Экономика • 11 Қыркүйек, 2024

Экономика қайткенде көтеріледі?

93 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономика сегментінде тағдырлас жобаларды жүзеге асыруымыз керектігін жиі айтады. Солардың ішінде металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды қайта өңдеу мен байыту, автомобиль бөлшектері, тыңайтқыштар өндірісі секілді салаларға баса назар аудару қажет.

Экономика қайткенде көтеріледі?

Фотоколлаж – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сарапшылар экономиканы қолдауға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламаны қар­жыландыруды қысқарту керек­ті­гін қашаннан бері айтып жүр. Болашағы бар жобаларға ғана басымдық берілсе, ел ішінде өн­дірілген тауарлар кепіл­ден­ді­ріл­ген нарыққа ие болары анық.

Ресми ақпараттарға қараған­да, биыл қаңтар-шілде айлары аралығында өнеркәсіп өндірісінің индексі машина жасауда 104,7%-ды құраған. Бізде негізінен ше­тел­дік техниканы пайдалану арқылы ірі мұнай қорын игерсе, көптеген елде мұнай өндіру өздерінен шыққан мұнай-газ машина жасау базасының дамуына түрткі болып отыр. Біздегі бұл сала әлі де баяу дамып жатыр. Соңғы уақытта сорғы мен компрессор бөлшектері, кран, вентиль, құбырға арналған арматуралар, цистерналарды өндіру жол­ға қойылды. Таяуда жап­қыш клапан, компрессорлық және гидроциклондық жабдық, бұрандалы айдау жүйесі мен мұнай-газ жабдықтарының өнді­­­рісін кеңейту жүзеге аспақшы.

Кейінгі кезде автомобиль өнеркәсібі қарқын алып, кө­лік құрастырудың күрделі дең­­гейіне көшу танымал ше­тел­дік брендтердің шағын жи­на­ғын шығару жоспарланды. Мемлекеттік қолдау аясында 2027 жылға қарай шағын қон­дыр­ғыларды құрастыру үлесін жалпы өндірістің 50%-ына дейін жеткізу қарастырылған. Автокөлік бөлшектері базасын дамытуда Қостанай мен Алматы қалаларының шағын ин­дустриялық аймақтарында орындық, пластикалық бөл­шек және мультимедиялық жүйе­лер­ді шы­ғару жобалары қолға алынды.

Сонымен қатар бастапқы шикізатты ішкі өңдеуді дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Ірі тау-кен өндіруші компания­лар бастапқы алюминий мен мыс шикізатын отандық өңдеуге мүмкіндік беретін 25 келісімге қол қойды. Өткен жылы алюминийді өңдеу көлемі 51 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%, 2021 жылмен салыстырғанда 70%-ға артық. Осы жылы өңдеуді 72 мың тоннаға дейін жеткізу жос­парда бар көрінеді. Абай облысында өңдеуді ұлғайтуға жылына 300 мың тонна мыс өндіретін мыс балқыту зауытын салу жос­парланған. Мамандар зауыт мыс кеніші мен заманауи мыс балқыту зауытын біріктіретін кластердің бір бөлігіне айналатынын, ең ірі кәсіпорынды іске қосу арқылы 2029 жылға қарай мыс өндіру көлемін 450 мыңнан 750 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланғанын айтады.

Ал болат өнеркәсібі «қайта іске қосылуға» дайындалу үстінде. Қарағандылық алпауыт «Қармет» қазақ игілігіне қайта оралып, болат өндіруді 10 млн тоннаға дейін арттыру арқылы өз қызметін кеңейтуді көздеп отырған жайы бар. Үкімет «Қазақсталь» арнайы мақсаттағы болат өндіру бойынша да жаңа жобаларды қолға алды. Ішкі нарыққа теміржол техникасы, мәселен, локомотив, вагон мен қосымша құрамдас бөліктердің қажеттіліктері уақы­тын­да жеткізілуі тиіс.

Құрылыс индустриясында отандық өндірушілер бүгінгі күні ішкі нарықтың негізгі құрылыс материалдарына, оның ішінде бетонға 100%, цементке 93,7%, құрғақ құрылыс қоспаларына 98,3% қажеттілікті өтеп отыр деуге болады. 2029 жылға дейін 170 жаңа жобаны жүзеге асыру көмегімен санитарлық-техникалық бұйым, еден төсеніші, талшықты цемент панелі, тұсқағаз, керамикалық плитка, қаптау кірпіші, жылу оқшаулағыш, шатыр және қас­беттік материалдар өндірісі құ­ры­лыс саласындағы жергілікті қам­ту үлесін 85%-ға дейін арттыр­мақшы.

Сондай-ақ электр жабдық­та­рын шығаруға да көңіл бөлініп жатыр. Ішкі жалпы өнімдегі бұл өндірістің үлесі тым төмен. Үкімет дайын өнімді жеткізу арқылы ғана емес, сонымен қатар жекелеген тауар ассортиментін жергілікті өндіру арқылы ше­тел­дік өндірушілерден макси­малды табыс алу міндетін қалайды. Сондықтан Саран қаласындағы жұмыс істеп тұрған «Silk Road Electronics» ЖШС кәсіпорны негізінде қытайлық «HKC Cor­poration», оңтүстіккорея­лық «Samsung Electronics» сияқты жаңа инвесторларды тар­ту ар­қылы тұрмыстық техника өнді­рісі құрылды.

Үкімет өңдеуші өнеркәсіптің басым бағыттарында қосылған құны жоғары кластерлерді құ­ру­да ірі жобаларды жүзеге асы­руға кіріскен. Атап айтқанда, металлургия және химия өнеркәсібі, мұнай-химия, автомобиль өнер­кә­сібі және басқа салаларда 17 жоба бар. Бұл бастамалар шикі­зат­ты терең өңдеуге және тұтастай алғанда экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ететін ілеспе салаларды дамытуға бағытталып отыр.