Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 03 Қыркүйек, 2024

Ат үстіндегі сайыс

139 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бақ сынайтын ұлттық құрама мүшелері қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Этноспорт додасында сайысқа түсетін спортшылардың дайындығын БАҚ өкілдері де бағамдап қайтты.

Ат үстіндегі сайыс

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Алтын медальдан үміт зор

2014 жылдан бері жүлгесі үзілмей ұйымдастырылып келе жатқан көшпелілер ойындары қазақ даласында тұңғыш реті өткелі отыр. Дүйім елдің дидарын өзіне қарататын ұлттық спорт түрлерінен тартысқа тү­сетін саңлақтардың әзірлігі жақсы.

Көшпелілер ойындарының инфрақұрылымын күшейту мақ­сатында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жаңғыр­тылған «Қазанат» ипподромында жаттығуды пысықтап жатқан спортшылармен тілдесудің сәті түсті. Аударыспақтан до­даға кіретін балуандар аянып қалмайтынын жеткізді. Ұлт­тық құраманың бас бапкері Жан­батыр Бекмұсаев физикалық әлеуетті арттырып қана қой­май, қарсыластарды зерттеп, так­тикалық дайындыққа да ба­сымдық берілетінін атап өтті.

«Астана қаласына ерте­рек келіп, аттарымызды да жер­сіндіріп, жігіттердің де ауа райына бой үйретуіне мүмкіндік туды. Ел ішіндегі біріншілікте іріктеуден өтіп, ептілігі мен мықтылығын көрсеткен үздіктер ат үстінде тартысқа түседі. Елімізде өтетін ала­манда мерейіміз үстем болса дейміз. Қарсыластардың да осалы жоқ. Мысалы, Моңғолия құрамасының сапында қазақ жігіттері бар. Бұл азаматтар ауда­рыспақтан Азия чемпионатын­да олжа салды. Қырғызстан ұлт­тық құрамасындағы балуандар да тегеурінді. Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарында чемпио­н атанған үздіктері қатысады. Біз­дің жігіттер де осал емес. Бұ­ған дейін де байрақты дода­лар­ға қосылып, әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған үздіктерімізге сенім артамыз. Негізгі күшті тактикалық дайындыққа салып отырмыз. Көкпар ойынына ат табу жеңіл, ал аударыспаққа мінетін атты таңдауда тығырыққа тірелеміз. Себебі мінетін аттың мінезі шақар болмауы керек. Әрі белді келгені дұрыс, өйткені қарсыластың атымен қағысып, тірескенде жы­ғылып қалса да, жеңіліс спорт­шыға жазылады. Ел чемпионатында балуандар мінген аттар­дың арасынан сұрыптап, ұлт­тық құраманың мүшелеріне арғымақтарды жасақтадық. Енді тек қателікке бой алдырмай балуандарымыз барын салуға тиіс. Бұған дейін де бірнеше мәрте оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберлігімізді шыңдадық. Алты салмақ дәрежесінде сынға түсетін балуандар кемінде 4 алтын медаль олжалайтынына сенімдімін», деді бас бапкер.

вап

2016 жылы Қырғызстанда өткен ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 90 кг салмақ дәре­жесінде чемпион атанған Сырым Ізбасаров Астана төріндегі ала­манға 100 кг салмақта қатыс­пақ. Тәжірибелі балуан елорда төрінде өтетін додада сол биіктен көрінуді межелеп отыр.

