Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы жылдар ішінде аталған кәсіпорында мұнайшылардың бірнеше династиясы қалтқысыз еңбек етіп келеді. Барлығы да – жоғары құрметке лайық жандар. Дегенмен олардың арасында 1964 жылы ашылған Өзен мұнай өндіру басқармасының тұңғыш директоры Рахмет Өтесіновтің тұлғасы дараланады. Еліміздің мұнай-газ саласында орны ерекше кәсіпорынның негізін қалаған, оның қалыптасып дамуына айрықша еңбегі сіңген, мұнайшылар мекені Жаңаөзеннің алғашқы қазығын қаққан даңқты мұнайшы, өнертапқыш, жазушы Рахаң туралы жазуды өзіме парыз санадым.
Маңғыстауда барланған ауқымды мұнай қоры белгілі болғаннан кейін Өзен мұнай-газ кенішінде өндірісті ұйымдастырудың ауыр жүгі И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институының түлегі, мұнайшы-инженер Рахмет ағамызға артылды. Рахаңның еңбек жолына көз жүгіртсек, бұл жауапты қызметке келгенге дейін үлкен мектептен өткенін байқауға болады. Жас маман Р.Өтесінов еңбек жолын «Мақат» кәсіпшілігінде мұнай өндіру бойынша шеберден бастап, бір жарым айдан соң цех бастығына тағайындалады. Одан әрі 1954 жылдан 1957 жылға дейін «Комсомольск» кәсіпшілігінің бас инженері болып жұмыс істейді. Ал 1957 жылы КСРО мұнай өнеркәсібі академиясының бір жылдық курсын тәмамдаған ол Комсомол, Қошқар, Сағыз кәсіпшіліктері біріктіріліп, ірілендірілген «Қошқар» мұнай өндіру басқармасы директорлығына тағайындалады, сөйтіп сонда 1959 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істейді.
Осылайша, Рахмет аға кеңес одағы үшін аса маңызды халықтық-шаруашылық нысан саналған Өзен кенішін игеру үшін құрылған басқарма басшылығына 37 жасында тағайындалғанда, өндірістің барлық сатысынан өтіп, сол кездегі мемлекеттік қызмет – Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Гурьев облыстық, Батыс Қазақстан өлкелік партия комитеттері өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, «Маңғыстаумұнайбарлау» тресінің партком хатшысы сынды жауапкершілігі жоғары партиялық жұмыста ысылған еді.
Рахмет ағамыздың Өзен мұнай өндіру басқармасына келуі өміріндегі бетбұрыс болды. Ол кезде қиян түкпірде жатқан түбекке қиындықтан қорықпайтын қайсар адамдар ғана баратын. Рахаң зор жауапкершіліктің ауыртпалығын толық сезініп, маңызды міндетті абыроймен атқара білді. Өзендегі директорлық қызметінің алты жылының төрт жылында отбасы – Ақтауда, өзі барақ жатақта тұрып, күндіз-түні қайнаған ыстықта да, бет қаратпас суықта да қырықтан аса этнос өкілінен құралған мұнайшылармен бірге болуы зая кетпеді. Тура бір жылдан кейін, 1965 жылғы 10 шілдеде Гурьев мұнай өңдеу зауытына 330 мың тонна Өзен мұнайының алғашқы эшелоны аттанды. Одан әрі 1966 жылы – 1,2 млн тонна, 1967 жылы 2,5 млн тонна көлемінде Маңғыстау мұнайы Отан қазанына құйылды.
Рахмет Өтесінұлы жалаң сынаушы ғана болған жоқ, түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. Осының жарқын мысалы – 1968 жылдың жазында Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевқа Өзен кен орнын толыққанды игеру үшін аса қажет газ зауытының құрылысы басталмай жатқанын, сондай-ақ Өзеннен аудан ашу, қала салу мәселелерін тайсалмай айтуы. Нәтижесінде, Қазақстанның бірінші басшысының қолдауымен газ зауытының құрылысы басталып, ең бастысы, 1968 жылдың қазан айында Гурьев облысында орталығы Жаңаөзен болып, Өзен ауданы құрылды. Оның құрамына Ералиев, Жетібай, Өзен ауылдары еніп, Жаңаөзеннің өзі – аудандық маңыздағы қала мәртебесін иеленді. Осындай өзгерістер аясында абзал ағамен қоян-қолтық жұмыс істеу сәті түсті. 1968 жылғы 25 желтоқсанда өткен бірінші аудандық комсомол конференциясында мені Жаңаөзен комсомол ұйымының бірінші хатшысына сайлады.
