Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 12 Қыркүйек, 2024

Асығымыз алшысынан түсті

80 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлем халқы көз тіккен V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының үшінші күнінде тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату мен алыптар сайысында топқа түс­кен оғландар алтыннан алқа тағып, ел абыройын үстем етті. Қоржында – 27 алтын, 14 күміс, 18 қола медаль. Осылайша, ел спортшылары көшпелілер ойындарының көшін бастаса, кейін­гі сатыда 7 алтын алған Қырғызстан, Өзбекстан құрамалары үзеңгілес келеді.

Асығымыз алшысынан түсті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Тоғызқұмалақтан қоржынымызда – 3 алтын

Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары жекелей сындарда алтын, күміс, қола алып, командалық есепте топ бастады. Нақтырақ айтсақ, тоғызқұмалақтан ел намысын қорға­ған спортшылар жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола жүлде еншіледі. Зияткерлік ойын «Думан» қонақүйінде өтті. Спорт­шылар жарысты 9 қыркүйекте, «Тоғыз­құмалақ күнінде» бастап, зияткерлік ойын­ның көрігін қыздырды. Осы күні ойыншылар алғашқы жүрісін 9 тақтадан 9 ұя­шыққа 9 ойын­шы салу арқылы бас­тап кетті. 

Кейінгі бірнеше жылда әлем халқының назарын аударған ойынға қызығатындар көп екен. Мұны «Ұлы дала дүбірінде» тоғызқұмалақтан сайысқа түсуге келген үміткерлердің санынан білу қиын емес. Зияткерлік ойынға қатысуға әлемнің 40 елінен 130 үміткер тіркелген. Оның ішінде Ұлыбритания, Германия, Франция, АҚШ, Латвия, Қытай, Колумбия, Бангладеш, Араб елдерінен, Африка елдерінен жиылған ұшқыр ойлы ойыншылардың әрбірі жүлдеден үмітті болды.

Этноспорт додасының алғашқы күнінен-ақ аламанға тастүйін дайы­н келген елдердің спортшылары суырылып алға шықты. Оның ішінде ұлттық құраманың үздіктері де болды. Бәсекенің екінші күнінде, нақтыласақ, 6-кезеңінде отандастарымыз командалық есепте топ бастап, 23,5 ұпай еншіледі. Ал Қырғызстаннан келген спортшылар 18,5, Моңғолия командасы 18 ұпаймен екінші, үшінші орында қатар келе жатқан еді.

Жарыстың финалдық сынында әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы – алтын, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Ал ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов – алтын, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлде жеңіп, ел мерейін асырды. Ел құрамасы командалық есепте де 1-орын алып, Көшпелілер ойындарының тағы бір алтын жүлдесін иеленді. Командалық есепте қырғызстандықтар екінші орыннан сырғымаса, үшінші орынды Ресей және Моңғолия құрамалары бөлісті. Жүлде алған спортшылардың барлығы – тоғызқұмалақпен бірнеше жыл кәсіби айналысып, елішілік жарыс­тарда топ жарып жүрген мықтылар. Мысалы, зияткерлік ойында күміс жүлде жеңіп алған Аңсаған Қожанәсіп тоғызқұмалақпен 14 жылдан бері үзбей айналысып келеді.

– Көшпелілер ойындарында алтын аламын деп ойладым. Әйткенмен, командалық есепте бірінші орын ел қоржынында қалды. Осы жетіс­тігімізге бек қуаныштымыз. Қазірде тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Осы көшпелілер ойындарында ел намысын қорғау бұйырып, жаһандық бәсекеде сайысқа түскеніме дән ризамын. Тоғызқұмалақ – төрт мың жылдық тарихы бар ұлттық ойынымыз. Қазір интеллектуалды ойынға әлем халықтары да қызығушылығын білдіріп жатыр. Қырғызстан, Моңғолиядан келген спортшылардың аяқ алысына тәнті болдық. Бұл – ұлттық спортымыз дамып жатыр дегеннің дәлелі болса керек. Төл ойынымыз осындай ірі жарыстардың тізімінен түспей, жаһанға таныла берсін деп тілейміз, – дейді Аңсаған Қожанәсіп. 

2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұра тізіміне енсе, 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шеші­мімен 9 қыркүйек тоғызқұмалақ күні болып бекітілген. Бүгінде әлемнің 50-ден аса елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы жүздеген мемлекеттің тұрғындары түрлі сайысқа қатысады. Осыған дейін өткен 6 әлем чемпионатына 25-30 елден ойыншы қатысқан. Жаһанға танымал зияткерлік ойындардың сайтында да тоғызқұмалақ көш басында тұр. Ойынның осы түрімен елімізде 210 мыңнан астам адам тұрақты айналысады. Осы ақпаратқа сүйенсек, отандастардың көшпелілер ойынында тоғызқұмалақтан көш бастауы заңды деп айтуға болатындай.

 

Асық спортынан бәсіміз жоғары

Күні кеше тоғызқұмалақтан алтын олжалаған спортшылардың жеңісті жорығын бес асықтан қыздар құрамасы жалғап, олар да Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарының жеңімпазы атанды. Бұған дейін қыздар А тобында қарсылас шақ келтірмей, ақтық сынға бірінші орынмен жолдама алған еді. Топта олар Қырғызстан, Мажарстан, Швеция, Румыния құрамаларынан басым болды. Аруларымыз финалда Ресей спортшыларымен түйісіп, отандастардың асығы алшысынан түсті. «Алау» кешенінде өткен финалдық кездесуде қыздар қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Бес асықтан ел намысын қорғаған спортшылардың ішінде Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер, Көгершін Думан сынды арулар болды.

гн

Асық атудан ерлер құрамасы да ә дегеннен жарысты сәтті бастап, А тобында қарсылас шақ келтірмеді. Мұнда Нұрғиса Молжігітов, Жомарт Нұр­ланов, Керім Жаздықбай, Аман­дос Айткұлов төрттігі шаршы топқа шықты. Топтан бірінші орынмен суырылып шыққан спортшылар фи­налдық бәсекеге тікелей жолдама алды. Алғашқы айналымдарда отан­дастырымызға Өзбекстан, Испа­ния, Грузия, Мажарстан және Моңғолия құрамаларының мықтылары тегеурін таныта алмады. Жігіттер алтын медаль үшін болған тартысты кездесуде Қырғызстан спортшыларымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңді. Сөйтіп, асық атудан ерлер құрамасы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ең жоғары тұғырына көтерілді.

 

Алып күш иесі – Азамат

Этноауылда өткен powerful nomad алыптар сайысында Азамат Мақұл­беков чемпион атанып, көк Туымызды желбіретті. Абсолют салмақ дәрежесінде сынға түскен толағайлар бес сайыстан білек күшін сынады.

ке

Алдымен 100 кг тас­ты құшағына қыса көтеріп, 10 метрге жүруден шеберлік сынасты. Одан кейін 100 кг тартатын қапты көтеріп отырып тұрудан додаға түсті. Салмағы 10 кг найзаны 10 метр қашық тұрған ны­санаға лақтырудан сайысты. 16 мемлекеттен жиналған атан жілік, апай төс алыптар 130 килолық жуан бөренені де бұйым құрлы көрместен иығына салып көтерді. Бірақ оларға үстінде 200 кг тартатын жүгі бар арбаны құм үстінде сүйреу оңайға соққан жоқ.

Алыптар сайысының күміс жүлдесі ирандық Жейтаси Резаға, қола медаль ресейлік  Денис Вагаповқа бұйырды. 

Соңғы жаңалықтар