Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Негізгі тенденциялар
Алғашқы алты ай қорытындысы бойынша банк секторы бизнеске 8,4 трлн жаңа қарыз берді. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға (1,5 трлн-ға) артық. Жаңа қарыздың 98 пайызы екінші деңгейлі банктерге тиесілі.
Ұлттық банк сауалнамасына сәйкес, биылғы шілде айының басында бизнестің барлық міндеттемесін көрсететін кредиторлық берешегі бар кәсіпорындар үлесі тек 20%-ды құраған. Яғни бизнестегі бес өкілдің біреуінде ғана қарыз бар. Бас банктің статистикалық талдау нәтижесіне сүйенсек, шағын бизнестегі тұрақты кәсіпорындар үлесі 17,2%-ға, орта кәсіпорындарда 15%-ға төмендеген. Сонымен қатар ШОБ өкілдеріндегі мерзімі өткен берешектің баланстық көлемі 83%-ды (барлығы 307 млрд теңге) құраған.
Десе де, кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс көп жағдайда ірі және орта бизнес есебінен түскен.
– Шағын бизнес субъектілері тарапынан сұраныс мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кредиттеуді қаржыландыру арқылы қолдау тапты. Сонымен қатар жекелеген банктер 2023 жылдың соңында іске қосылған кепілді және кепілсіз скорингтік өнімдердің оң әсерін атап өтті. Кей банктер клиенттердің тәуекел профиліне қойылатын талаптарды қайта қарады. Нәтижесінде, шағын бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны 6%-ға өсті, – дейді Ұлттық банк Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Көбенбаев.
Ірі және орта бизнестің несиеге сұраныс индексі I тоқсанда, негізінен несие ресурстарының құнын төмендету арқылы аздап өсті. Жекелеген банктердің пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыруды қайта бастау орта бизнес тарапынан сұранысқа да оң әсерін тигізді. Банктер сыйақы мөлшерлемесін біршама төмендету арқылы кредит беру шарттарын шамалы жеңілдеткен.
Қарыз портфелінің өсуі кезінде өтінімдерді сапалы іріктеу мерзімі өткен берешектің төмен деңгейде сақталуына себеп болды. Ақша-кредит жағдайларын одан әрі жақсарту елдегі инфляциялық үдерістерді жеделдете түседі. Ал бизнестің барлық өкілі қарыз бойынша қаржы жағдайларын одан әрі жақсартуды көздеп отыр.
Соған қарамастан, бірқатар банк скоринг негізінде заңды тұлғаларға арналған жаңа өнімдерді, сауда саласындағы айналым қаражатын қаржыландыру үшін салыстырмалы түрде қысқа қарыз беруді жоспарлап жатыр. Осылайша, несие өтінімдерінің ұлғаюы кәсіпкерлерге жаңа кредит беруді 20%-ға ұлғайтқан.
Банктердің пікірінше, тұтынушылық кепілсіз қарыздарға сұраныстың артуы белсенді маркетингтік ілгерілеу мен жекелеген банктердегі онлайн-кредит үлесінің ұлғаюына тікелей қатысты. Нәтижесінде, несиелік өтінімдер саны 21,1 млн болды. Бұл алдыңғы тоқсаннан 10%-ға артық. Ірі бизнестің екінші тоқсандағы мақұлдау деңгейінің төмендеуі тоқсан соңына қарай келіп түскен және қаралып жатқан клиенттер санының артуына байланысты болмақ. Үшінші тоқсанда оларды тағы қарайды. Сонда мақұлдау үлесін арттыруы да мүмкін.