Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 05 Қыркүйек, 2024

Арқан тартыста есеміз кетпейді

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында спортшылар арқан тар­тудан да сайысқа түседі. Еліміздің ерлер және әйелдер құ­ра­масы қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Арқан тартыста есеміз кетпейді

Ұлттық құраманың аға жат­тықтырушысы Рау­а­н Қайырбаев спорт­шылар Ақмола облысы Щучинск қаласында әзірлікті пысықтап жатқанын айтты.

«Арқан тарту додасында күшпен қатар ептілік, ко­ман­даның ұйымшылдығы ма­ңыз­ды саналады. Әйелдер құрамасының сапында тәжірибелі спортшылармен бірге жас таланттар да бағын сынайды. Құрама мүшелерінің арасында көпба­ла­лы ана мәртебесіне ие саң­лақтарымыз да бар. Ерлер мен қыздардан да жүлде күтеміз», деді Р.Қайырбаев.

Арқан тартыстан ұлттық құ­ра­ма мүшелері тыңғылықты дайын­далу үшін Туризм және спорт министрлігі қажетті жағ­дай жасағанына алғысын білдірді.

Елордада өтетін көшпелілер ойындарында ел үмітін арқалап шығатын құрамадағы тәжірибелі спортшылар аянып қалмаймыз дейді. Әйелдер арасында сынға түсетін Ақжан Қайырбаева, Разия Мұсабаева, Нұрсәуле Рах­матуллина сынды үздіктер дүбірлі доданың алтын медалін олжалауды көздейді.

Ерлер құрамасы да Дүние­жүзілік көшпелілер ойында­рының алтын жүлдесі үшін барын салуға әзір. Халықаралық турнирлерден олжалы оралып жүрген Дінислам Шәкіртов, Дәурен Шәріпов, Дамир Бай­ғонов, Станислав Пеняев бас­таған саңлақтар тегеурінді қар­сыластардың қарымына төтеп беру үшін әзірлікті күшейтіп жатыр.

Әлемнің 80-ге тарта мемле­кетінде ресми спорт болып бекітілген арқан тарту сайысы елімізде де кең қанат жайып келеді. Осы спортты өрістету мақсатында жеке федерация да құрылды. Спортшыларымыз ха­лықаралық сайыстарға қаты­сып шыңдалып жатыр. Тек кәсіби шұғылданушылар ғана емес, әуесқойлар арасында да арқан тартыстан түрлі турнир ұйымдастырылады. Ме­кеме қызметкерлері арасында да республикалық турнир, спартакиада жиі өткендіктен, талант­тар­дың танылуына мүмкіндік мол.