Бұл тапсырмаларды жүзеге асыруда отандық ғылымға да ерекше маңызды міндет жүктелді. Ғылымның күш-қуаты ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, зерттеу қызметіне бөлінген қаражатты ұтымды пайдалануға, олардың нәтижелерін өндіріске енгізуден тиісті табыс алуға бағытталуға тиіс. Бұл ретте жаңадан қайта құрылған, еліміздің жоғары ғылыми ұйымы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жетекші рөл атқарады.
Ғылыми зерттеулер деңгейін арттыру, отандық ғылымды басқару моделін жетілдіру және оны таланттарды тарту орталығына, инновациялық идеялардың қайнар көзіне, экономиканы әртараптандыру мен қоғамды дамытудың жаңа бағытына айналдыру үшін, ең алдымен, «тұғырын» қайта құру – басымдықтар жүйесін дұрыс ұйымдастыру қажет.
Өкінішке қарай, мұндай нақты жүйенің болмауы соңғы жылдары ғылымды айтарлықтай қаржыландыру 3 есе өссе де, оны зерттеу бағыттары арасында маңыздылығын ескермей бөлуге әкеліп соқтырды. Нәтижесінде, еліміздің объективті артықшылықтары мен өзіндік ғылыми мектептері бар және мемлекеттің әл-ауқаты тәуелді – мұнай, тау-кен металлургия, агроөнеркәсіптік кешендер, тұщы сумен қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту бағыттарындағы ғылыми зерттеулер енетін стратегиялық басымдықтар жеткілікті қаржылық қолдау ала алмайды. Мемлекетке елеулі пайда әкелу ықтималдығы аз, оларды пайдалану тиімділігі шектеулі, көптеген шашыраңқы әрі маңызы төмен міндеттер арасында қаржылық ресурстар шашырайды. Салыстыру үшін, көптеген озық елдерде ғылыми тақырыптарды қаржыландыру – олардың басымдылық дәрежесіне, қазіргі заманның ағымдағы және болашақ сын-тегеуріндерін ескере отырып, экономиканың даму стратегиясына сәйкестігіне қарай сараланған түрде жүзеге асырылатынын айтуға болады.
Академия экономиканың нақты секторының қажеттілігіне сәйкес келетін зерттеу қызметінің басым бағыттарының нақты иерархиясын құру арқылы ғылымды қаржыландыруды бөлудің қолданыстағы жүйесін қайта жүктеуді бірінші кезектегі басты міндеті деп санайды. Бұл ғылымға бағытталған қаражаттың тиімділігін арттыруға және одан елімізде күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге апаратын жалғыз жол.
Екінші жағынан, ғылымның қайтарымы көбінесе оның нәтижелерін өндіріске енгізу деңгейіне байланысты. Бұл отандық ғылымның осы күнге дейін өз шешімін таппаған тағы бір маңызды олқылығы екенін мойындауымыз керек. Мұның себебі зерттелетін тақырыптардың өзектілігі мен зерттеу қызметінің аймақтық басымдықтарын анықтау тетіктерінің болмауында, сәйкесінше, нақты сектор тарапынан олардың нәтижелеріне сұраныстың жоқтығында жатыр.
Елімізде зерттеушілердің тек 35%-ы өңірлерде жұмыс істейді, ал негізгі ғылыми күштер Алматы мен Астанада шоғырланған. Дәл осы жерде ғылыми зерттеу, тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды, ғылыми-зерттеу және техникалық конструкция жұмыстарын қаржыландырудың ең көп көлемі – барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ы, гранттық қаржыландырудың 75%-ы болып келеді. Мұндай теңгерімсіздік негізінен аймақтарда орналасқан ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықтың күшеюіне әкелді.
Осы мәселені шешу үшін академия өз қызметінде үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Мемлекет басшысының, облыс әкімдерінің ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестерінің тапсырмасына сәйкес жергілікті жерлерде құрылатын жұмыстардың тиімді жұмыс істеуіне сүйене отырып, ғылым мен инновацияларды жергілікті деңгейде дамытуға өзінің назарын аударатын болады.
Әдістемелік басшылықпен қатар Ұлттық ғылым академиясы оларға талдау жұмыстарын жүргізу, өңірлік проблемаларды шешу үшін ғылыми зерттеулердің басымдықтарын айқындау, өңірдің инновациялық әлеуетін бағалау, өңірлік ғылыми бағдарламаларды орындау үшін орталық ғылыми ұйымдардың ғалымдарын тарту, сондай-ақ білімді тарату жүйесін дамыту арқылы зерттеу қызметінің нәтижелерін өндіріске енгізу жөніндегі шаралар кешенін ұйымдастыру бөлігінде және ғылыми жетістіктерді коммерцияландыруда практикалық көмек көрсететін болады.
Ұлттық ғылым академиясының күш-жігері ірі пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру есебінен жаһандық сын-қатерлердің әсерінен туындайтын бар және болашақтағы проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталады. Ең алдымен, бұл су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы, т.б. мәселелерді шешуге қатысты. Олардың кейбіреулері бойынша жұмыс басталды.
Тек осындай нақты жүйелі шаралар ғана отандық ғылымға Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ғылыми қоғамдастықтың алдына қойған міндеттерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті