Қоғам • 08 Қыркүйек, 2024

Бүгін – Отбасы күні

769 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр  «Отбасы күні» мерекесімен құттықтау сөзінде: «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады», деген еді.

Бүгін – Отбасы күні

Фото: soyle.kz

Қыркүйектің екінші жексенбісі - «Отбасы күні»

2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, «Отбасы күні» қыркүйек айының екінші жексенбісіне белгіленіп, 8 қыркүйекте алғаш рет аталып өтті және сол жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланды.  

Айта кетсек, әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия «Отбасы күні» мерекесін бекіту туралы ұсынысын 2009 жылы білдірген екен.

Биыл да осы айдың екінші жексенбісі дәл 8 қыркүйекке тұспа-тұс келіп, айтулы мереке бүгін тойланып жатыр. Және биыл елімізде Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «Отбасы күнін» мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы жасалып, қыркүйектің 2-8 күндері аралығында тәлім-тәрбиелік маңызы бар түрлі іс-шаралар кешені өткізілді.

abai.kz

(Фото: Abai.kz)

Отбасы – баланың ең алғашқы ұжымы

Отбасы – адам баласының дүние есігін айқара ашып енетін үйі, тәрбиеленіп ержететін өте қажетті әрі басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын ең алғашқы ұжымы. Қандай заман, қай ел болса да, отбасының ұрпаққа ықпал әсерін еш нәрсенің күшімен шеңдестіру мүмкін емес.  Әсіресе, отбасының тәрбиелеушілік міндетін қоғамдық тәрбиенің ең тиімді жүйесі де алмастыра алмаған. 

Отбасында заманға сәйкес бала тәрбиелеу ісі – аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Отбасыны – шағын мемлекетке де теңейтіні мәлім, бұл дегеніміз – әр отбасының өзіндік ерекшеліктері болатынын меңзесе керек. Ал, баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол екені айтпасақ та түсінікті.

Дәстүрлі қазақ қоғамында отбасы қастерлі саналды. «Ата – асқар тау, Ана – бауырындағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ», деген халық мақалы ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеді. Отбасында өзіндік тәрбие алған бала жылдар жылжи келе, өмірдің жаңа баспалдақтарына өтетіндіктен, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», деген мақалда да айдай анық  айтылды. Балаларын қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті саналады, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз.  

istockphoto.com

(Фото: istockphoto.com)

Заңнамалық және институционалдық шаралар қолға алынды

Отбасы институтын нығайту және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану, ұрып-соғу әрекетіне қарсы жазаны қатаңдату, тіпті, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және балаларға қатысты қылмыстардың барлық нысандары үшін заңнамалық түзетулер қабылданғаны Қазақстан қоғамына мәлім. Әлеуметтанулық зерттеу деректеріне сүйенсек, 2023 жылы сауалнамаға қатысқандардың 19%-дан астамы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жағдай жақсарды, деп санаса, биыл тамыз айында респонденттердің 21%-ы аталған сұраққа тура осылай жауап берген, яғни, қоғамдық пікір көрсеткішінде оң динамика байқалған. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарды анықтау жағдайлары да артып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, Мәдениет және ақпарат министрлігі ІІМ-мен бірлесіп былтырдан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс жөніндегі жобаны іске асырып жатыр. Жобаның негізгі міндеті – отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыс деңгейін төмендету және отбасылардағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту. Сондай-ақ, отбасылық соттар жанынан «Бақытты отбасы» атты отбасын ресурстық қолдау орталықтары құрылады.

«Отбасын қолдау» орталықтарының саны артады

«Отбасын қолдау» орталықтары мемлекеттік отбасылық саясат шараларын іске асырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау жөніндегі жұмысты үйлестіреді және тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсетеді әрі мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырады. Қазіргі уақытта елімізде жұмыс істейтін «Отбасын қолдау» орталықтары саны 40. Ал
2025 жылдың соңына дейін олардың санын 192-ге дейін арттыру жоспарланған.

Отбасылар саны көбейген

2009 жылғы санақ деректеріне сәйкес республикадағы отбасылар саны 4 022 388 құраса, 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша отбасылар саны 5 578 947 құраған, яғни 10 жыл ішінде 1,5 млн-нан астам санға өсу көрсеткіші байқалған. Ажырасу көрсеткіші де төмендеп, соңғы 5 жылда 48,6%-ға азайған. Сауалнама нәтижелері бойынша отандастарымыздың 95,4% отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанады.