Қоғам • 06 Қыркүйек, 2024

Халық неге қартайып барады?

176 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұрын «қариялар азайып бара жатыр» дейтін едік. Қазір керісінше болып барады. Әлеуметтік және демографиялық зерттеулердің нәтижесіне қарасақ, халықтың қартайып бара жатқаны байқалады. Бұл қандай үдеріс?

Халық неге қартайып барады?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Жаһандағы жағдай

Халықтың қартаюы – қазіргі өмірдің жаһандық демографиялық, әлеуметтік және экономикалық проблеманың бірі. ДДҰ-ның 2019 жылғы есебі бо­йынша 2050 жылға қарай әлем халқының 16%-ы 65 жастан асқан болады деп бол­жапты. 2011 жылғы деректермен салыс­тырғанда, 65 жастан асқан әлем халқының үлесі 11% болған. Халықтың қартаюы өмір сүру ұзақтығының артуы ма, әлде туу көрсеткішінің азаюы ма деген мәселені таразылып көрейік.

Қазір халықтың қартаюы, егде жастағы адамдардың көбеюі барлық елде байқалады. Бұл үдеріс ХХІ ғасырдағы ең маңызды әлеуметтік өзгерістердің бірі болып отыр. Демографиялық қартаю еңбек және қаржы нарықтарына, тұрғын үй, көлік, сондай-ақ отбасы құрылымына әсер етеді дейді мамандар. Әлемдік зерттеулерде 80 жастан асқан адамдардың саны 2050 жылға дейін үш есеге артады деп болжанған. Демографтардың зерттеуінше, жалпы қарттықтың көбеюіне тән бірнеше фактор бар екен. Бұл – туу, өлім және көші-қон. 1950 жылдан бастап көптеген елде өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай өскен. Осыған байланысты 1992 жылы БҰҰ қартаю мәселелері бойынша арнайы декларация қабылдап, Бас Ассамблея 1999 жылды Халықаралық қарттар жылы деп жариялады.

БҰҰ зерттеуіне сүйенсек, 2021-2050 жылдар аралығында индустриясы дамы­ған елдерде 65 жастан асқан ха­лық­тың үлесі 19,6%-дан 27,8%-ға дейін (41,8%-ға), ал дамушы елдерде – 7,7%-дан 14,8%-ға дейін (92,2%-ға) өспек. Қазір бұл мәселеде Жапония алда тұр, онда ел халқының 29,8%-ы (37,1 млн адам) қартайған. Бұл тіпті 2050 жылға қарай 37,5%-ға жетеді деп болжанып отыр. Ал посткеңестік елдерде халықтың қартаю деңгейі әлемдік көрсеткіштен едәуір асып түседі дейді зерттеулер. Қазірдің өзінде ең жоғары көрсеткіш Балтық елдерінде (20,4%-21,6%), Украинада (17,4%), Беларусьта (16,8%) және Ресейде (15,6%) байқалады. Орталық Азия елдерінде ең жоғары көрсеткіш біздің елде байқалған. 2021-2050 жылдар кезеңінде Өзбекстан мен Қырғызстанда 65 жастан асқан егде жас­та­ғы адамдардың үлесі екі есе артса, Қа­зақ­станда 49,6%-ға жетеді деп болжайды.

 

Қазақ қартайып бара ма?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халық саны 20 095 963 жан санын құраған. 3 айда халықтың жалпы өсімі 62 121 адам болған. 2024 жылдың алғашқы үш айында 91,9 мың сәби дүниеге келсе, қайтыс болғандар саны – 33,4 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 58,4 адамды құрады. Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1 000 тұрғынға 25,10 адам), Түркістан (24,71) облыс­тарында және Шымкент қаласында (23,57) байқалды. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1 000 тұрғынға шаққанда 12,05), Шығыс Қазақстан (11,98) және Қостанай облыстарында (10,51) тіркелді. Бұл – осы облыстардағы халықтың жас құрылымымен ерекшеленетін фактор.

Ranking.kz сайтының дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың басында елдегі егде адамдардың саны 2,7 миллионнан асқан. Бүкіл әлемде 2020-2021 жылдары көрсеткіштер айтарлықтай төмендепті. Бұған, әрине, пандемия әсер еткені түсінікті жайт. Алайда 2022 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы қайтадан өсе бастайды.

Мәселен, елімізде бір жыл ішінде қарттар саны 4,2%-ға күрт көтерілген. Халықаралық (БҰҰ) және отандық (БЖЗҚ) сарапшылардың есептік дерек­тері елімізде де 2050 жылға қарай өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына байланыс­ты демографиялық кәріліктің жоғары деңгейі байқалатынын көрсетеді. Бол­жам бойынша 60 жастан асқан адам­дардың үлесі 16,7%-ға дейін артпақ. Яғни 2050 жылға қарай әрбір алтыншы адам жасы 60 жаста болады-мыс.

 

Мамандар не дейді?

Экономист Досбол Нұрахметтің айтуынша, халықтың қартаюы бірінші кезек­те экономикалық өсімнің құлды­рауына алып келмек.

«Қартаю инновацияның дамуын да тежейді. Инновацияның кенже қалуы экономикалық өсімді баяулатады. Үшіншіден, бұл жағдай мемлекеттік бюджетке ауырлық түсіреді. Яғни қарт кісілер жұмыс істемейтіндіктен жеке табыс салығы ел қазынасына түспейді. Ал мемлекет шығындары арта береді. Шын мәнінде, халық саны көбейген соң және оның сапасы артқан соң барып күнкөріс деңгейі артады, ІЖӨ көбейеді. Барлығы бір-бірімен байланысты. Экономикалық өсім бар жерде ІЖӨ де артады. ІЖӨ жоғары болғандықтан, халықтың тұрмысы, күнкөріс деңгейі де жоғарылайды», дейді ол.

Дей тұрғанмен сарапшы елдегі халықтың қартаю үдерісі дамыған ел­дер­дегідей қарқынды жүріп жатпа­ған­­дықтан бұл алаңдауға негіз жоқ деген сөз емес екенін айтты.

«Халықтың қартаюы алдымен эконо­микалық өсімге кері әсер етеді, оның ішінде еңбекке қабілетті адам саны аза­­йып, еңбек өнімділігі төмендейді. Еңбекке қабілетті адамдардың жұмыс жүктемесі жоғарылайды. Тұтыну құры­лымының өзгеруі, тұтыну шы­ғын­дарының азаюы тауарлар мен қызметтердің бағасына және инфляция деңгейіне ықпал етеді. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, қартайған халық дефляциялық қысыммен бірге жүреді, өйткені жиынтық сұраныс төмендейді. Ақша-несие саясатының тиімділігі төмендейді. Зейнетақы жүйесіне, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғауға, ел бюджетіне түсетін шығындар өседі. Аймақаралық теңсіздік шиеленіседі», дейді Д.Нұрахмет.

Сонымен қатар демографиялық ахуалды жақсартуға, халықтың демо­гра­фиялық мінез-құлқын өзгертуге, жастардың репродуктивті белсенділігін арттыруға, отбасылық қатынастарды нығайтуға, халықтың өлім-жітімін төмендетуге және қоғамда сау өмір сүрудің идеологиясы мен тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған іс-шара­ларды әзірлеу қажет екенін алға тартты маман.

«Әлемде мынадай қызық зерттеу бар. Экономикалық сауаттылықтың артуы елдегі үйлену жасының ұлғаюына және отбасындағы бала санының азаюына әсер етеді екен. Яғни халық мейлінше экономикалық тұрғыда сауатты болған сайын олар кешірек үйленеді, азырақ бала туады. Себебі, ондай адамдар барлығын есептей алады, балалы болу­дың шығыны – оның біліміне, бола­шағына қанша ақша жұмсалады деген сияқты. Әрине, бұл – дұрыс деген сөз емес. Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін демографияны көтеру – өте маңызды фактор. Демографияның өсуі еңбек күшінің, тұтыну деңгейінің артуына, инновацияның дамуына әсер етеді. Демография елдің экономикалық өлшемін анықтайды. Кез келген бизнес­ке бес адамға тауар өндіріп, сатқаннан гөрі 10-20 адамдық нарыққа тауар сатқан ыңғайлы және бизнес өзіне керек адамдарды оңай табады», дейді ол.

Ал демограф Әзімбай Ғали мұны объективті үрдіс дейді.

«Әрбір ұлттың демографиялық кезеңдері болады. Ұлттың жас кезеңі бар. Қазақтар 1959-1962 жылар аралы­ғында өте жас ұлт болды. Тіпті әлемдік деңгеймен салыстырғанда көрсеткіш жас еді. Ол кезде медицина да жақсы болды. Нәрестелердің өлімі азайды. Оның үстіне туу көбейді. Өте бір рекордтық кезеңге жетті. Бір отбасында оннан аса баласы бар үйлер көп еді. Төрт-бес балалы үйді тіпті баласы бар екен деп есептемейтін. Бұдан кейін қазақтар бала тууды азайта бастады. Қазір бір-екі баласы бар отбасылардың саны өте көп», дейді сарапшы.

Оның айтуына қарағанда, қазір елі­мізде демографиялық ұстаным өзгер­ген.

«Рас қазір тұрмыс деңгейі жақсарып келеді. Ал жастар бала санын шектесек, жағдайымыз тіпті жақсарады деп ойлайтын көзқарас пайда болды. Демалу керек, шетел аралау керек дейді. Сонымен қатар елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдай, қарыз-несие әсерлері туу көрсеткішін азайтып отыр. Бірақ демографиялық жағдай – өзгеріп тұратын нәрсе. Ұлттық ұстаным да өзгере береді. Қазір біздегі демографиялық ахуал­ды біраз жақсартқан сырттан келетін көші-қон еді. Алда ол да тоқырап қалатын түрі бар», дейді ол.

Қорыта айтқанда, елімізде өмір сапасы жақсарып, медицина дамып, адамдардың өмір сүру жасы ұзарға­нымен, туу деңгейінің төмендеп кеткені белгілі. Ал мұның ел экономикасына әсері зор екені жоғарыда айтылды.