Фото: ЖИ көмегімен жасалған
Бір жолдама, бірнеше кабинет
«Мен МӘМС-ке тұрақты түрде ақша төлеймін. Бірақ ауырып қалған кезде мемлекеттік емханада дер кезінде дәрігерге қаралу өте қиын. Бұрын өзіміз қалаған бейінді маманға тікелей жазыла алатынбыз. Қазір бәрін жалпы тәжірибелік дәрігер (ЖТД) арқылы өткізіп қойған. Ал оған жазылудың өзі кейде екі аптаға созылады. Одан кейін ғана бейінді маманға жолдама аласың, тағы күту керек. Кей жағдайда анализдер мен тексерулерге ұзақ кезек болғандықтан, амалсыз ақылы клиникаға жүгінеміз. Сонда «МӘМС-ке ақша төлеп отырсақ, неге бәрібір ақылы емханаға баруға мәжбүрміз?» деген сұрақ туындайды. Әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарға қиын. Бір жолдама алу үшін бірнеше кабинетке кіруге тура келеді. Уақыт та, жүйке де кетеді. Damumed арқылы жазылу да әрдайым ыңғайлы емес – кейде бос орын болмайды немес жүйе дұрыс істемейді. Дәрігерлердің өзіне де оңай емес екенін түсінеміз. Бірақ қарапайым пациент үшін ең маңыздысы – уақытында көмек алу. Адам ауырғанда апталап кезек күткісі келмейді. Сондықтан көп адам ақылы медицинаға кетуге мәжбүр болып отыр. МӘМС жүйесі шынымен тиімді жұмыс істеуі үшін халық оның нәтижесін сезінуі керек. Ең алдымен дәрігерге жету жеңілдеп, ұзақ кезек мәселесі шешілуі қажет деп ойлаймын», дейді №8 емханада жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауына келіп отырған Балым (аты-жөні өзгертілді) әжей.
Неліктен жолдама тек ЖПД арқылы беріледі?
Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесі отбасылық қағидат пен медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігі негізінде ұйымдастырылған. Бұл жүйеде жалпы практикалық дәрігер (ЖПД) пациент маршрутының негізгі үйлестірушісі болып саналады.
Ведомствоның мәліметінше, ЖПД тек емдеумен ғана айналыспайды. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясында көрсетілетін диагностикалық және мамандандырылған қызметтердің негізді әрі мақсатты түрде тағайындалуын қамтамасыз етеді.
«Жалпы практикалық дәрігер диагнозды клиникалық, зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып қояды. Осыдан кейін ғана пациентті қажетті бейінді маманға ең аз көлемдегі тексерулермен жібереді. Сонымен қатар ЖПД пациенттің жалпы денсаулық жағдайын, қосымша ауруларын және тағайындалған емнің үйлесімділігін кешенді түрде бақылайды», –деп түсіндірді министрлік.
Министрлік динамикалық бақылауда тұрған пациенттер үшін бейінді мамандарға өз бетінше жазылу мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті.
ЖПД қабылдауын қанша уақыт күтуге болады?
Азаматтар арасында жалпы тәжірибелік дәрігерге жазылу үшін бірнеше апта күтуге тура келетіні туралы шағымдар жиі айтылады.
Бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы стандарттарға сәйкес жоспарлы қабылдауды күтудің ең ұзақ мерзімі жеті күнтізбелік күннен аспауға тиіс екенін хабарлады.
«Учаскелік жалпы практикалық дәрігердің жоспарлы қабылдауы алдын ала жазылу арқылы ұйымдастырылады. Нормативтік талаптарға сәйкес қабылдауды күтудің шекті мерзімі жеті күннен аспайды», деп мәлімдеді ведомство.
КТ, МРТ және басқа тексерулерге кезек қанша уақытқа созылады?
Көптеген азаматтарды компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ), ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) және ФГДС сияқты қызметтерге ұзақ күту мәселесі алаңдатады.
Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы нормативтер бойынша мұндай диагностикалық қызметтерді күту мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
«Ақаулар мен бұзушылықтардың бірыңғай сыныптамасына сәйкес көрсетілетін қызметтерді күту ұзақтығы 15 жұмыс күнінен аспауға тиіс», деп хабарлады ведомство.
Қандай жағдайда бейінді маманға тікелей қаралуға болады?
Министрлік қазіргі заңнамада бірқатар жағдайда азаматтардың ЖПД жолдамасынсыз бейінді маманға тікелей жүгінуіне мүмкіндік берілгенін атап өтті.
Олардың қатарында шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, стоматологиялық көмек, дерматовенерологиялық аурулар, акушер-гинеколог қабылдауы, психологиялық және психиатриялық көмек, жастар денсаулық орталықтарына жүгіну, сондай-ақ динамикалық бақылауда тұрған созылмалы аурулар бар.
Сонымен қатар пациенттер сүзгі кабинеттеріне және шұғыл медициналық көмек кабинеттеріне де жолдамасыз жүгіне алады.
Министрлік онкологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда «жасыл дәліз» жүйесі жұмыс істейтінін еске салды.
«Егер медицина қызметкерінде қатерлі ісікке күдік пайда болса, пациент бірден бақылауға алынады. Бұл жағдайда барлық тексерулер мен мамандар қабылдауынан кезексіз өтеді», делінген жауапта.
Медициналық қызметтердің қолжетімділігі қайтсе артады?
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Негізгі бағыттардың бірі – дербес мейіргерлік қабылдауды дамыту. Бұл жалпы практикалық дәрігерлердің жүктемесін азайтуға бағытталған.
«Мейіргерлер созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылауға қатысады, қайталама рецепттер жазады және профилактикалық кеңес береді. Бұл дәрігерлердің уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», деп түсіндірді министрлік.
Сондай-ақ емханаларда кезек күттірмейтін медициналық көмек кабинеттері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, үйге шақыртуларға қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар құрылған.
Министрлік балалар денсаулығын қорғау бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның ішінде педиатриялық қызметті күшейту және балалардағы ауруларды ерте анықтау шаралары бар.
МӘМС жүйесі қандай нәтиже берді?
Министрліктің бағалауынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласының қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерін кеңейткен.
«МӘМС енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі артты. Соның арқасында цифрлық рентген аппараттары, ультрадыбыстық жүйелер мен эндоскопиялық жабдықтар сатып алынды», деп мәлімдеді ведомство.
Министрліктің мәліметінше, бұрын қолжетімділігі шектеулі болған КТ, МРТ, ПТР-тесттер және иммунологиялық зерттеулер бүгінде сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі.
Осылайша министрлік МӘМС жүйесі арқылы медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен технологиялық деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Алайда азаматтар үшін негізгі мәселе – медициналық көмекті уақытылы алу мен кезек күту мерзімін қысқарту болып қала береді.