Осылайша Жаңаөзенге баруыма тура келді. Өйткені сол жылдары Гурьев облысының құрамында болған Маңғыстау өңірі серпінді дамып, қуатты мұнай-газ кешенінің негізі қаланды. Ал Жаңөзен бүкілодақтық комсомол құрылысына айналып, одақтың түкпір-түпкірінен жиналған жас жігіттер мен қыздар мұнайшылар қаласы Жаңаөзенге жиналды. Олар мұнай кәсіпшілігі, мұнай құбырын, газ өңдеу зауытын және басқа да маңызды өнеркәсіп нысандарын салуға тартылды. Осындай жастардың үлкен тобы жиналған өндірістік үдеріс жіті назарда болуға тиіс еді. Бұған қоса жергілікті комсомол ұйымына жас кадрларды даярлау, оқыту, жастардың тұрмыс жағдайы мен демалысын ұтымды ұйымдастыру, жастар арасындағы қылмысты болдырмау сияқты мәселелермен де айналысу міндеті жүктелді. Бұл маңызды іске қызу араласып кеттім. Қалың көптің ортасында олардың мүддесі және арман-тілегін сезіну, басқару мен ұйымдастыру мені шыңдап, шынықтырған үлкен мектеп болды. Осында мен сияқты жас басшыларға әр ісі үлгі болған тамаша адамдармен таныстым. Солардың бірі де бірегейі – Рахмет аға.
Халқымызда «Ағаштан жеміс күтсең – бұтағын сындырма, адамнан үміт күтсең – көңілін қалдырма» деген дана сөз бар. Осы қағиданы басшылыққа алған Рахмет аға жас буынды тәрбиелеуге аса мән берді. Ол жергілікті жастардың жоғары оқу орындарына түсуіне жолдама беріп, оларға өндіріс есебінен стипендия тағайындады. Рахмет Өтесінұлының қамқорлығын көрген жастар кейін кәсіби мұнайшы-инженер, тәжірибелі өндіріс компанияларының басшылары ретінде алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғастырумен қатар КСРО Жоғарғы кеңесінің депутатынан бастап түрлі деңгейдегі өкілдік органдарға сайланып, ел аманатын орындады. Олардың қатарында Нұрлыхан Бекбосынов, Жақсылық Жаңғазиев, Мұрат Құрбанбаев, Аманжан Өтесінов, Анатолы Тегісбаев, басқа да азаматтар бар.
Рахмет Өтесінұлы нағыз кемелденген шағында жол апатына ұшырап, өмір сынағына тап болды. Әлі есімде, суыт оқиға болатын 1969 жылғы 28 қазан күні әріптесіммен бірге республикалық комсомолдың Орталық комитетінің пленумына шақырылып, Алматы қаласына ұшу үшін Шевченко (Ақтау) қаласына жолға шықтым. Кейін белгілі болғандай, Шевченко қаласында өтетін геологтардың бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференциясына қатысуға Рахмет ағамыз да бізден жарты сағат бұрын шыққан екен. Жаңа Жетібайдан шамамен бес шақырымдай жерден Рахаңның жаншылған қызметтік машинасын көріп, тоқтадық, ішінде ешкім жоқ екен. Орын алған жағдайдың анық-қанығын кешке таман ғана білдік: жол апаты орын алып, бел омыртқасы қатты зақымданған Рахмет Өтесінұлы ауыр халде Көне Жетібайда орналасқан медициналық бекетке жеткізілген екен.
Қылшылдаған 42 жасында басына таудай тауқымет түсіп, алты батпан азап шегіп, төсекке таңылған азамат мойымай, ауыр дертпен арпалыса жүріп, қол арбаға байланса да рух ерлігінің ерен үлгісін көрсетті. Тағдыр Рахмет ағамызға ақыреттен ауыр, қияметтен қиын ғұмыр бере отырып, жанына байрақ болатындай ғылыммен айналысып, көптеген көркем туынды жазуына уақыт бергендей болды. Олай дейтінім, 1970 жылдан бастап Рахмет Өтесіновтің ғалым, жазушы ретінде танытқан өмірінің жаңа кезеңі басталды.
