Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жұмысшы – жалшы емес
Еңбек даулары ұжымдық және жеке еңбек даулары болып екіге бөлінеді. Жанжалдардың дені әкімшілік жұмыстағы кемшіліктерден, басшылықтың жұмысшыға жүктеме артуынан, жұмыс берушінің заңнамаларды елемеуінен, жұмысшының еңбек және әлеуметтік кепілдіктерін төмендетуден, жалақының аздығынан, еңбекақыны уақтылы төлемеуден, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан, жұмыста тиісті еңбек жағдайының жасалмауынан, сол секілді келісімшартта көрсетілген міндеттердің сақталмауынан, тағысын-тағы еңбек қатынастарындағы түрлі қайшылықтан туындайды. Ең қиыны, оқыстан өндірісте жарақат алып, емшара құнын, өтемақысын басшылықтан өндіре алмай, амалсыз ел-жұрттан араша сұрайтындар бар. Мұндайда жұмысшы еңбек жағдайында даулы мәселелерді шешіп, жұмысшылардың құқығын қорғайтын Мемлекеттік еңбек инспекциясы туралы білмейді немесе олардан да қайыр болмаған деген екі нұсқаның біреуіне тап келеміз. Сосын елде өндірістік жарақат алу дерегін жасыру арқылы да жұмысшының еңбек құқығын бұзатын жұмыс берушілер бар. Салдарынан жұмысшы өзіне тиесілі өтемақыдан, басқа да төлемдерден қағылады.
Бұдан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де хабардар болса керек-ті. Заң талаптары бойынша өндірісте ауыр жарақат алған жұмысшыларға 3 түрлі көмек көрсетіледі екен. Ол үшін арнайы комиссия жарақаттың түрін анықтап, қызметтік тексеру жұмыстарына кіріседі. Тексеруден кейін ғана өтемақының нақты сомасы белгіленеді. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің басқарма басшысы Сәрсен Дүйсеновтің айтуынша, өндірісте жарақат алған жұмысшыларға мемлекеттен жәрдемақы қарастырылған. Министрлікке қарайтын әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем түседі. Жұмыс беруші де өтемақы төлейді. Төлемнің көлемі мүгедектік тобына қарай белгіленеді.
Жұмысшы – жалшы емес. Әр жұмысшы заң шеңберінде өзін-өзі қорғауға құқылы. Бұл туралы Конституцияның 13-бабында анық жазылған. Әрине, жұмысшы құқын сот арқылы да қорғай алады. Жұмысшы жұмыс берушімен келіссөз арқылы дауды шеше алады. Еңбек құқығын прокуратура мен мемлекеттік инспекцияға жүгініп қорғауға болады. Әрі биыл еңбек инспекторлары жұмысшылардың құқығын қорғау үшін мемлекеттік бақылауды күшейтті. Есесіне, жұмыс берушілердің құқық бұзушылығы бұрынғыдан жиірек анықталатын болған. Мысалы, бүгінге дейін еңбек заңнамасын бұзған 3 мыңға жуық жұмыс берушіге әкімшілік айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы сомасы 322 млн теңге шамасында. Еңбек құқығын бұзғандардың ішінде еңбек шартын жасамау, заңсыз жұмыстан шығару, жалақыны уақтылы төлемеуден туындаған фактілер жиі кездеседі деседі. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл басынан бері 259 кәсіпорында 15 мыңға жуық жұмысшының алдында 3,3 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешегі барын анықтаған. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 13,2 мыңнан аса жұмысшының құқы қорғалып, олардың 2,6 млрд теңге берешегі төленген.
Цифрлық картаның септігі
Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек құқын бұзған жұмыс берушілерді жедел анықтау мақсатында кәсіпорындардың профилактикалық бақылау тізімін қалыптастыру үдерісін автоматтандыруға көңіл бөлген. Бұл еңбек заңнамасын бұзатын жұмыс берушілерді автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы анықтауға мүмкіндік беретін көрінеді. Сәйкесінше, еңбек заңнамасын бұзбайтын, ісіне адал жұмыс берушілерді мазалап, олардың жұмысын қайта тексеруге бәлендей себеп болмайды. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов өзі толықтырып айтып берген еді.
