Руханият • 06 Қыркүйек, 2024

«Ел екен!»

364 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қырғыздарға қатты қызығамын. Нағыз намысқой халық. Ұлттық құндылықтарын ұлықтайды. Салтын сақтайды. Дәстүрін дәріптейді. Естияр баласынан ел басқаратын президентіне дейін ақ киіз қалпағын басына киіп жүреді. Айта берсек, Алатаудың арғы жағын жайлаған бұл ­бауырларымыздан үйренетін үрдістер көп.

«Ел екен!»

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Әсіресе әйгілі тұлғаларын әспет­теуі, атадан мирас асыл қазыналарын ардақтауы өзгелерге өнеге боларлықтай. Мәселен, миләттің мәңгілік мақтанышы – «Манас» жыры мемлекеттік идео­логияның ажырамас бөлігіне айналған. Әлемдегі ең танымал эпос саналатын осынау орасан зор санғасырлық сарасөздің кейінгі замандар да салтанат құруына қазақтың Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов секілді парасатты перзенттері қомақты үлес қосқаны қандай ғанибет.

 

* * *

Бірде Тоқмақтағы құдалардың то­йына бардық. Бәрі өзіміздегідей, бәлен­дей ерекшелігі жоқ. Көтеріңкі көңіл күйдегі көпшілік. Ағыл-тегіл ақта­рылған ақ тілектер. Төзім тауысқан тост­тар. Сыңғырлай соғысқан стақан­дар. Жаттанды көріністер жалықтыра бастаған шаршаулы шақта бізді ерік­сіз елең еткізген бір жағдай болды. Таңдайы тақылдаған тамада «Манастан» екілене үзінді оқып, екпінін басты да алқалаған әлеуметтің арасынан біреу-міреулердің ортаға шығып үзілген жырды жалғастыруын сұрады. Сонда бар ғой, сізге өтірік, маған шын: тойдағылар­дың бірнешеуі таласа-тармаса микро­фон­ға қол созды. Ең бастысы, ешқай­сысы әдебиет, мәдениет саласының өкіл­дері емес, қарапайым адамдар екен. Бағзы­дан жеткен баба жырдың ұлт сана­сына қаншалықты ұялағанына сол жолы көзі­міз әбден жетіп, көңіліміз көншіді.

 

* * *

Бұдан біразырақ бұрын Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің журналистері Қытайда бас қостық. Талай тарихи орындармен танысып, таным көкжиегін кеңейттік. Бейжіңге келіп тұрып «Қытай қорғанына» қалай соқпай кетеміз. Бардық. Таңғажайып нысанды тамашалап, таңдай қақтық. Қытайлық ақпарат құралдарының тіл­шілері жапа-тармағай жарыса жан-жақ­тан жиналған медиа-меймандардан сұхбат алып әлек. Әрқайсымыз алғашқы әсерімізді әдемілеп жеткізуге тырыстық.

Әлемнің жеті кереметінің бірін көріп әсерленіп тұрғанымызда қырғызстан­дық жас әріптесім құлағыма сыбыр ете қалды. «Бұл баяғыда біздің Манас батыр атойлап шапқан жер ғой. Тұла бо­йымды мақтаныш сезімі кернеп барады. Қытайлар дала шапқыншыларынан қорқып осындай қорғандар салған ғой!»

Әне, көрдіңіз бе, мәселе қайда?

 

* * *

Аттөбеліндей аз ғана қырғызды көп көрсетіп, басқаларға бас игізбейтін құдіретті күш – Манас рухы. Өйткені батырлықты баяндайтын баға жетпес дастанды қырғыздар бала жастан бастарына жастап өседі. Мектепте де, университетте де елдікті асқақтатқан ерлік эпосына байланысты арнайы дәрістер оқылады. Сол арқылы өскелең ұрпақтың өн бойына ұлтжандылық, отаншылдық сияқты адами асыл қасиеттер сіңіріледі.