Рахаңды құрамында парафиннің 24-30 пайызы бар Маңғыстау мұнайы көптен бері ойландыратын еді. Өзен мұнай өндіру басқармасында қызметте жүргенде құбырлардағы парафинді мұнай қатып, мұнай өндіру төмендеп, жоспардың орындалмауына әкеп соғатын кездер болған. Бастапқы кезде аталған техникалық проблеманы шешу мақсатында мұнай құбырындағы газды пайдаланумен құбырды қыздыру ұсынылды. Алайда, бұл шешім мәселені толықтай шешпеді. Осыған байланысты Рахаң денсаулық жағдайына қарамай, басқармадағы инженер мамандармен тығыз байланыс орнатып, парафин мұнайын жинау, тасымалдау мәселесімен түпкілікті айналысу үшін кеніш орнына жиі барып, өзі бастамашы болған тәжірибе барысын жеке бақылады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде, 1971 жылы Рахмет Өтесінұлының авторлығымен «Парафинді мұнайды жинау және тасымалдау» атты кітап жарық көрді. Өзен кенішінде парафиннің көп мөлшерімен күресуге арналған еңбекте автор мұнайды еркін тасымалдауға мүмкіндік беретін пештің қалай құрылғанын жан-жақты сипаттайды. 1972 жылы аталған өнертапқыштық ұсынысты «Өзенмұнай» басқармасында енгізуге куәлік беріледі. Рахаң ғылыми мақалалары мен кітаптарын жинақтап, «Мұнай өндіруде газды пайдалану (Маңғышлақ мұнай кен орындарының мысалында)» тақырыбында диссертациялық еңбек жазды. Оның күрделі жағдайда жазған кандидаттық жұмысын докторлыққа теңеуге болар еді. Сайып келгенде, ғылыми орта мен мұнай-газ өнеркәсібінің кәсібилері Рахмет Өтесінұлының жаңалығын лайықты бағалады, өндірісте қолданды.
Р.Өтесіновтің тағы бір жарқырап көрінген қыры – жазушылығы мен өмірін өлеңмен өрнектеуі. Ол – таңның атысы, күннің батысы бел жазбайтын қарапайым мұнайшылар мен алғаш қара алтын атқылағанда суға емес, қара майға шомылып мәз болатын жер қойнауын барлаушылардың тыныс-тіршілігін және тарихи оқиғаларды баяндайтын «Ақиқатқа айналған арман», «Айтылмаған ән», «Алыптың ашылуы», «Алыстағы алау», «Кең Жылой», «Мұнарлы күндер», «Соңғы аялдама» және басқа да повестер мен романдардың авторы.
Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Отағасы Рахметтің мақсат етіп қойған игі істерінің жүзеге асуына жігер беріп, басты қолдаушысы бола білген жан жары – ұлағатты ұстаз Сақыш Қабдірахманқызының ағамыздың өміріндегі орны бөлек. Ол Рахаң қиын жағдайға душар болған күннен бастап соңғы демі шыққанға дейін қырық екі жыл бойы жанында бар жағдайын жасады. Осы арада Рахаңның «Соңғы аялдама» кітабындағы өмірлік қосағына арнаған сөздерін келтіргім келеді: «Мен атадан жалғыз болдым. «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бар, әкем артымда ұрпақ қалғанын аңсап жүргенде Сақыш маған төрт перзент сыйлады. Әбдірхан туғанда шал қалай қуанды десеңші. Одан кейін Кәдірхан туғанда одан бақытты жан жоқтай, тіпті жасарып кетті... Бұның бәрі – Сақыштың арқасы».
Иә, көзі тірісінде Рахмет Өтесінов аңыз адамға айналды. Оның қайталанбас өмірі туралы фильмдер түсірілді, көптеген кітап, газет-журналдарда мақалалар, очерктер шығарылды. Р.Өтесіновке мұнай-газ саласын дамытудағы көпжылдық ерен еңбегі үшін КСРО Мұнай өнеркәсібінің құрметті мұнайшысы, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы» атағы беріліп, орден-медальдармен марапатталды. Сонымен қатар Рахаң еліміздің егемендікке қол жеткізген бақытын көріп, тәуелсіз Қазақстанның «Ерен еңбегі үшін» медалін және «Құрмет» орденін де омырауына тақты. Оған Маңғыстау облысының, Жаңаөзен, Ақтау қалаларының, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы атақтары берілуімен қатар 2009 жылы өзі салған Жаңаөзен қаласында Рахмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, мерейі өсті. Рахмет Өтесінұлы 2011 жылы 8 қаңтарда бақиға озды. Туған халқы оны ұмытпады: 2012 жылы Жаңаөзенде мемориалдық тақта орнатылып, Р.Өтесінов көшесі салтанатты ашылса, 2014 жылы «Өзенмұнайгаз» компаниясының 50 жылдық мерейтойына орай қаланың негізін қалаушы тұлға ретінде орталықта ескерткіші орнатылды.
Равиль ШЫРДАБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері