Өнер • 11 Қыркүйек, 2024

«Астана Операның» жаңа маусымы

79 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Арқаға күз келді. Күзбен бірге көңілдерге қуаныш сыйлар мәдени өнер ошақтары да жазғы жемісті демалысынан кейін кезегімен өз шымылдығын түре бастады. «Астана Опера» театрындағы мазмұны мол, түрі бай ұлттық операларымызды айшықтаған «Kazakh Opera Gala» концерті XII театр маусымын ашып отырған ұжымның жаңа маусым­дағы жаңалықтарының жарқын сәті болды десек, артық айтпағанымыз.

«Астана Операның» жаңа маусымы

Маусымашар күнгі театр атмосферасын сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Бұл күні залдан танымал отандық композиторларды, опера сахнасының ардагерлерін, атақты мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ өздеріне классиканы енді ғана ашқан жандарды да байқауға болатын еді. Олар демін ішке тартып, кештің басталуын тағатсыздана күтті. Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» туындысынан симфониялық оркестрдің алғашқы аккордтары естілгенде-ақ көрермендер бірден қазақ даласына, оның дәстүрлері мен түп-тамырына сүңгіп кеткендей қыбыр-сыбыры сап тыйылып, айналада сілтідей тынған тыныштық орнады.

«Kazakh Opera Gala» кон­цер­тінің әрбір нөмірін бағдарлама авторы, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Алан Бөрібаев мұқият зерделепті. Маэстро жа­уынгерлік эпостардан бас­тап лирикалық нөмірлерге де­йін қазақ операсының барлық қы­рын жан-жақты көрсете алды. Мағынасы мол музыка ке­ші­не үнімен шартарапты мо­йын­дат­қан «Астана Опера» труп­па­сы­ның жетекші солистері, сон­дай-ақ әрқашан жоғары деңгей­де өнер көрсететін театрдың сим­фониялық оркестрі қатысты.

пр

«Бұл жоба біздің музыкаға құштар ата-бабамызға, опера­лық мәдениетімізді қалыптас­тыр­ған ұлы тұлғаларға, алғашқы клас­сик композиторларымыз­ға, бірегей құбылыс тудырған қа­зақ операсының негізін қалау­шыларға, сондай-ақ оның беде­лін нығайтқан кейінгі буын өкіл­деріне шексіз құрмет пен зор алғыстың белгісі десек те болады. Композиторларымыз жандыра жазды, жүрекпен жазды және өз музыкасына ең шынайы да жалынды әуендерді қосу­ға, халқының мұң-шерін, бас­тан кешірген орасан көп күйі­нішін бейнелеуге тырысты. Қайталанбас халық нақыштары мен әуендері тамаша оркестрлік орын­дауда ерекше әуелесе, «Құр­ман­ға­зы» операсындағыдай біре­гей дала күйлері екпіндете есе­ді. Ал Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин сынды біргей тұлға­лардың классикалық қа­зақ әде­биетіндегі асқақ бейнелері Ғази­за Жұбанованың өткір драма­лық музыкасында немесе Сы­дық Мұхамеджановтың шынайы ли­рикасында сахналанған кезде терең әсер қалдырды», деп айтулы музыка кеші туралы толған­ған дирижер әрі қарайғы әңгіме­сін де әсерлі жалғады:

