Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар. Екі баласы бардың құйрығы бар, жалы бар. Үш баласы бардың Бұқарада малы бар» деген тәмсіл қалған. Ел ішінде бұл сөздің әртүрлі нұсқалары кездеседі. Айтайын деген ойы бір, балалы үйдің базарлы екенін, баласыз үйдің қуарған мазар екенін айтады. Әйткенмен қазақ қоғамы нарыққа кіргелі, бұл түсінік те қалыпқа түсті. Бұрынғыдай бір үйдегі ойнақтаған он баланы көру қиын. Әупірімдеп төрттен асырсақ, төбеміз көкке жетеді. Өйткені төрт балалы үй көпбалалы отбасы деген мәртебеге ие болады да, содан мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік игіліктерге қол жеткізеді.
Ал қазір елімізде ондай қанша отбасы бар дегенді айтпас бұрын, мына бір дерекке көз жүгіртейік. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 2009 жылы 6,6 миллион болған, ал 2021 жылы 8,2 миллионға дейін өсіпті. Ұлттық санақтың қорытындысы бойынша халықтың 60,9% некеде болған. Дәл қазір елімізде қанша отбасы бары туралы деректер әлі жаңарған жоқ. Осы 8 миллионнан аспаса, кеміген жоқ деуге негіз бар. Өйткені биыл мамыр айында «Азаматтарға арналған үкімет» арнайы статистикалық мәліметтер жариялағаны есімізде. Онда: «10 айда 103 мыңнан аса неке тіркелген. Оның ішінде 2024 жылдың басынан бері 40 мың жаңа отбасы қосылды. 2023 жылдың шілдесінен бастап елімізде 328 мың жаңа азаматтың тууы тіркелді» делінген. Демек еліміздегі отбасы саны өсіп келеді. Дейтұрғанмен ажырасу деген де азаймай тұрғаны жасырын емес. Сонымен, 9 миллионға жуық отбасының қазір 583,4 мыңы көпбалалы үйге жатады. Ресми дерек бойынша, аталған 583,4 мың көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан жыл басынан бері жиыны 274,8 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік тұрғыда қамтылыпты. Былтыр тамыз айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі: «2019 жылы 250 мың отбасы көпбалалы ретінде жәрдемақы алса, қазір олардың саны 545 мың отбасыға жетті» деп мәлімдепті. Ал қазіргі дерекпен салыстырғанда бұл деңгей едәуір өскенін байқаймыз.
Биыл қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл мемлекеттік жәрдемақыға төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Гүлмира Жәкенқызының айтуынша, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі.
«Жәрдемақы мөлшері 4 баласы бар отбасы үшін 59 183 теңгеден бастап, 8 баласы бар отбасылар үшін 118 144 теңгеге дейін балалар саны бойынша сараланады. Ал одан да көп баласы бар отбасылар үшін бұл сома әр бала үшін 14 768 теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақы 600 мыңнан аса отбасына төленеді, бұл мақсаттарға 474,8 млрд теңге қарастырылған», деді Г.Жәкенқызы.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы: 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК (59 183 теңге), 5 балаға – 20,04 АЕК (73 988 теңге), 6 балаға – 24,05 АЕК (88 793 теңге), 7 балаға – 28,06 АЕК (103 598 теңге), 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.
Қорыта айтқанда, көпбалалы отбасы – Отанымыздың тірегі. Оның іргесі берік, әлеуеті мығым болмай, мемлекет тасы өрге басуы неғайбіл. Сондықтан отбасындағы бала санын арттыруға арналған жан-жақты ынталандыру жұмысының қарқыны бәсеңдемеуге тиіс.