мүмкіндігі туды деуге болады», деді Ә.Сатыбалдиев.

Сенатор АЭС салу бойынша референдум уақытының белгіленуі де маңызды жаңалық екеніне тоқталды. 

«Жолдау барысында аталған тезистердің арасынан АЭС салу бойынша референдум мерзімінің анықталғаны ең талқылаулы мәселе болары анық. Десе де, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін АЭС салу арқылы шешудің дұрыс-бұрысын ел азаматтары соңғы бір жыл бойы қызу талқылап келді. Енді шешім қабылдау кезеңі туды. Бұл таңдау арқылы отандастарымыздың ауызбіршілігі айқын көрінеріне сенімдімін.

Мемлекет басшысының осы тұрғыдан: «Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз – айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет» дегені бекер емес», деді Ә.Сатыбалдиев.