«Сондай-ақ аталған концерт ұлт­­тық опера­мызды ұлы компози­тор­­лармен бірлесе құрғандардың бә­рі­не, көптеген шығарманың ал­ғаш­қы орындаушылары болған әрі автор­ларын көзі көрген дири­жер­лер, әншілер, музыканттарға деген сүйіс­пеншілік пен алғыстың кө­рі­­нісі десе де болады. Бұл кеш – опе­­­ра­мыз­дың өзін­дік бет-бейне­сін қа­л­ып­тас­тырған Манарбек Ержанов, Қана­­бек пен Күләш Байсейітовтер, Құрман­бек Жандарбеков, Ғарифол­ла Құр­манғалиев, Әнуарбек Үмбет­баев, Абай Байтоғаев, Ришат пен Мүслім Абдуллиндер, Кәукен Кен­жетаев, Шабал Бейсекова, Бай­ғали Досымжанов, Ермек Сер­кебаев, Роза Жаманова, Эра Епонешни­кова, Бибігүл Төле­ге­нова, Нариман Қаражігітов, Мұрат Мұсабаев, Шора Үмбе­талиев, Рахима Жұбатұро­ва, Хор­лан Қалиламбекова, Әлі­бек Діні­шев сынды сахнамыздың аңыз адамдарының, тарихи пре­мье­ра­лардың алғашқы дири­жер­лері Григорий Столяров, Лео­нид Шар­городский, Ғазиз До­ғашев, Вале­рий Раттер, Тұр­ғыт Османов, Фуат Ман­сұров, Төлеп­берген Әбдірашев және бас­қа да көптеген көрнекті тұлға­лардың шы­­ғармашылығына тағ­­зым кеші. Бұл концерт – өзіміздің түп-тамы­рымызға оралу», деп түйіндеді сөзін Алан Бөрібаев.

пе

Иә, қазақ операсының тамырын сонау XX ғасырдың басынан ала­тын бай тарихы бар. Ахмет Жұ­банов, Латиф Хамиди, Евге­ний Бру­силовский, Мұқан Төлебаев және бас­қа компози­торлар өз дәуірінің мәдени және әлеумет­тік шынды­­ғын бейнелейтін шы­ғармалар жа­зып, қазақ опе­расы­ның бастау алуы мен дамуында шешуші рөл атқарды. Олардың операларында жиі ұшы­расатын халық музыкасының эле­менттері арқылы ұлы дала үні опера сахнасында шарықтады. Ал биыл музыкасүйер қауым жүз­жылды­­ғын атап өтетін Сыдық Мұхамеджа­нов, Ғазиза Жұбанова, Базарбай Жұмания­зов, Еркеғали Рахмадиев сынды ке­йінгі буын композитор­­лары шы­ғармаларының концерт­тік бағ­дар­ламаға енуі ХХ ғасырдың екін­ші жартысындағы қазақ опера­сының даму жолын көрсетті.

Әсем әуен әуелеген тағылым­ды кеште «Астана Опера» сахнасы ұлт­тық опералардың түйіс­кен нүктесі­не айналды, ал онда­ғы ке­йіпкерлер­дің бейнеле­рін да­рынды әртістер жүзе­ге асыр­ды. Олардың қатарында ­Сы­дық Мұха­меджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсынан Ақ­­тоқты­ның ариясымен көрер­мен­дер аудито­рия­сына шыққан Ұлпан Әубәкірова өнері көп көңілін баураса, Талғат Ғалеев Еркеғали Рахмадиевтің аттас операсынан Алпамыстың «Ке­гім бар, кеудем толы-ай ала ал­маған» ариясын таныстырды. Оның интерпретациясында Ал­памыс ерлік пен батылдық бей­несінде кескінделді. Ал Әй­герім Аманжолова Евгений Бру­си­ловскийдің «Ер Тарғын» опера­сынан Ақжүністің әнін кемеліне кел­тіре шырқады. Оркестрдің нақы­шы­на келтіріп орындаған қуатты музыка үні де көрермен­ді оқиғалар­дың қақ ортасында жүр­гендей әсерге бөлеп, ата-баба­ларымыздың айтулы жеңістерін еске салды.

ап

Әрі қарай бағдарлама қа­зақ опера дәстүрлерінің бар бай­­лы­ғын паш еткен ария, дуэт, симфониялық ­туындылар мен увертюралар тіз­бегі­мен жал­ғасты. Әсіресе театр примасы Жұпар Ғабдуллинаның Б.Жұ­маниязовтың «Махамбет» операсынан Зылиқа романсын, Мейір Байнеш пен Бибігүл Жанұзақ­тың М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан айтысты орындаудағы әртістік қабілеттері мен вокалдық шеберліктерін атап өтуіміз қажет. Бұл нөмірлер кез келген кедергіні жеңіп шыға­тын нағыз махаббатты шынайы жеткізе білді.