Ер Манастың атымен аталатын халық­аралық әуежай, жоғары оқу ордасы, тау шыңы, тағысын тағылар қаншама. Тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан кезінде-ақ Бішкекте зәулім ескерткіш ашылғаны есте. Тұлпар үстіндегі алып тұлғаға қа­да­лып ұзақ қараған Шерхан Мұртаза жүрекжарды сүйінісін жасыра алмай «Ел екен!» деген көрінеді. Осы орайда Айкөл Манастың ескерткіші Астана төрінде де орнатылғанын айтқанымыз абзал.

 

* * *

Ал енді антикалық әдебиеттің «әулиесі» есепті «Одиссейді» он орайтын «Манасты» жатқа айтушылардың ел арасындағы абырой-беделінің қан­дай екенін айтып жеткізе алмайсың. Солар­дың арқасында сом алтындай туынды төрткүл дүниеге тарады. Манас­шылардың дәстүрлі мектебі қалыптасты. Оның көрнекті өкілдері қатарында Балық, Найманбай, Тыныбек, Ақылбек, Диқанбай, Сағынбай және басқалардың аяулы есімдері аталады.

Аузымен құс тістеген айтулы жыршы­лардың ішінде бертінге дейін өмір сүрген Саяқбай Қаралаевтың жөні бөлек, әрине. Ұлы Мұхаң жадына жағы сай заңғар замандасын жанына жақын тартыпты. Алматыдан арнайы іздеп келіп, миында миллион жолдық эпосты сақтаған майталман манасшының мәнерлі жырын тыңдайды екен. Аңызға айналған эпикті «Абай жолы» эпопеясының авторы «қазіргі заманның Гомері» атағаны да әмбеге аян. Тіпті бірде оған «Әй, Саяқбай, сен өлсең, адамзат баласы баға жетпес рухани байлығынан айырылады-ау» деп қамыға қарағанын да ескі көздердің есте­лігінен білеміз.

Шекердей шағын ғана айылда туып, әлемдік әдебиеттің төріне шық­­­қан Шыңғыс Айтматов та кезінде «Со­ветский Союз» журналында қасиет қон­ған Қаралаев жайында жан дүниесі тебірене жазған. «Егер біреу менен қырғыз халқының ұлы перзенттері кімдер деп сұраса, бірінші кезекте Саяқбай Қаралаевты айтар едім» деп ағынан жарылуы көп нәрсені аңғартса керек.

 

* * *

КСРО-ның халық суретшісі Со­циа­лис­тік Еңбек Ері Тұрғынбай Садықов саң­лақ Саяқбайдың мүсінін жасауға ниет қылып, өзінің шеберханасына шақыра­ды. Жасыратыны жоқ, ол басында бола­шақ кейіпкерін онша ұната қоймапты. Қарапайым ғана қариядан қайтіп бей­нелеу өнерінің бедерлі туындысын дү­ние­ге әкелемін, деп қатты қиналыпты. Кесек образ тудыруға келіңкіремейді. Күн сайын ке­­ліп орындықта тапжылмай отырады. Кө­ңі­лі соқса, сөйлейді. Көбінесе үндемейді. Енді не істеу керек? Мүсіншінің басына тосын ой келіп, Саяқбайдың өзінің маг­нитофонға жазылып алынған даусын қосады емес пе? Елең етер емес. Міз бақпай отыра беріпті. Содан күндердің күнінде Саяқбай күтпеген жерден күркіреп «Манасты» аңырата жөнелген ғой. Тоқтамастан ұзақ толғапты. Сол сәтте шаршаңқы жүзді шау тартқан шалдың өңі мың құбыла өзгеріп сала берген. Қарсы алдында қас батыр отырғандай сезінген скульптордың да шабыты қозып, іргелі іске кіріседі. Сірә, сонда ғана телегей теңіз «Манаста» тыңдаушысының рухын көтерер кие барын тасқа жан бітірер талант иесі түсінген тәрізді.

