13 Маусым, 2015

Бюджет қаржысы мақсатты жұмсалуы тиіс

378 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
foto_nachЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев институттық реформалардың жаңа бес бағытын анықтап, кезең-кезеңмен жүзеге асырудың нақты жолдарын «100 қадам» Ұлт жос­парында түзіп берді. Осылайша Үкімет пен Қазақстан тұрғындары алдына тың міндеттер қойды. Даму серпінімізге зор қуат, жаңа мүмкіндік беретін қадамдар жан-жақты сараланып, шетелдік сарапшылар тарапынан да бір­қатар өте маңызды және түйін­ді мәселелерді шешудің нақты тұжы­рымдамасы ретінде қабылданып отыр. Ұзақ жылдарға арналған «2050» Стратегиясын тиімді орындаудың мәні жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына ену жөніндегі бастамашылдыққа келіп тіреледі. Президент Үкі­меттің кеңейтілген отырысында нақты 100 қадамның практикалық мәселелерін жете ойластыруды тапсырды. Мұның өзі кемел келешекке деген берік сенімімізді танытумен қоса Мәңгілік Елдің мызғымас ұстындарының ұлы мақсатын айғақтаса керек. «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарында мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттерді үйлестіре жүргізу арқылы Қазақстанның үздіксіз дамуы одан әрі жаңғыртылады. «Есеп беретін мемлекетті қалып­тастыру» бөліміндегі 93-қа­дамдағы өзара іс-қимылға негіз­делген стратегиялық жоспарларды айтсақ та жеткілікті. Ондағы аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу ұсынысын көптен күткен едік. Шыны керек, бюджеттік қаржының орнымен жұмсалуы әлі де күткендегідей емес. Облыстық тексеру комиссиясы 15 нысанда 5 бақы­лау iс-шарасын өткізіп, жалпы сомасы 1 615,3 миллион теңге­нің заң бұзушылықтарын анық­тады. Жергілікті жерлерде де мұндай олқылықтар жыл сайын қайталанады. Мәселен, Аққайың және Шал ақын аудандары бірінші тоқсанда ғана 109,7 миллион теңгенің түрлі бұрмалаушылықтарына жол берген. Мұның басты себебі, мемлекеттік кірістер басқар­маларында салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін атқаруына салықтық бақылауды жүзеге асырмауында, мерзімінде орындалмаған салықтық міндет­темелер мен жергілікті бюджетке салықтық берешекті мәж­бүрлеп өндіру шарасын қамта­масыз ету тәсілдерін толық және уақтылы қолданбауында, әкім­шілік жауапкершілікке тарту жөнінде шараларды пәрменді қабылдамауында жатыр. Тексеру кездерінде аудан­дардың жер қатынастары бөлім­дері жер учаскелерін сатып алу-сату жөнінде жасалған шарттардың орындалуын бақыламайтыны, жалдық төлемдер есептеулері дұрыс жасалмайтыны, жерді уақытша өтеммен пайдалану туралы талаптардың мерзімі жиі бұзылатыны мәлім болды. Енді «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданатын болса, жаңаша жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері енгізіліп, есеп пен бақылау жайы жақсара түсер еді. Барлық қаржылық және топ­тастырылған қаржылық есеп, сыртқы қаржы аудитінің нәтижелері, мемлекеттік саясат тиімділігін бағалау қоры­тын­ды­лары, мемлекеттік қызмет­тің сапасын қоғамдық бақылау нәти­желері, сондай-ақ, респуб­ликалық және жергілікті бюджет­тің орындалуы туралы есепке барынша жариялылық, ашық­тық беру мәселелерінің күн тәртібіне енгізілуі де қуантады. Өйткені, жүргізілген бақылау іс-шаралары қаржылық тәртіпті сақтау деңгейінің төмендігін байқатты. Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі 2013 жылы кәсіпорын ұйымдастыру-құқықтық нысанын және атауын өзгерту кезінде медициналық қыз­мет үшін лицензиясыз шы­ғыстар жасаған. Орынды ескертуге қарамастан, 2014 жылы уә­кі­летті органмен келіспестен тағы да шығыстар бабына түзету енгіз­ген. Осындай заңсыздықтар Мағ­жан Жұмабаев атындағы гума­нитарлық колледжінде кездескен. Мемлекеттік-коммунал­дық мен­шікті басқару тиімділігі бо­йынша бақылау-талдау іс-шара­ларының нәтижелері де ойландырмай қоймайды. Рәсімдерді орындау тәртібін бұзудың 27 фактісінің әшкереленуі есеп-қисаптың бетімен жіберілгенін аңғартса керек. Облыс дотация­лы бола тұра, жергілікті қазынаның есебінен сатып алынған мүліктер республикалық меншікке өтіп кеткен. 2010-2014 жылдары ғана 2 550,8 миллион теңгенің мүлкі берілген. Бұлар негізінен салық, құқық қорғау және сот ор­гандарына қатысты. Әр тексе­ріс сайын мемлекеттік-комму­налдық меншікті басқа­ру тиім­ділігінің, мемлекет актив­те­рін пайдаланудың, бюджеттік қара­жатты тиімді басқарудың әлсіздіктері байқалып қалып жүр. Мекемелер бюджеттік жүйенің негізгі қағидаттарын сақтамағандықтан өз кезегінде қаражаттың бейберекет, мақсат­сыз жұмсалуына әкеліп соқты­рады. Оның үстіне, мемлекеттік-коммуналдық мүлікті басқару са­ласына тиісті бақылау орна­тылмағандықтан, бюджетке мүлікті жалға беруден қара­жаттың толық және уақтылы түспейтіні әдетке айналған. Жергілікті бюджеттің атқа­ры­луын, соның ішінде бюджет жүйесінің принциптеріне, мемлекет активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкестігін бағалау облыстың алты ауданы мен Петропавл қаласының экономика және қаржы бөлімдерінде жүргізілгенде де 1 241,4 милллион теңгенің бюджет заңнамала­рын бұзушылық фактілері тіркел­ген. Мақсатты трансферттерді игеру, мерзімінде қайтару талаптары сақталмаған. Жергілікті жеті бюджеттің кіріс бөлігін нақтылау кезінде салықтар және өзге міндетті төлемдердің түсу кестесі, нақтылық және негізділік қағидалары сақталмаған. Тексеру қорытындылары айғақтағандай жүйелі заң бұзу­шылықтарға жол беретін негізгі факторлар мыналар: - бюджеттік және басқа да заңнамалардың талаптарын сақтамау, бақылау объектілері мамандарының жағдайды терең білмейтіні; - бухгалтерлік қызметшілердің кәсіптік деңгейінің төмендігі; - бюджеттік қаржыны пайдалануда бюджеттік бағдарлама әкімшілері, уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Тексеріспен қамтылған нысандарда және мүдделі мемлекеттік органдардың жұмыстарындағы анықталған бұзушылықтар мен орын алған кемшіліктерді жою мақсатымен 45 тапсырма берілді. Жауапкершілікке 113 тұлға тартылды. 2,8 миллион теңге айыппұл салынды. Бюджет кодексiнiң 142-бабына сәйкес барлық деңгейдегі мәслихаттарға жергілікті бюджетті атқару туралы есеп жолданды. Мұның бәрі дұрыс-ау. Алай­да, тәртіптік бақылау жүйесін бюджеттік қаржы саласына жүйелі орнатпайынша, белгілі нәтижеге жету қиын. Осыған орай «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мекеме басшылары мен жауапты адамдардың тиісті бюджеттік жобаларды мүлтіксіз орындаудың нақты заңдық құқықтарын белгіленуі көңілге сенім ұялатады. Дулат ЕДІРЕСОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық тексеру комиссиясының төрағасы. Петропавл.