Білім • 10 Қыркүйек, 2024

Стипендия иелері анықталды

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 150 отандасымыз «Болашақ» халықаралық стипен­диясының иесі атанды.

Стипендия иелері анықталды

Соның ішінде 120 стипендиат магистратура, 6 азамат докторантура бағ­дар­­ламасымен оқыса, ал қалған 24 адам әлемдегі жетекші оқу орындары мен өндірістік орталығында кә­сіби тағылымдамадан өтеді. Бұл жолы стипендияның үштен екісінің астамы жаратылыстану-техникалық пәндерге бөлінген. Сонымен қатар ­жеңілдік санаты бойынша да 22 адам шетелде білім алады.

Үміткерлердің дені «Harvard Uni­versity», «Imperial College Lon­don», «University of Pennsylvania», «Uni­versity of Melbourne», «Colum­bia University», «Johns Hopkins Uni­versit»y, «University of Bristol» секіл­ді дүние жүзіндегі азуын айға бі­леген университеттерге түскен. Еңді олар ақпараттық технология жү­йесі, жасанды интеллект және кибер­қауіпсіздік, көлік технологиясы мен ло­гистика, қоғамдық денсаулық сақ­тау, неонатология және хирургия, ү­лкен деректерді талдау, құрылыс, гео­лог­ия және тау-кен ісі, металлур­гия, қаржы технологиясы, урбанис­тика және математика саласынан білімі мен біліктілігін жетілдіреді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова аталған орталық әлемдік өлшемдерге сай келетін мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етуде үміткерлерді конкурстық іріктеуге ерекше назар аударатынын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ғылыми тағы­лым­да­ма бойынша сапалы іріктеуді қам­тамасыз ету қажеттігін айтқан еді. Осы бағытта конкурстық іріктеу үдерісі қайта қаралып, үміткер­­лер­ге қойылатын талап күшейді. Орта­лық ғалымдарды қол­дауға арнал­ған бөлек басқарма құр­ды. Бұл бас­қар­ма жеңілдік санаты бойынша әлем­нің жетекші ғы­лыми орталықтары­мен байла­ныс орнатып, тегін шақыр­ту алуға көмектеседі. Осындай іс-шара ғы­лым мен зерттеулерді қолдау жөнін­дегі стратегиялық жоба аясында ға­лымдарды қуаттауға мүмкін­дік береді», деді ол.

Сондай-ақ 33 отандасымыз әлем­нің жетекші ғылыми зерттеу ор­талықтарында, дәлірек айтқанда, «University of Oxford», «King’s College London», «University of California», «Davis, University of Illinois at Urbana-Champaign», «University of Minnesota», «Twin Cities», «CNRS», «University of Sussex», «Technische Universitat Dresden» тағы басқа да танымал жоғары оқу орындары мен ұйымдарда экономиканың аса ма­ңызды салалары бойынша ғылыми тағылымдамадан өтпек.