«Еңбек тәуекелдерінің алдын алу үшін кәсіпорындардың цифрлық картасы әзірленді. Биыл осы карта шеңберінде еңбек тәуекелдері картасына әдіснамалық тәсілдер енгізілді. Ол – мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерінің дерегі бойынша кәсіпорындардағы қаржылық, еңбек және әлеуметтік тәуекелдер жөніндегі ахуалды талдауға, сондай-ақ әрбір кәсіпорынның жиынтық тәуекел дәрежесін айқындауға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз – жұмысшыларға орынсыз, артық жұмыс беретіндерге қатысты барлық тәуекелді жедел талдауға жол ашылады деген сөз. Бүгінде осы жүйеге 13 мыңнан аса ірі және орта кәсіпорын қосылған. Осы модельді енгізген соң тәуекел деңгейі жоғары, орта және төмен кәсіпорындар айқындалды. Сәуір айында карта іске қосылғаннан кейін даулы мәселеге тәуекелі жоғары кәсіпорындардың саны 14%-ға төмендеді. Қазір тәуекелі жоғары 363 кәсіпорын анықталып отыр. Бұл кәсіпорындарда жергілікті атқарушы органдармен бірге проблемалық мәселелерді шешу жұмысы басталып та кетті», дейді бірінші вице-министр А.Сарбасов.
Вице-министр жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесінде жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы ұжымдық-шарттық қатынастарға көп көңіл бөлінетінін хабарлады. Өйткені ұжымдық-шарттық қатынастар жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарына кепілдік береді. Қазір республиканың ірі және орта кәсіпорындарында ұжымдық шарттардың үлесі 97%-ға жеткен. Тағы бір маңызды хабарға тоқталсақ, мемлекеттік еңбек инспекциясының функциясы бұдан былай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Себебі еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту және жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан орталық мемлекеттік органға беру мәселесі бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген еді. Енді, міне, еңбек қатынастары бойынша мемлекеттік бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Еңбек министрлігіне өтті. Бұл жұмысты сапалы іске асыруға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті және оның аумақтық департаменттері құрылған. Ондағы қызметкерлердің жалпы саны 322 штаттық бірлікті құрайды. Бұл ретте еңбек инспекторларының саны 45-ке артты.
Жұмысшының да тәртібі бар
Еңбек дауларының ішінде жалақы төлемеу, жалақыны кешіктіру сынды фактілер жиі кездесетінін айттық. Батыс Қазақстан облысы еңбек инспекциясы бойынша басқарманың басшысы Асылұлан Досжановпен пікірлескенде, осы ақпараттың дәлдігіне тағы қанықтық. Өңірде жыл басынан бері еңбек жанжалдары тіркелмегенімен, жедел деректердің негізінде жұмысшылардың еңбек қатынастары бойынша сұрақ туындаған 7 кәсіпорында мониторинг жүргізіліпті. Оның ішінде «Каспий Инжиниринг», «Аксай Спец Монтаж», «Tan Oil», «УралТрансСервис», «Алый парус», «Акжолавто» компанияларында жалақыны кешіктіру фактісі анықталса, «Urker Engineering Procurement and constraction» серіктестігінде әлеуметтік аударымдардың кешігіп жатқаны белгілі болған. Бұған қоса кәсіпорындарда еңбек қатынастарына қатысты сұрақтар бойынша жедел тәртіпте түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, туындаған мәселелер үшжақты комиссиялардың отырыстарында қаралған. Қазір өңірдегі кәсіпорындар штаттық режімде жұмыс істейді. Жыл басынан бері заң бұзушылықтарды жою мақсатында 35 нұсқама беріліп, 42 жұмыс берушіге 7,680 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестердің бірлескен әрекетімен биыл 45 кәсіпорында 692,3 млн теңге көлемінде жалақы берешегі өтеліп, 6 471 жұмысшының құқығы қорғалған.
