24 Қаңтар, 2015

Жаңа Кодекстің мақсаты – әділ сот төрелігі

236 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
kzl_kyzylordaБәрімізге мәлім, жақын арада заңнама және сот-құқықтық реформа комитеніне Қылмыстық, Қылмыстық процессуалдық, Қылмыстық атқару, сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді дайындау міндеті жүктелген. Қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген кодекстер қысқа мерзімде талап деңгейінде дайындалып, қолдануда. Аталмыш құжаттарда еліміздің құқық қорғау мен сот жүйесі қызметінің жаңа құқықтық негізі өн бойына қылмыстық құқық пен кез келген құқық бұзушылыққа нольдік шыдамдылығы біріктіріліп отыр. Сондықтан барлық құқық қорғау органдарының, сот корпусының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер заң талаптарын мінсіз орындап, азаматтардың құқығын сыйлап, заңға қайшы әрекеттердің кез келгенінің жолын кесе білгені жөн. Заң талаптарын орындау баршаның міндеті. Себебі, аталмыш заңнамалардың бірін қалған екеуімен тығыз байланыста қолданудың маңызы зор. Мемлекеттің қылмыспен күрес саясатының негізгі буыны қылмыспен күрес заңнамасының жүзеге асу үлгісін бейнелейтін және қылмыскердің әділ жазасын алуын жүзеге асыратын Қылмыстық процессуалдық кодекске байланысты болып отыр, тұтастай алғанда аталмыш кодекс толыққанды бүгінгі күн талаптарына жауап беретін деңгейде жасалғаны анық. Қазіргі заң талаптарына сай, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды күшейту, осы бағыттағы шараларды халықаралық талапқа сәйкестендіру бағытында біраз күш жұмсалды. Қылмыстық процессуалдық кодексте қылмыстық іздестіру амалдарын жеңілдету, тергеу мен жауап алу органдарының дербес процессуалдық әрекет жасауы өкілеттіктерін азайту, адвокаттың сотқа дейінгі өндіріске қатысу мүмкіндігін кеңейту жолдары қарастырылған, бұлардың қай-қайсысы да азаматтың құқығын заңды түрде қорғап, әділ шешім шығаруға тиімді ықпал ететін шаралар. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар келіп түскеннен бастап немесе кезек күттірмейтін тергеу қызметінен соң бірден қылмысты ашу, тексеру жұмыстары басталады. Қылмыстық істі тексеруде жауап алу, алдын ала тергеу секілді өзінің дәстүрлі формаларымен қоса жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу, қылмысты қылықтар бойынша хаттама жасау секілді жаңа тетіктер енгізілді, тексеру үдерісі жеке тұлғаның мүддесін қорғаудың белгілі мерзіміне қисынды мерзім ұғымы енгізіліп отыр. Процессуалдық прокурор құқық қорғау органдарының жауап алу және тергеу бөлімдерінің бастықтарымен қатар, қылмыстық істі тергеудің заңдылығын Қылмыстық және Қылмыстық процессуалдық кодекс өлшемдерінің сот талқылауында мемлекеттік айыптаушы ретінде дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында тартылып отыр. Жауап алушы және тергеушілермен, олардың әкімшілік жетекшілерімен қатар тұрып, процессуалдық прокурор төреші ретінде олардың және аудан (қала) прокуроры, тергеу судьясының арасын байланыстыратын тұлғаға айналады. Қылмыстық процестің өзге қатысушыларына, зардап шегуші, күдіктіге, айыпкерге қосымша құқықтар берілген, мысалы минутқа дейінгі дәлдікпен тұлғаның күдікті ретінде ұсталған сәті 72 сағаттан аспайтын болып белгіленген. Бұған қоса, ұстау кезінде қандай құқық бұзушылық фактісі бойынша ұсталғаны, оның адвокат шақыруға құқығы, әрбір айтқан сөзі сотта өзіне қарсы қолданылуы мүмкіндігі жөнінде ауызша хабарланады. Белгілі жағдайларда және күдікті ретінде ұстаудың негіздері болмаса немесе мойындамаса, ондай ол тұлға арнайы қаулы арқылы тиісті құқықтардың белгілі бір бөлігін қолдана алатын куәгер статусын иеленеді. Қылмыстық құқық бұзушылықтан келген зардапты жедел түрде өтеу үшін зардап шегуші арнайы қордан толық немесе жекелеген өтемақыға үміт арта алады. Қылмыс субъектісімен, сотталғандармен қылмысты іздестіру органдары әріптестік ретінде келісім жасасудың мүмкіндігі қарастырылған. Қылмыстық істердің барлық санаттары бойынша жүзеге асырылатын бұл шара аса ауыр, экстремистік, лаңкестік сипаттағы қылмысты зерттеу мен ашуға жағдай жасауды көздейді. Қылмыстық процессуалдық кодекс негізгі құқық қорғау тетіктерінен білу үшін құқық қолданушылардан жақсы білімді, қоғамда кең ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Жаңа Қылмыстық процессуалдық кодексі негізінде тергеу судьясы қылмыстық іздестіру органдарының лауазымды тұлғалары мен прокуратура тарапынан салғырт қараушылыққа тосқауыл қою мақсатында енгізілген. Бұған қоса, тергеу судьясы қылмыстық іс бойынша әділ сот төрелігінің жүзеге асуының тағы бір кепілдігі. Аудандық, қалалық сот тағайындайтын тергеу судьясы үлкен құзыреттерді иеленеді. Өзінің өкілеттігін жүзеге асыру үшін ол ықпалды шара көруге, яғни қылмыстық іздестіру органдары мен прокуратураның іс қимыл мен шешімдеріне жасалған шағымдарды қарауға, өзіне берілген құзыреттер шегінде қылмыстық істің барлық жиналған және тіркеуге алынған құжаттармен танысып, зерттеуге, іс бойынша қосымша ақпараттарды талап етуге, сот отырысына процесс қатысушыларын шақырып, олардан қосымша мәлімет жинауға құқылы. Жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекстің көздейтін мақсаты – әділ сот төрелігі, үкім, қаулы, басқа да сот шешімдерінің заңды әрі негізді болуын қамтамасыз етеді. Кез келген қылмыстық іс егер сот шешімін жоғары тұрған соттың тексеру ретімен қайта қарау қажет болған жағдайда міндетті түрде апелляциялық, касациялық сатылардан өтуді міндеттейді. Руслан Пірназар, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі. Сурет: kzl.prokuror.kz.