Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • Бүгін, 13:58

Мәулен Әшімбаев: Көшпелілер ойындары – тарихи мұраны дәріптейтін бірегей бастама

23 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында этноауылда өткен жамбы ату сайысының финалдық кезеңіне арнайы барып, қазақ спортшыларына қолдау білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Көшпелілер ойындары – тарихи мұраны дәріптейтін бірегей бастама

Фото: Ерлан Омар

Палата Спикері өз сөзінде Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұлттық спортты және тарихи мұраны дәріптеуде айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Көшпелілер ойындары – ұлттық спорт түрлерін және көшпелі халықтардың тарихи мұрасын дәріптейтін бірегей бастама. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Көшпелілер олимпиадасы деп атаған осындай ауқымды іс-шараны өткізу елімізді танытып, тарихымызды насихаттау тұрғысынан аса маңызды. Бұл жобаны осыдан он жыл бұрын қырғыз ағайындарымыз алғаш рет ұйымдастырған еді. Содан бері көшпелілер ойындары игі дәстүрге айналды. Биыл қазақ елінде өтіп жатқан ойындар ұйымдастыру деңгейі, қатысушы елдердің саны және сайыс аясындағы мәдени бағдарламалардың ауқымы жағынан ерекше екені сөзсіз», деді Мәулен Әшімбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көшпелілер ойындарында спортшылар жамбы атудың төрт түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Нақты айтқанда, олар корея, түрік, мажар және қазақ стилі бойынша бақ сынайды Аталған спорт түрінен 27 елден келген 78 мерген чемпиондық атақты сарапқа салады.

Айта кетейік, жарыстың бірінші күні 8 қыркүйек күні өтті. Алғашқы алтын және қола медальдарды Франция ұлттық құрамасының спортшылары жеңіп алды. Ал «күміс» Моңғолия атлетіне бұйырды. Аталған сында қазақ спортшысы Абзал Тұлыбеков алғашқы бестікке ілігіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Жалпы, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына әлемнің 89 елінен келген 2 800 спортшы қатысып жатыр. Жоба қолға алынғалы бері өткен он жылда алғаш рет барлық құрлықтан қатысушы келді. Олардың арасында ең шалғайда орналасқаны Австралия құрамасы екенін атап өткен жөн. Ойындар аясында ғылыми бағдарлама өткізу де көзделген. Оған 12 елден 75 маман қатысады деп жоспарланып отыр.