13 Маусым, 2015

Анасын ардақтап, қызын құрметтеген

380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
szh.kzКеше ЕҰУ-дің бас ғимаратында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен және Қа­зақ­стандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп ұйымдас­тырған «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. Тағылымы мол жиында Қа­зақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы, Қазақстан Рес­публикасы Президенті жа­нын­дағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, Ұлт­тық комиссия мүшелері, Пар­ламент депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар, оқытушылар мен мә­дениет қайраткерлері, жастар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері қатысты. Конференцияны университет ректоры Ерлан Сыдықов ашты.         Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін Көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Қазақ хандығы  аяқ астынан пайда болған жоқ, оның әкесі, атасы, бабалары бар. Қазақ хандығының әкесі – Әйгілі Алтын Орда. Ал бабалары Шыңғыс ханға, ары кетсек, көк түріктер қағанатына барып тіреледі», деген болатын Ұлытауда берген сұхбатында. Конференцияның мақсаты, Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру аясында Қазақ хандығы мен мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуына әйелдердің қосқан үлесі мен мұрасын талқылау. Дәстүрді сақтау мен елді жаңғырту жолында ел басшыларына, батырлар мен билерге, сұлтандар мен сардарларға асыл жар, сенімді кеңесші, зерделі сүйеніш болған ханымдар мен арулардың өрісті парасаты мен үлгілі бастамаларын таразылау. «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар», атты кітап көрмесі анадайдан жұрт назарын өзіне аударып, қазақ мәдениетіндегі әйел бейнесі туралы жазылған тың дүниелерімен көпшілікті қызықтыра түседі. Дана халқымыз «Ескіні алмай, жаңаға жол жоқ» демеуші ме еді?! Бұл туралы өз ойымен бө­ліскен Қазақстан Республикасы Пре­зиденті жанындағы әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Ләззат Сүлейменова: «Жалпы, Қазақ хандығы тұсындағы әйелдердің ішінде ерлермен бірге атқа қонып, жауға шапқан, әділ би болған, ақылман кеңесші болып немесе басқарушылардың аналары, жарлары болған әйелдер өте көп. Солар туралы бүгін көп мағлұмат аламыз деп ойлаймын», деді. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларға арналған өзінің құттықтау сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ хандығы Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет деген сөзін атап көрсетті. Мемлекеттік хатшы Қазақ хандығының тарихын зерделеу «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идея­сын, Ұлт жоспары саналатын 100 нақты қадамды іске асыру аясында айрықша маңызға ие екенін, өйткені отандық тарихты білу болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру негіздерінің бірі болып табылатынын айтты. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы қазақ арулары ғасырлар бойы өзінің ина­баттылығымен, өткір зерделі­лігі­мен, нәзік дипломаттық қасиет­терімен ерекшеленгенін атап өтті. Осыған орай, Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуындағы олардың қосқан үлесін терең зерттеу төл тарихымызды толықтыра түсетінін атады. Конференцияға қатысушылар алдында сондай-ақ, академик С.Қасқабасов «Қазақ хандығы және Қарашаш тұлғасы», қаламгер С.Ақтаев «Айғаным ханша: тарихы мен тағдыры», белгілі тарихшы ғалым Х.Әбжанов «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы мен тағдырындағы әйелдер», тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаев «Қазақ хандығы құбылысы және ханымдар рөлі», жазушы Ш.Бейсенова «Сүйімбике және Сүзге тағдырлары» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Олар Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгісі және халқымыздың мақтанышына айналған, ұмыт қалған есімдерді қайта оралтуға бағытталған ғылыми зерттеулердің маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте Қарашаш пен Айғаным, Бопай, Тойқара, тағы басқа қазақ халқының өзге де белгілі өкіл­дерінің есімдерін атап өтті. Конференция түйінінде Мем­лекеттік хатшы жоғары оқу орындарында «Ұлт дәстүрі» атты жаңа курстар енгізілуі қажеттілігін алға тартып, тарихта қалған арулар туралы энциклопедия шығаруды тапсырды. Ол үшін ғалымдарға әлем мұрағаттарын да назарда ұстап, жан-жақты ізденуді  ұсынды. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. АСТАНА.