ЖОЛДАУ • Бүгін, 15:38

Сарапшылар биылғы Жолдаудың негізгі басымдықтарын белгіледі

32 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» алаңында сарапшылармен кездесті. Жиынға жиналғандар Мемлекет басшысының елдің одан әрі орнықты дамуына арналған Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудың негізгі басымдықтарын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сарапшылар биылғы Жолдаудың негізгі басымдықтарын белгіледі

Фото: Н.Байбуллин

 

Мәулен Әшімбаев биылғы Жолдау стратегиялық сипатқа ие екенін және ел дамуының негізгі салаларын қамтитынын атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының Үкімет, Парламент және мемлекеттік органдарға жүктеген міндеттерін іске асыру жолында барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың бірлесіп жұмыс істеуі аса маңызды екеніне назар аударды.

Бұл ретте ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы үйлесімсіздікті жою бірінші кезектегі мәселе екенін атап өткен жөн. Палата Спикерінің айтуынша, мұндағы басты месседж – «көрпеге қарай көсілу».

«Президентіміз Үкіметке бюджет қаржысын тиімді пайдалану және оның шығыс бөлігін қатаң бақылауда ұстау жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ұлттық қорды тиімді басқару және бюджетаралық қатынастарды оңтайландыру міндеті жүктелді. Бұл бағыт та жергілікті жерлерде қаражатты тиімсіз пайдалануды болдырмау үшін жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда салық саясаты сапалы экономикалық өсуді ынталандыратын тетік болуға тиіс», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы инвестициялық ахуал мен бизнеске қажетті жағдайды жақсарту ұлттық экономиканы жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Осы тұрғыдан келгенде, отандық ресурстарды белсенді пайдалану, ірі кәсіпорындар мен аралас өндірістер кооперациясын дамыту және өңірлердегі инфрақұрылымды жетілдіру ерекше мәнге ие.

«Мемлекет басшысы облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеу бағдарламасының ауқымын кеңейтіп, соның аясында кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды. Одан бөлек, Үкімет жыл соңына дейін энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны қабылдауға тиіс. Жолдаудағы негізгі ерекшеліктердің бірі биылғы 6 қазанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыұлттық референдум өткізу мәселесі екені анық. Бұл референдум маңызды шешімдерді азаматтардың қатысуымен қабылдау арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын көрінісі болары сөзсіз», деді Палата Спикері.

Кездесу барысында Жолдауда айтылған адами капиталды дамытуға қатысты тезистерге де баса мән берілді. Нақты айтқанда, ұлт денсаулығын жақсарту, әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру және басқа да шаралар жөнінде сөз болды. Мұның бәрі Сенат қызметінің де негізгі басымдықтары екені айтылды.

Осы орайда Мемлекет басшысы анықтап берген міндеттерді іске асыру кезінде кешенді тәсілдің маңызы зор. Мәулен Әшімбаев Парламенттің аталған мақсаттарға қол жеткізу кезіндегі рөліне тоқталды. Сондай-ақ Сенаттың тәуелсіз сарапшылармен және ғылыми мекемелермен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан ғылыми-сараптамалық әлеуетті күшейту тәжірибесіне назар аударды. Мұндай қадам тиімді және өзекті заңнамалық бастамалар әзірлеуге жол ашады.

«Сенат заң шығару қызметінің сапасын арттыру үшін ғылыми-сараптамалық қауымдастықпен белсенді жұмыс істеп келеді. Біз сарапшылардың тиімді және өзекті заңнамалық бастамалар әзірлеуге ықпал ететін ұсыныстары мен идеяларын әрдайым ескеруге тырысамыз. Қазір Парламенттің алдында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды іске асыруға арналған сапалы заңдар қабылдау міндеті тұр. Бұл істе Сарапшылар клубы және басқа да алаңдар аясында сарапшылармен жұмыс жандана түседі. Осы ретте бүгінгі талқылау да Парламенттің заң шығару қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Біз заңнамалық жұмысты сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейтін ұсыныстарға қашанда ашықпыз. Сондықтан сарапшыларды Сенаттың сараптама және диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ іс-шарада Парламент депутаттары, жетекші ғылыми институттар мен зерттеу орталықтарының басшылары және өкілдері сөз сөйледі. Олар Жолдауда айтылған міндеттерді тиімді іске асыруға қатысты өз ұсыныстарын айтып, пікірлерімен бөлісті.