«Біз наурыз айынан бастап бесінші мәрте оқу-жаттығу жиы­нын өткіздік. Бұған дейін екі рет көшпелілер ойындарына қатысып, күшімді сынап көр­дім. Бір мәрте чемпион атандым, екінші рет алтын медаль бұйырмады. Аударыспақ ат үстін­дегі белдесу болғандықтан, өзіңнің қара күшіңе ғана емес, астыңдағы арғымақтың қайратына да үміт артасың. Себебі тірескенде, ыр­ғасып қақтығысқанда белді ат болмаса кез келген жылқы шыдас бермейді. Жамбыл облысының Меркі ауданынан әкелген Ақорда есімді тұлпармен сынға түсемін. Аттың мінезі жайлы, ырқыңа көніп, қандай жаттығу жүктесең де тартынбайды. Жылдан-жыл­ға даңқы артып, беделі өсіп келе жатқан Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарында топ жару – әр балуанның арманы. Мен де жанкүйерлер алдында намысты қолдан бермеуге ұмты­ламын. Аударыспақ спортымен шұғылданып жүргеніме 16 жылдың жүзі. Қазақстан чемпио­натында 13 рет жеңіске жеттім, Азия чемпионатында үш рет бағым жанып, чемпион атандым. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль бұйырды. Әлем чемпионатының алтыны да қанжығамда. 2017 жылы ЭКСПО аясында өткен халықаралық турнирде топ жар­дым. Қуанарлығы, кейінгі жылдары аударыспақ ойынына жас­тардың қызығушылығы артып келеді. Ертеректе ел біріншілігі 5 салмақ дәрежесінде өткенде 4 алтын медаль Түркістан облысының балуандарына бұйыратын. Ал бүгінде Қазақстан біріншілігі 9 салмақ бойынша өтіп, әр сал­мақта бірнеше облыстың балуан­дары бас бәйгеде лайықты қар­сылық танытатын деңгейге жетті. Осыдан да аударыспақ спор­тының өркен жайып келе жатқанын аңғарамыз», дейді С.Ізбасаров.

Аударыспақтан екі дүркін әлем чемпионы Дарын Өткелбайдың да арманы –Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарының чемпионы атану.

«Аударыспақтан Қырғыз­станда өткен әлем чемпионатына қатысқанда жастар арасынан ересектер сапына жаңа қосылған едім. Үміттен күдік басым болды, бірақ сәтін салып алтын медаль бұйырды. Одан кейін Татарстанда өткен әлем чемпионатында да мерейім үстем түсті. Басты қарсыласым – қырғыз балуа­ны. Өзінің мініп шығатын аты да есті жануар, ие­сінің ығына көнеді. Десе де әлем чемпионатының финалында осы мықтыдан басым түстім. Оның қалай күресетінін, әдіс-тәсілін білемін. Аударыспақ жердегі белдесуден де ауыр. Себебі астыңдағы атыңның қай­раты көп жайтқа әсер етеді. Жаттығу барысында Семсер деген арғымақты тіз­гіндеп жүрмін, ал көшпелілер ойындарының сайысына Ақорда есімді ақбоз атты мінемін», деген Дарын этноспорт додасына алғаш қатысатындықтан, қобалжып жүр­генін де жасырмады.

Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары 2018 жылы да Қыр­ғыз­­станда өтті. Осы сында ба­луан­дар аударыспақтан 5 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өкінішке қарай, біздің жігіттерге алтын медаль бұйырған жоқ. Біржан Қосалиев Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының екі дүркін чемпионы деген атаққа қол созым қалғанда сүрінді. 2016 жылы чемпион болған балуан 2018 жылы да сол биігінен көрінуге ұмтылған, бірақ астындағы аты әлсіздік танытып, күміс жүлдені місе тұтты.

«2018 жылы финалдық ай­қасқа дейін барлық қарсыласты еркін еңсеріп едім. Бірақ қыр­ғызстандық балуанмен белдесуде атым сүрініп құлады да, жеңіліс таптым. Аударыспаққа мінетін атыңның ептілігі мен күштілігі үлкен рөл ойнайды. Ереже бо­йын­ша атың сүрініп, жығылса да, жеңілесің. Сон­дықтан финалға дейін жат­тығуда мініп жүрген аттарымызды тізгіндейміз. Егер алтын үшін белдесуде қырғыз балуандарымен тоқайлассақ, онда міндетті түрде Ақорда ар­ғымағын мініп шығамыз. Се­бебі жаттығуға мініп жүрген астымдағы Сүлікқара ақбоз атқа қарағанда әлсіздеу, қарсыластың арғымағы омыраулап қағатын болса, табандап тегеурінділік таныта алмайды. 2018 жылы өткен көшпелілер ойындарының финалында осы атпен шығып әлсіздік танытты», дейді Біржан.

Балуан өзінің оң жамбасына келетін әдісі қарсыластың белбеуінен қос қолдай қапсыра ұстап аудару екенін айтады. Бір­жанның да еншісінде Дүние­жү­зілік көшпелілер ойын­да­рының 1 алтын, 1 күміс медалі бар.