«Әрбір азамат еңбек қатынастарына қатысты туындаған сауалдарды Еңбек инспекциясы арқылы реттеуге болатынын білуі керек. Табыс табамын, отбасымды асыраймын деп жүріп еңбек шартын талап етпестен жұмыс берушінің уәдесіне иланып, бірден жұмысқа кірісіп кететін ағайындар бар. Сосын еңбекақысын ала алмай бізге жүгінеді. Ал жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін басты құжат – еңбек шарты. Еңбек шарты болмаса, еңбек қатынастарындағы бұзушылықтарды дәлелдеу біраз қиындық тудырады. Мұндай жағдайда жұмысшы еңбекақысын ала алмай жүргенін сот арқылы дәлелдейді. Ол үшін куәгерлерді де тартуы мүмкін. Дәмханада, көлік жуу орындарында, дүкенде, ауыл шаруашылығы және басқа да бірнеше салада еңбек ететіндер еңбек шартын жасай бермейді. Мұндай үдерістер ұзаққа созылады демесеңіз, еңбекақысын сот арқылы өндіріп жатқан азаматтар бар. Біз еңбек қатынастарына байланысты туындаған кез келген жеке, ұжымдық мәселелерде азаматтарға құқықтық, заңдық жағынан жәрдемдесеміз», дейді А.Досжанов.
Басқарма басшысының айтуынша, бірлі-екілі жағдайда еңбек шартын жасамай жұмыс істеуді жөн көретіндер кездеседі екен. Олардың ішінде несие берешегі, алимент, тағысын-тағы жеке қарыздарынан айналып өтуді ойлап, тұйыққа тірелетіндер кездеседі. Сондықтан еңбек инспекторлары кез келген мәселеге екіжақты қарауға тырысады.
«Ұжымның жұмыс берушінің алдында да талап қою реті бар. Бірден байбаламға салып, көшеге шығып, дау көтеруге тағы болмайды. Мұның барлығы заңда қарастырылған. Әуелі ұжым жұмыс берушіге арыз жазады. Талаптарын қояды. Оны жұмыс беруші қарайды, комиссия құрылады. Кейде жұмысшылар сол заңдылықты сақтамай, жұмысты тоқтатып, заңсыз әрекеттерге барып жатады. Біз осының барлығын жұмысшыларға түсіндіруге тырысамыз. Заң жұмыс берушінікі дұрыс деп жұмысшының құқын шектеп жатқан жоқ қой. Біз зайырлы, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқан соң, жұмысшылар да өзінің талабын заң жүзінде қоя білуге тиіс. Өзіміз де жүгінген әрбір жұмысшының еңбек қатынастарындағы мәселесін қарап, заңдық тәртібін түсіндіріп, барынша жәрдемдесеміз, жолын айтамыз. Шешімді, әрине, азаматтардың өзі қабылдайды», дейді А.Досжанов.
Астана қаласының тұрғындары еңбек дауларына тап болған жағдайда Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жүгіне алады. Тұрғындар шағымды мекенжай бойынша жазбаша немесе «eOtinish» электрондық порталы арқылы жіберуге болады. Содан соң Еңбек кодексіне сәйкес еңбек инспекторлары нысанға барады, мән-жайды нақтылайды. Осындай тәртіппен жыл басынан бері қалада 95 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Елордада жиі тіркелетін еңбек дауларының фактілері өңірдегіден өзгеше. Мысалы, қалада статистика бойынша тамақтану саласында, күзет фирмаларында, құрылыста еңбек құқықтары жиі бұзылады екен.
Түйіндей келе, тұрғындарға құлаққағыс ретінде айтсақ, Еңбек кодексінің 23-бабының 2-тармағы 2-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмысшыны қабылдайтын кезде Кодексте белгіленген тәртіппен еңбек шартын жасауға міндетті. Егер басшылық жұмысшыны еңбек шартын жасамай жұмысқа нұсқайтын болса, олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершіліктен құтылмайды. Қысқасы, әрбір жұмысшы өзіне қолай көрген жұмысқа бел шеше кіріспес бұрын, жұмыстың заңдық тұрғыда дұрыстығына көз жеткізіп, басшыдан еңбек шартын талап еткені абзал. Бұдан жұмысшы да, жұмыс беруші де ұтылмайды.