Дүбірлі аламанды Туризм және спорт министрлігі, «Amanat» партиясы және Спортты қолдау қорының қаржылай демеуімен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына қарайтын «Joryq» федерациясы ұйымдастырды. Этноспорт Олимпиадасы саналатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орай «Қазанат» ипподромының маңында бой көтерген этноауылда жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметке кенелді. Шабандоздарды марапаттау рәсімінде «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек мәдениетімізді насихаттау, ұлттық спортты дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі басты назарында екеніне тоқталды.
«Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қ.Тоқаев Қазақстан Ұлы дала төсіндегі көшпелілер өркениетінің тікелей мұрагері екенін айтты. Өздеріңіз білесіздер, атқа міну мәдениеті қазақ жерінен бастау алады. Бұған осыдан 5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен Ботай қонысы дәлел. Қазіргі таңда түркі халықтары ата-бабамыздан қалған дәстүрді үзбей жалғастырып келеді. Міне, биыл үшінші жыл қатарынан партияның қолдауымен «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны өтті. Бұл іс-шараның ұлттық спортты өркендетумен қатар этнотуризмнің дамуына, бауырлас елдердің мәдени мұрасын насихаттауға тигізер пайдасы орасан», деді Д.Кәрібек.
Сонымен, 5 күнге созылған 500 шақырымдық жорықта Қабардин-Балқар командасы (уақыт: 27:58:23) жеңіске жетті. Олардың ізін ала мәреден өткен Алматы қаласының «Алатау» құрамасына (уақыты: 28:04:40) 2-орын бұйырды. Үштікті Ақтөбе облысының командасы (28:26:57) түйіндеді. Төртінші орын Жетісу облысының спортшыларына (29:39:20), ал бесінші орын Маңғыстау облысының (29:43:40) қыздары жасақтаған «Суын» командасына бұйырды.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан айтулы іс-шара республикалық бәйге-марафонның жылдан-жылға деңгейі өсіп, қатысушы командалардың да саны артқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт қарқынды түрде дамып келеді. Елорда төрінде Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталғанын әйгілейтін «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны мәресіне жетті. Бұл жорыққа еліміздің таңдаулы командаларымен қатар әлемнің әр қиырынан да шабандоздар қатысты. Бұл бірегей бәйге-марафон төрткүл дүниеге қазақ жерінде бастау алған көшпелілердің бай мәдениетін көрсетті», деді И.Салжанов.
Биылғы халықаралық бәйге-марафонда рекордтық көрсеткіш те тіркелді. Мәселен, Қырғызстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалғанымен, алғашқы кезеңде 100 шақырымды 5 сағат 12 минут 23 секундта шауып өтті.
Жалпы, 17 команда қатысып, еліміздің шабандоздары Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу, Қостанай және Көшім тұқымының сәйгүліктерін сынап көрді. Жетісу, Маңғыстау (қыздар), Маңғыстау (ерлер), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола (қыздар), Жамбыл облыстарының және Алматы қаласының команда мүшелері Түркия, Мажарстан, Иран, Оңтүстік Африка Республикасы, Қырғызстан, Ресей Федерациясының құрамына кіретін Татарстан, Қабардин-Балқар, Қарашай-Шеркес республикаларынан қосылған шабандоздармен тартысқа түсті.
Алматы қаласының «Алатау» командасы сапында халықаралық бәйге-марафонға қатысып, жүлделі болған шабандоз Ерсін Алғазыұлы аттарының тасырқап, соңғы кезеңде уақыттан ұтылғанын айтты.
«Алматы қаласынан бес шабандоз қосылдық. Алғашқы үш кезеңде бес атымыз да тың болған еді. Төртінші кезеңде бір ат тастақ жолда тұяғын алдырып, жарыстан шығып қалды. Қорытынды кезеңде екінші атымыз да тасырқап, мәреге үш шабандоз ғана келді. Біз тактикалық тұрғыда қателік жібердік. Өйткені алғашқы кезеңдерде қырғыз командасын өкшелеп қуамыз деп аттарымыздың күшін сарқып алдық. Чемпиондық атақ бұйырмай тұр екен, десе де 2-орын да – аз табыс емес. Мұндай бәйге-марафон жалғасын тапса, әр өңірден күншілік жолға шыдас беретін қазанаттар көптеп шығар еді», деді шабандоз.