 

* * *

Аузын ашса ар жағынан алапат жыр ақтарылатын Саяқбай 1971 жылдың мамырында аяқасты дерттеніп ауруханаға түсіпті. Ең ғажабы, есі ауып, адам танудан қалса да «Манасты» айтып жатыпты, жарықтық. Көзі тірісінде көкірегі көмбе ақсақалдың өзі әртістіктің әр алуан әдістерін қолдана отырып жырлап біткен соң «Манасты» ұшынтұп айтыш керек» дейді екен. Тіпті өлім құрығына ілініп, дүниеден өтіп бара жатқанда да кейінгілерге «Манасты» қалай ырлау керектігін көрсетіп кеткен Қаралаев ­шынында да енді қайта тууы екіталай, қайталанбас тұлға!

 

* * *

Сүйсінерлігі сол, қырғыздар Саяқ­байдай салқар өнерпазының сом бей­несін баяғыда-ақ таспалап тастаған. Кинорежиссер Мэлс Убукеев сонау 1962 жылы үш бөлімді деректі фильм түсі­ріпті. Кейін кем-кетігін толтырып, сегіз сериялы «Ұлы Манасшы» картинасын көрерменге ұсынды.

Бәріміз білетін Болат Шәмшиев те Саяқбай Қаралаевтың қатысуымен кино жасап кетті. Қазір солардың бәрі қаптап «YouTube» әлеуметтік желісінде тұр. Көрсең, көңілің тасиды.

Кеудесі кең сарайдай кемеңгер жұ­мық­шының көркем образын көрсет­кен кейінгі кинорежиссерлерге де ел-жұрт ерекше риза.

 

* * *

Қалың қазақ қадір тұтқан тағы бір қырғыз – әрине, Сүйменқұл Чоқморов. Сүлей суретші, атақты актер. Кинодағы алғашқы қадамын «Қазақфильмнің» «Қараш-Қараш оқиғасынан» бастаған ол тұңғыш ұлына «Бақтығұл» деп өзі ойнаған басты рөлдің есімін бергені белгілі. Әйгілі туындылар қалдырған қылқалам шеберінің Қырғызстандағы алғашқы көрмесін қазақтың қайраткер ақыны Мұхтар Шаханов ұйымдастырғанын да ұмытпауға тиіспіз.

Сүйменқұлдай сүйікті ұлына қыр­ғыздар жуырда Бішкектің төрінде еңселі ескерткіш қойды. Оның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары Еділ Байсалов бастаған біраз атқамінер азаматтар қатысты. Ой, сондағы жиналған қауымның арқа-жарқа қуанғаны-ай. Бұрынырақта орнатылған мүсіні сәл солғындау шығып, ренжіңкіреп жүрген көпшілік бұл жолы ойдағылары болғандай көл-көсір күйге бөленді. Айтпақшы, Сүйменқұл да кезінде Саяқбайдың суретін салған.

 

* * *

Қырғыздар – шынымен де кісі қызығарлықтай халық. Үлгі аларлықтай үздік дәстүрлері жетерлік. Біз солардың кейбірін ғана келтірдік. Егемендіктің елең-алаңында Алматыда өткен қазақ-қырғыз зиялыларының бір кездесуінде марқұм Сәбетқазы Ақатаев ағамыздың «Биенің екі емшегі бар. Бірі – сен, бірі мен, қырғыз бауырым! Ақаев деген президентің бар. Әкесі – сен, шешесі – мен!» дегені бар еді. Ендеше, егіздің сыңарындай туысқан елдің жан жадыратар жақсысын үйренгеннің еш айып-шамы жоқ сияқты.

Бағалай білсек, Алатаудай алтынға айырбастамас асыл-ақықтар мен төрт­күл жаһанның төріне шығуға лайық жақсы-жайсаңдар бізде де баршылық-ау...