Жұмыртұяқ
Этноспорт додасын ұшқыр бәйгеге қатысушылар бастайды. Алдымен 1 600 метрге, одан кейін 2 400 метр, 3 200 метр қашықтыққа жүйткитін қылқұйрықтардың бәсекесі өтеді. Жорға жарысы 9 шақырымға ұласса, құнан бәйгеге қосылатын жүйріктер 11 шақырымға, топ бәйгеге түсетін тұлпарлар 18 шақырымға жүйткімек. Қалың көрермен 25 шақырымдық аламан бәйгені ерекше күтеді. Себебі Қырғызстанның бағына біткен әйгілі Қарақыз тұлпар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қосылады. Бір жылда бірнеше автокөлік, пәтер ұтқан жүйріктің бағы да, бабы да басым болып тұр. Атсейіс Изат Нұрматұлы осы тұлпарын үкілеп қосып, Астана төріндегі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында аламан бәйгенің алдынан көрінуден үмітті. Қырғызстанда өткен айтулы аламан бәйгенің бас жүлдесін олжалап жүрген жүйріктің бабы да келісіп тұр.
Еліміздің атбегілері де жылдан аса мерзім жаратып, зар күйінде ұстап отырған арғымақтарын елордада өтетін дүниежүзілік аламанға қосады. Көшпелілер ойындарында көмбеден дара көрінеді деп сенім артар арғымақтың бірі – Жұмыртұяқ.
Жетісу облысы Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылының 4-сынып оқушысы Хамза Амангелді былтыр осы жүйрігін тақымдап, аламан бәйгеден бірнеше рет жүлделі болды. Осы күнде атсейіс қауым мен бәйге жанкүйерлері арасында Хамзаның есімі Жұмыртұяқ тұлпармен қатар аталады. Атбегі Марлан Бектенов биылғы көктем мен жаз айларында Жұмыртұяқ осыған дейін үш бәйгеге қосылғанын айтты.
«Көктемде Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында аламан бәйгеде екінші орын иеленді. Шілденің басында Алматы облысы Кеген ауданындағы әйгілі Қарқара жайлауында өткен Қымызмұрындық аясында бәйге түрлерінен «Жолан жүйрігі» сайысы өтті. Аламан бәйгеге 75 жүйрік қосылды. Міне, осы тұлпарлардың арасынан Жұмыртұяқ қара үзіп, бәс бәйгеге тігілген шетелдік автокөлік бұйырды. Одан кейін Қарағанды облысында өткен республикалық бәйгеде аламанның бас жүлдесіне Астана қаласынан пәтер тігілді. Сол додада Жұмыртұяғымыз желдей есіп, кермені алдымен қиды. Ендігі меже – осы Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Аттарды бір аламанға қосқаннан кейін әбден тынықтырамыз. Жұмыртұяқ – Украинадан сатып әкелген Айтұяқ деген айғырдың құлыны. Өзі дөненнен бестіге аяқ басты. Былтыр да мәртебемізді өсірді. Бес рет аламанға қостық: төрт мәрте бірінші келді, бір рет екінші орын бұйырды. Көкшетау қаласының біріншілігінде топ жарып, 5 млн теңге олжаладық. Одан кейін қазақ әдебиетінде детектив жанрының кең қанат жаюына орасан үлес қосқан қаламгер Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген аламан бәйгеде «Тойота Ланд Крузер» көлігін тақымдадық. Жұмыртұяқ үшін былтырғы жылжабар соңғы аламан Қызылорда облысында өтті. Сол аламанда да «Тойота хайландер» көлігіне ие болдық. Семей қаласындағы аламан бәйгеде топ жарып, «Mitsubishi L300» жол талғамайтын темір тұлпар бұйырды. Абай облысы Ақсуат ауданы ұйымдастырған аламанда ғана көмбеге екінші болып жетіп, 300 мың теңге алдық. Мұның барлығы – ұжымдық еңбектің жемісі. Қолтума жүйрігімізді құлын кезінен тап басып танып, қолтығын сөге, бауырын жаза көсілетін тұлпарға айналғанға дейінгі аралықта қаншама еңбек жатыр. Оны тек атбегілер ғана терең түйсінеді», дейді білікті маман.
Аламан бәйгеде басты орыннан үмітті арғымақтың бірі – Софлор Лэнд есімді жүйрік. 4 жасар таза қанды ағылшын тұқымы биыл жанкүйерлерді орасан жеңісімен тәнті етті. Ахмет Ахмолдин баптайтын сәйгүлікті Әмір Амантайұлы мінеді. Павлодар қаласында өткен республикалық аламан бәйгеде аттар 25 шақырымға шапты. Софлор Лэнд дара келіп иесін қуатты. Одан кейін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына іріктеудің 1-кезеңінде де бұл арғымақ алдына қара түсірген жоқ. Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған аламан бәйгенің бас жүлдесі осы сәйгүлікке бұйырды.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Жоламан аулынан Виза есімді жүйрік қатысады. Тай кезінде, құнан шыққанында да оннан аса бәйгенің алдынан көрініп, иесін қуантқан тұлпар аламан додасына биыл ғана қосылып, талайдың таңдайын қақтырды. Дәулет Асылов баптайтын жүйрікті елорда төріндегі додада Әлихан Бақытханұлы тізгіндейді. Бес жасар арғымақ та – таза қанды ағылшын тұқымы. Этноспорт додасына қатысатын аттарды іріктеу бірнеше кезең бойынша өтті. Екінші іріктеу сынында аламан бәйгеде Виза тұлпар топ жарды. «Ұлы аламан ойындары» бәйгесінде де Визадан озар тұлпар шыққан жоқ.