Құқық • 06 Қыркүйек, 2024

Ата-ана құқынан айырылғандар азаяр емес

84 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Нәтижесінде, осы жылдың алғашқы жеті айында жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 18,2 пайызға азайған. Алайда салада шешімін күткен өзекті мәселелер де баршылық.

Ата-ана құқынан айырылғандар азаяр емес

Облыстық полиция депар­таменті бастығының бірін­ші орынбасары Құрмет Мәжі­кеновтің айтуынша, полиция қыз­меткерлері өңір аумағында жас­өспірімдердің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету, әкімшілік құқық бұзушылық­тың алдын алу мақсатында көптеген іс-шара өткізген. Нәтижесінде, өңір­дегі қылмыс саны біршама азайған.

Департамент басшысының бірін­ші орынбасары келтірген дерек ста­тистикалық тұрғыда көңіл көншіт­ке­німен, кейбір мәлімет ойландырмай қоймайды. Мәселен, кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттемені орындамаған жүздеген ата-ана жауапкершілікке тартылыпты.

«Бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 160 отбасы анықталып отыр. Сондай-ақ құқық бұзушылыққа жол берген 382 жасөспірім полицияның есебіне алынды. Девианттық тәрбие­дегі мінез-құлқына байланысты 18 жасөспірім арнайы режімдегі мектепке орналастырылды. Сондай-ақ 50 азамат ата-ана құқығынан айырылды немесе шеттетілді. Бұдан бөлек, 225 жасөспірім бейімдеу орталығына жөнелтілді», дейді Қ. Мәжікенов.

Өңірде жасөспірімдердің қыл­мысы біршама азайғанына қара­мас­тан, кейбір статистикалық көрсет­кіш­тің артқанын аңғару қиын емес. Мәсе­лен, полицияның есебіне алын­ған жасөспірімдердің саны өткен жыл­дың межелі мерзімінде 343 болса, осы жылы 382-ге жеткен. Ал бала тәр­биесіне немқұрайды қарайтын от­ба­сылардың саны өткен жылы 155-ке жетсе, биыл 160-ты құрап отыр. Сон­дай-ақ бейімдеу орталығына орна­лас­тырылған жасөспірімдердің саны 3-ке артқан. Осы көрсеткіштер кімді де болсын ойландырмай қоймайды.

«Жалпы алғанда, кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жө­ніндегі міндеттемені орындамағаны үшін әкімшілік кодекстің 127-бабымен 617 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта көшеде үлкендердің қарауынсыз жүрген 5468 жасөспірім анықталды. Осыған байланысты әкімшілік кодекстің 442-бабына сәйкес ата-аналардың жауапкершілігі қаралды. Сағат түнгі 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 156 мекеме иелері заң аясында жауапкершілікке тартылды», дейді Қ.Мәжікенов.

Қалай десек те, жасөспірімдердің мәселесі қоғамды толғандырмай қой­майтыны анық. Олардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары міндетті болғанымен, ата-аналар да жауапкершілік жүгін сезінгені жөн. Олай болмаған жағдайда мәселе ушы­ға беретін секілді.

 

Жамбыл облысы