Көңілді тербеген кеш со­ңын­да тамаша концерттің тыңдар­ман­дарымен аз-кем тілдескен едік. Ұлт­тық музыканың қуаты­на ұйы­ған тыңдарман Омар Кекіл­баев: «Жоға­ры сапада орын­да­­латын мұндай ­концерттер өте сирек өтеді. Бүгінгі оқиға елі­міз­дің ұлы композитор­лық мек­тебіне ­деген құрмет пен тағзымның белгісі десем, артық айт­пағаным. Батыс Еуро­па ком­по­зиторларының шы­ғар­ма­лары­нан құ­ралған гала бағ­дар­ламаларды жиі ұшырас­ты­ру­шы едік, алайда қазақ клас­сик­те­рінің мұндай бай мұрасының бірге жинақталуын алғаш рет көріп тұрмын. Сондықтан біз бүгін өнер көрсетудің ғана емес, сондай-ақ маңызды мәдени оқи­ғаның да куәгері болдық. Ол бізге еліміздің бай музыкалық мұрасын еске салып, оның қазір­гі әлемдегі маңыздылығын атап көрсетеді. Мұн­дай концерттердің өтуі дәстүрге айналады деген сенімдемін. Бұл кеш жас композиторларды қазақ операсы мен симфониялық музыкасының ұлы дәстүрін жалғастыруға жігерлендірді деп ойлаймын», деді әуен кешінен әсерленген Омар.

Ал «Астана Операның» тұ­рақты көрермені Гүлбану Ахме­това біз қойған сауалға қуана тіл қатып, кештен алған әсерін бүкпесіз бөлісті: «Бұл концерт мен үшін тың дүние болды. Бүгін оркестр, хор және солистер – Айзада Қапонова, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай, Жа­нат Шыбықбаев, Бейімбет Таңа­рықов, Расул Жармағамбетов, Сұл­тан Бақытжан, Валерий Сели­ва­нов және тағы басқалары керемет өнер көрсетті. Сенесіз бе, мен ұлттық репертуардың мұншалықты әсерлі әрі қуатты орын­далуын бұрын-соңды есті­меген едім. Маусымның ашылуы керемет болды. «Астана Опера» жаңа маусымда тағы да көптеген жаңалықтар мен музыкалық тосынсыйлар ұсынатынына һәм көрер­менін таңғалдырып, рухани азық сыйлайтынына еш күмән жоқ», деп сөзін түйіндеді тыңдарман.

Кештің әлқиссасы секілді, нүк­тесі де сондай қуатты әрі салтанат­ты екпінде қорытындыланды. Ал­тынбек Әбілда мен Салтанат Мұрат­бекованың және театр хо­ры­ның орындауындағы Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсы­нан шырқаған «Беташары» қазақ хал­қының ру­хани мұрасы мен мәдени құн­дылықтарын бейнеледі. Ал кеш шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» увертюрасымен түрілді. Мұнда оркестр мен хор қа­зақ симфониялық музы­касының бар­­лық қуаты мен әсем­дігін паш етті. Көрермендер тік тұрып қол соқ­­­ты. Тыңдаушы қошеметінен ша­быт алған бас дирижер Алан Бөрі­баев концерт бағдарламасы шең­­бе­рінен шығып, импровизацияға ерік берді. Оның орындауындағы Ес­кен­­дір Хасанғалиевтің «Ата­мекен» әні ­зал­ға жиналған күллі көрер­мен­­­ді рух­тандырды. Толас­сыз со­­ғыл­­ған ша­палақ үні ұзақ уақыт шы­мыл­дықты жапқызбай тұрып алды.