Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел абыройын асырған саңлақтар Давид Дегтярев пен Ақмарал Науатбекті жарқын жеңісімен құттықтады. Атбасарлық пауэрлифтер Париж күллі әлемді толағай күшімен таңдандырып, 188 кг тартатын зілтемірді еркін көтерді. Күміс медаль тиген кубалық Пабло Рамирес те, қола жүлдені қанағат тұтқан қытайлық спортшы Ян Цзинланның да қайраты жерлесімізден аспады. 54 кг салмақта сынға түскен Давид төртжылдық додасының чемпионы атанудан басты үміттілердің бірі болды. Оған негіз де жоқ емес.
2021 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен жазғы Паралимпиада ойындарына алғаш рет қатысқан саңлақ топ жарып, ел мерейін асырды. Токио жазғы Олимпиадасында спортшыларымыз 8 қоланы місе тұтып, Әнұранымыз шырқалмағанда 25 жастағы Давид Дегтярев Паралимпия ойындарында мерейімізді тасытқан еді.
Қалың жанкүйер Давидті 2021 жылдан бері таниды. Себебі 2016 жылы колледж студенті алғаш пауэрлифтинг спортының қыр-сырын меңгерді. Алғашқы сынақ жаттығуынан-ақ қызығушылығы оянған саңлақтың екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанатынына шүбәсіз сенгендер аз. Тек оның келешекке деген үміті ғана осы биікке жетеледі. Облыстық спартакиададан басталған даңғыл жол Паралимпиада алтынына бастады. Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, әлем кубогінде бағын сынады. Токио жазғы Паралимпиада сынына дейін Азия чемпионатында қола медаль бұйырды. 2018 жылы Индонезияда өткен жазғы Параазиада додасында еңсерген үздік көрсеткішімен күміс медаль олжалады. 2021 жылдың көктемінде Грузияда өткен әлем чемпионатында 158 кг зілтемірді еркін көтеріп, әлемдік рекорд орнатты. Үш жыл бұрын Жапония астанасындағы Паралимпиада сайысында Давид Дегтярев 54 кг салмақта 174 кг зілтемірді көтергенде, күміс жүлдені місе тұтқан француз Аксель Бурлон мен қола медаль иегері атанған грекиялық Димитрус Бакохристос жерлесіміздің жетістігіне маңайлай алмады (165 кг). Кәсіби спортпен шұғылданып жүргеніне бес жыл тола қоймаған толағайдың толайым табысы осылайша есімін әлемге әйгіледі.
Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Параазиада ойындарынан Давид Дегтярев алтын медальмен оралды. 54 кг салмақта сынға түскен ол 187 кг зілтемірді көтеріп, Азия рекордын жаңартқан еді.
«Маған қолдау көрсеткен Қазақстан халқына, барша жанкүйерге алғысымды айтамын. «Мерген» спорт клубының басшылығына, жеке бапкерім Юрий Колесниковқа осындай жетістікке жету жолында қолдап, орасан көмек көрсеткені үшін разылығымды жеткіземін», деді спортшы.
Паралимпиада додасында парадзюдодан J2 санатында сынға түсіп, 48 кг салмақта дүниежүзінің тегеурінді балуандарын айқын ұтқан Ақмарал Науатбектің есімі де ел спортының тарихына алтын әріппен әдіптеледі. Өйткені осы спорттан әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атанды, жазғы Пара Азия ойындарында топ жарды. Енді, міне, Париж төрінде қалақтай қыз қазақ елінің абыройын асқақтатты. Ширек финалда үндістандық балуанды айқын жеңіп, жартылай финалда түріктің тегеурінді балуанын алып ұрды. Ал финалда 70 миллион жанкүйерінің алдында француз спортшысын сан соқтырды.
Нұрдәулет Жұмағали Париж Паралимпиадасының финалдық сынына өтіп, SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс медаль иеленді. Үш жыл бұрын Токио жазғы Паралимпия ойындарында қола медаль еншілеген саңлақ бұл жолы да мерейімізді тасытты.
Қоржынымызға қола медаль салған спортшы Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан F36 санатында бақ сынап, Азия құрлығының рекордын жаңартты. Көрсеткіш – 16 метр. Паражүзуден Рио Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидулина 50 метрге брасс әдісімен жүзуде 10-сатыға орнықты.
Кезекті жарыс күнінің нәтижесінде Қазақстан спортшылары 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен 33-сатыға орнықты.