Таным • 05 Қыркүйек, 2024

Кім кінәлі?

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сананы сөз оята ма, іс оята ма? Екеуі де дұрыс орындалғанымен, селт еткізе алмауы мүмкін ғой. Оған бола «мынауың дауасыз екен» деп қоя саламыз ба? Қайткен күнде бір қисыны табылуға тиіс қой.

Кім кінәлі?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әңгіменің ашығын айтайық, біздің ауылда Қопаргүл деген қыз болды. Сыныптас­тарының қойған аты ғой, негізі, есімі әп-әйбат. Өзі де сүйкімді қыз еді. Оны кім Қопаргүл атандырып жібергенін білмеймін. Қушыкеш біреу байқаусызда солай деп қалса керек, кейін бұл аты ұмытылып кетті, алайда менің есімде қалып қойды. Сол Қопаргүлдің атасы қалыпқа сыймайтын жан десетін. Ақса­қалдың өзін көргем жоқ, бірақ үлкендерден естіген бір әңгімесін білем. Неткен әңгіме десеңізші?

Әлгі шалдың алдына беттеп ешкім келе бермейтін көрінеді. Сыртты білмеймін, ауыл ішінде солай екен. Бірақ қазақ баласы қашан үлкеннің жолын кесіп, жағасынан алғандай. Содан бір күні осы ақсақалымызды көрші көшедегі тұрғыласы қонаққа шақырыпты. Дайындалып, ауылдың сорпа бетіне шығар жақсыларын қонақ қылса керек үй иесі. Әлде ауыл ішінің үй­реншікті «омыртқа», «шекесінің» бірі ме, әйтеуір «Айтекеңдікі шақырыпты» дейді, болды, басқа әңгіме жоқ еді ғой үлкендерде.

Әлгі бірбеткей ақсақалымыз шақыр­ған Айтекеңдікіне барса, бір шал қыдыңдап тиісіп қоймайтын көрінеді. О шетінен бір, бұ шетінен екі шығып, мазасын алған. «Қызып» алған болса керек. Дастарқан басында да бір-екі рет сөзбен сүйкеп өтсе де, бірбеткей ақсақалымыз үндемей етін жеп, сорпасын сораптап отыра беріпті. Ет пен сорпадан соң белгілі, сәл әңгіме-дүкен, сосын шай дастарқан бар. Ол екі аралықта да әлгі  әумесер баяғы «әуеніне» басса да, біздің шал үндемей шыдапты. Сосын ел кеткен соң, үй иесі Айтекеңді шақырыпты. Қасына отыруға енді ыңғайлана бергенде, «шақырғандағы мақсатың ананы іштіріп, мені сабату болды ғой, жазаң – осы», деп қамшымен басқа бір салып, шығып кетіпті. Үй иесі басы салбыраған күйі қалыпты орнында. Қарсылық білдіріп, ләм-мим демеген. Жастау кезімде осы әңгімені түсіне алмай, іштей бірбеткей, қыңыр шалды кінәлайтынмын. Үй иесін емес, қолы қышыса, мазасын алған қызу шалды неге сабамаған деп. Сөйтсем, мәні басқада сияқты. Үйіңе шақырып, арнайы қонақ қылған екенсің, жауапкершілік мойныңда. Телі-тентекті құрметтеп, басқалардың басына шығарып қойғаны – үй иесінің кінәсі. Қамшы тигенде, қарсыласпаған ол да қасиетсіз болмай тұр. Ақсақалдардың әрбір әрекетінде осындай мән жататын. Бағамдай алсақ, әрине.