Форум • 03 Қыркүйек, 2024

Жаһандық жастар саммиті

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Татарстан астанасында жаһандық ІІІ жас­тар саммиті өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, эколог Мәди Алдабергенов, режиссер Шыңғыс Мақанов арнайы қатысты. Басқосуда цифрландыру және жастар саясатының заманауи құралдары талқыланды.

Жаһандық жастар саммиті

Саммитті Татарстан Рес­пуб­­ликасының Үкі­ме­ті, Татарстан Рес­пуб­ликасының Жастар іс­тері бо­йынша министрлігі және «Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының жастар форумы» ха­лықаралық ұйымы ұйымдастырды. Жалпы, жа­­һандық жиында әлемнің 43 елінің 100-ден аса жастар саясатына жауапты министрліктер мен ведомстволардың басшысы және ірі халықаралық ұйымдардың өкілі бой көрсетті.

Форум аясында Татарстан Рес­публикасының райысы Рустам Миннихановтың қатысуы­мен пленарлық отырыс ұйым­дас­тырылды. Онда қазіргі қоғам­дағы отбасы институтына қа­тыс­ты мәселелер қозғалды. Бұған қоса жасанды интеллект және виртуалды шындық, жастар арасындағы цифрлық трендтер бойынша да сессиялар өтті. Жиын қатысушылары жаһандану дәуірінде дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселесін сөз етті. Өз кезегінде, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министр­лігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов Қазақс­танда бұл ба­ғыт­та атқары­лып жатқан жұмыс­тарға тоқталды.

«Бұл саммит Ислам ынтымақ­тастығы ұйымына мүше елдер жастарының диалогі, тәжірибе алмасуы үшін маңызды алаң. Біз цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласына енген дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Интернет пен әлеуметтік медиа жастар үшін шексіз мүм­кіндіктер ашты деуге болады. Мәселен, кез келген білім бұ­рын­ғы­дан да қолжетімді бола түсті. Әлемнің әр қиырындағы азаматтармен қарым-қатынас күнделікті қарапайым дүниеге айналды. Бұл игілік жастардың өз жобаларын құруына, жаһан­дық деңгейдегі жиын не бай­қау­ларға қатысуға, әлемнің әр түкпіріндегі азамат дүние жүзіне ортақ мәселелерді шешуге үлес қосуына жол ашты», дей келе ол кез келген қоғамды қалыптастыруда негіз болатын дәстүрлі құндылықтардың маңы­зын ашып айтты.

– Қазақстанда дала демо­кра­тия­­сының дәстүрлерін сақтау үшін 2022 жылдан бастап ел Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың жыл сайынғы отырысы өткізіліп келеді. Құрылтай қоғамдағы әртүрлі топтардың, соның ішінде жастардың күш-жігерін біріктіру қажет болған жедел өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлер дәуірінде ерекше маңызға ие болып отыр. Биыл өткен басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарына, барша отан­дас­та­ры­мызға патриотизм, әділдік, кәсіпқойлық, үнемшілдік, ең­бек­­қорлық, Отан мен отбасы алдын­дағы жауапкершілік сияқты ең асыл қасиеттерді тәрбиелеуге бағытталған «Адал азамат» тұжырымдамасын ұс­тану қажет екенін баса айтты. Сайып келгенде, технология – жансыз дүние. Сондықтан құндылықтарды бойына сіңірген адам ғана жаңашылдықтарды ізгі ниетпен пайдалана алады. Демек цифрлық дәуір біздің дәстүрлі құндылықтарымызды алмас­тыр­май, одан әрі толық­тыруды көз­дейді. Қа­зақстан халықаралық ынты­мақтастықты белсенді қолдайды және бір­лескен күш-жігермен ғана орнықты дамуға, өркендеу мен бейбітшілікке қол жеткізуге болады деп есеп­тейді. Қазіргі уақытта елімізде 5,7 миллион жас бар. Оларды жан-жақты қолдау Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыт­тарының бірі. Біз мұндай басқосу­лар­дан жастар дипломатиясын дамыту, білім алмасу, ғылым, білім, кәсіпкерлік, мәдениет салаларындағы бір­лескен жобаларды жүзеге асыру үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз, – дейді Біржан Әлімжанов.

Сондай-ақ форумда Татар­стан Республикасындағы «Халық­аралық жастар ынтымақ­тастығы» федералдық жобалық кеңсесінің жұмысы таныстырылды. Саммит қорытындысы бойынша ислам әлемін қолдауға және ИЫҰ елдерінің жастарын дамытуға бағытталған қарар қабылданып, бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Келесі жылы Татарстанда Ислам жастары ойын­дарын өткізу жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар