Айбын • 06 Қыркүйек, 2024

Ғылым жолындағы офицер

63 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әскери ғылым – аса көп талқыланбайтын, көптің қызы­ғушылығын тудыра бермейтін бағыт. Ілуде біреу ғана болмаса, екінің бірі әскерде жүріп ғылымға бет бұрмайды. Десе де «қалауын тапса, қар жанатыны» секілді, ізденген мұратына жетері анық. Ұлттық ұлан академиясындағы Жалпы білім беру пәндері кафедрасы бастығының орынбасары, майор Бақыт Қалиев – әскер сапындағы әлеуметтік ғылымдар магистрі.

Ғылым жолындағы офицер

Бақыт Ақанұлы академия­да 2015 жылдан бері қызмет ат­қарады. Оған дейін Солтүстік Қа­зақстан облысындағы М.Қозыбаев уни­вер­ситетінде оқытушы болып жұмыс істеген. Оған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих және дін мамандығы бойынша магистратурада білі­мін шыңдаған.

«Жалпы білім беру кафедрасында қызмет ете­мін. 90-нан астам ғылыми мақала, 2 ғы­лы­ми монография жаздым. Бір мо­нографиям «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тарихы, ­архитектурасы, ескерткіштері, ­археологиясы тақырыбында бір­неше ғалымның қатысуымен жазылды. Бұл еңбекті жазып шығу­­ға үш жыл уақытымыз кетті. 900 беттен тұратын зерттеуіміз барлық ­өңірдегі кітапханаларда бар. 2015 жылы сол кездегі Ұлттық ұлан бас қол­басшысының бұйрығы­мен академияда жаңа кафедра ашылды. Бұған дейін бұл басқа кафедра құрамында болған. Осы кезеңде ол жеке кафедра болып құрылды. Жаңа штат жасақтал­ды. Бізге кафедраның деңгейін көтеру жүктелді. Мақалалар жаза бас­тадық. Бұл жерде бұрын курсанттармен ешкім ғылыми жұмыс жүргізбеген екен. Курсанттар­дың ғылыми қауымдастығымен жұмыс жүргізе бастадық. 2017 жылы Қостанай­да орналас­қан Ш.Қабылбаев атын­дағы ІІМ академиясында курсанттар арасында халықаралық ғылыми конкурс болды. Оған өзге мемлекеттерден қатысушылар келді. Еліміздің де өзге әскери ведомстволарынан үміткерлер қатысты. Конкурста біздің ака­демия курсанттары бірінші орын иеленді. Олар әскерге мемлекеттік тілді енгізу тақырыбын қорғады. Кур­санттар арасындағы діни толе­ранттылық пен қарым-қаты­нас мәселесін кө­терді», дейді акаде­мияның қатарынан екі рет үздік оқытушыcы атанған Бақыт Ақанұлы.

Ұстаз бен шәкірттерінің же­тіс­тіктері мұнымен тоқталып қал­ған жоқ. 2022 жылы ІІМ-нің ведомствоаралық конкурсына қа­тысып бірінші орын алғаны тағы бар. Тақырыбы – «Коронави­рус пан­демиясына байланысты жа­рия­ланған төтенше жағдай кезінде онлайн сабақ өткізу». Нақтырақ айтқанда, курсанттар мен оқытушылар арасындағы интернет байланысы кезіндегі қауіпсіздік мәселесін жан-жақ­ты көтеріп, оқу үдерісін жалғасты­ру жолдары зерделенді. Бақыт Ақанұлының айтуынша, сол кезде үздік атанған курсанттар бүгінде әскер қатарында лауазымды қызметтер атқарып жүр. Қуантатыны сол, сарбаздар­ды ғылым саласына баулитын дәстүр жал­ғасып келеді. Оқыту­шылар бірінші курсқа келген курсанттар арасынан ғылым-білімге жақын бірнеше баланы іріктеп, оларға ғылыми ізде­ністің алғышарттары мен ма­қала жазудың қыр-сырын үйре­теді. Осыдан бірнеше ай бұрын академия курсанттары Алматыда өткен халық­аралық ғылыми жұмыс бай­қауынан олжалы оралды. Бұл жолы олар су тасқыны мысалындағы оқу үрдісі жайын­­да жоба қорғап шықты. Академияда курсанттардан бөлек, оқытушылар құрамы да ұдайы білімін жетіл­діріп отырады.

«Былтыр біздің кафедра­дан үш адам Ташкент қаласында­ғы Қоғамдық қауіпсіздік универ­си­тетіне доктарантураға оқуға түс­тік. Биыл бірінші курс бітіріп жатырмыз. Оқу демалысын алып, ем­тихан кездерінде барып келе­­тін мүмкіндігіміз бар. Қазір ғылыми жетекшілеріміз­бен танысып, өзі­міз зерттейтін тақырыптарды ай­қын­дадық. Докторлық жұмы­сым­­ның тақырыбы – «Қазақ­стан мен Өзбек­станның әскери жоғары оқу орындары арасында академия­лық ауысым жұмыстарын ұйым­дас­тыру». Мәселен, азамат­тық ортадағы жоғары оқу орындарында білім алатын сту­денттер шетелдік білім орда­ларына ака­демиялық ауысым­мен бара алады. Яғни сол жақ­та кемінде бір семестр білім алып, тәжірибе алма­сады. Осын­дай мүмкіндіктер­дің әскери білім ордаларында да болға­нын қа­лаймын. Бұл бакалаврдан бөлек, магистратурада білім алатын офицерлер үшін маңызды саналады», дейді Б.Ақанұлы.

Қызметіне шын берілген оқы­тушы отбасылық өмірін де назардан тыс қалдырмаған. Бала­ларының да білімді, елгезек азамат болып өсуі үшін лайықты тәрбие беріп жүр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бүгінде кейіпкеріміз­дің үлкен баласы Ыстанбұл мем­­лекеттік университетінде халық­аралық құқық және сауда ма­ман­­дығы бойынша 4-курста білім алып жатыр. Ал екінші ұлы мектепте үздік оқиды. Үйдің кенжесі бір жаста. Қауырт қызметте жүрсе де әс­кери ғылымның дамуына үлес қосып, отбасы алдындағы жауап­кершіліктің жүгін ұмытпаған ұландықтың Отан алдындағы міндетіне де мінсіз боларына күмән жоқ.