 

Теңге ілуден топ бастайтын жігіттер

Ұлттық ат спорты түрлері бо­­йын­ша мемлекеттік жаттық­тырушы Нұркен Байбөриев қо­рытынды оқу-жаттығу жиы­нында спорт­шылардың пси­хо­ло­гиялық да­йын­дығына да ерекше көңіл бө­лінгенін жеткізді.

«27 тамыздан басталған әзірлік 7 қыркүйекте аяқталады. Теңге ілу спорты бойынша тамыз айын­да ұлттық құрама мүшелерін жасақтауға арнайы іріктеу тур­нирін өткізіп, көшпелілер ойын­дарына қатысатын үздіктерді анық­тадық. Атап айтқанда, шымкенттік Рахат Қамбаров пен Бақыт Төлтай және батыс­қазақстандық Бекнұр Серіковке сенім артамыз. Ұлттық ат спорты түрлері – көкпар, көкбөрі, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуге қосылатын арғымақтардың да бабын жіті қадағалаймыз. Ветеринар дәрігерлер де арғымақ­тардың денсаулығын жіті ба­қы­лауда, атбегілер жүйріктің сынын бағамдап отыр. Жергілікті жердің шөбіне, суына үйренісуі де жеңіл соқпайды. Бұған дейінгі оқу-жаттығуды Алматы об­лы­сында өткізген құрама мүше­лерінің бірден салқынға келуі де айтарлықтай әсер етеді. Сон­дықтан да ат үстіндегі сайыс­қа қатысатын спортшылар да ерте қамданып, елордаға келді. Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының елімізде өтуі – зор мақтаныш. Осынау айтулы додада «не бел, не белбеу кетер» деп аянып қалмауға ұмтыламыз», деді мемлекеттік жаттықтырушы.

Теңге ілуден спортшылар «бес белес», «қос құлаш» және «жеті құт» түрлері бойынша сынға түседі. «Бес белеске» қатысушылар 35 секунд ішінде барлық теңгені іліп алып лақтыруға тиіс. Әр қатысушыға екі мүмкіндік бе­ріледі, сол кезеңде аттың шабысы мен спортшының ептілігі есепт­еледі. Финалдық сайысқа қатысушылардың жартысы өтеді. Ол кезде түйіншек саны бесеу емес, жетеуге жетеді. Іріктеуде қатысушылар 5 түйіншекті 75 метр қашықтықты шауып өтіп ілсе, финалда 7 түйіншекті 65 метр аралықта еңкейіп ілуге тиіс. «Қос құлаштың» да тәртібі мен ережесі күрделі. Мұнда астыңдағы атыңның жуастығы һәм жүйріктігі сыналады. Аттың қос қапталына алма-кезек ең­кейіп теңгені ілуге ептілік керек. Екі мүмкіндігін пайдаланған қатысушының жалпы көрсеткіші есептеледі. «Жеті құт» сынағында да шабандоздар екі мүмкіндікте бағын сынайды. Бұл сынның іріктеуінде шабандоздан 35 секунд ішінде 5 түйіншекті ілсе, финалда 7 түйіншекті ілуі керек.

Спортшы аттан жығылса немесе ат жарыс жолынан шығып кетсе, спортшыға қайтадан шауы­п өту мүмкіндігі беріледі. Аты шы­­­ғандап кеткен спортшы арнайы белгіленген орынға ора­луға мін­детті. Қатысушыларға төре­шілермен дауласуға қатаң тыйым салынады. Дауласқан жағ­дай­да спортшы ескерту алады, егер төре­шіні балағаттаса, дөре­кілік танытса, жарыстан шет­тетіледі.

Теңге ілушілер арасында үш бірдей стильде озық шыққан саңлақтар бірен-саран ғана. Соның бірі – Рахат Қамбаров. Теңге ілуден ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Нұржан Әбілқасымов дүбірлі додада Рахаттан өзге шәкірттері топ жаруы мүмкін екенін айтты. Білік­ті маман Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін теңге ілу­шілердің әбжіл екенін, алтын алудан олардың да үміті зор дейді.